ЭЛЕКТРОНДЫҚ КЕЗЕКТІҢ ТИІМДІЛІГІ

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 354
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Баймулдинов «Алакөл» және «Нұр Жолы» кеден бекеттерінде тасымалдаушылар, автокөлік құралдарының жүргізушілері үшін электронды кезек жүйесінің іске асырылу барысы туралы айтып берді.

– Нұрлан Әділханұлы, электронды кезек жүйесін іске асыру қандай негізде енгізілді?     
– Электронды кезек жүйесін енгізу мәселесі өткен жылдың 20 қазанында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапарының қорытындысы бойынша айтылды. Оны енгізу ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысуымен өткен кеңестің хаттамасына сәйкес іске асырылды. Атап айтқанда, электронды кезек «Алакөл» кеден бекетінде 2022 жылғы 23 қарашада «Qoldau» платформасының «CarGoRuqsat» жүйесін пайдалана отырып, сондай-ақ «Нұр Жолы» кеден бекетінде 2022 жылғы 10 наурызда «Е border» платформасында енгізіліп, сол жылдың 31 наурызында «CarGoRuqsat» жүйесіне одан әрі синхрондалды. 
– Электронды кезекті енгізудің қандай артықшылықтары бар?
– Электронды кезек барлық тасымалдаушыға ашық және қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттік шекара арқылы автокөлік құралдарының ыңғайлы өтуін және мемлекеттік органдар қызметіне деген сенімділікті арттырады. Тасымалдаушылар мен көлік жүргізушілер өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, кезек қозғалысы туралы мәліметтерді ескере отырып, белгіленген күнде өткізу пунктіне келеді. Сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмайды және лауазымды тұлғалардың осы үдеріске қатысуын барынша азайтады.
– Электронды кезекті бақылау және оның жұмыс істеуін қандай орган жүзеге асырады, осы кезек арқылы «Алакөл» және «Нұр Жолы» кеден бекеттерінде мемлекеттік шекараны қанша көлік кесіп өтті? 
– Уақытша кестеге сәйкес кіру тәртібін бақылауды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады. Электронды кезектің жұмыс істеуін «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылдың 15 наурызындағы жағдай бойынша «Алакөл» кеден бекеті арқылы электронды кезек жүйесімен 4 931, ал «Нұр Жолы» кеден бекеті арқылы 8 925 автокөлік құралдары өтті. 
– Электронды кезек жүйесінде қанша пайдаланушы тіркелді және  кезекке неше орын брондалды? 
– Қазіргі уақытта электронды кезек жүйесінде 11 854 пайдаланушы тіркеліп, 44 634 орынға тапсырыс берілді. 
Айта кетейік, «CarGoRuqsat» электронды кезек сервисінің  міндеті тасымалдаушыларға алдын ала кезек алу мүмкіндігін ұсыну және бұл кезекті жария ету. Бұл жүк көліктерінің кеден бекеттері арқылы өту үдерісін жеңілдетеді. Броньдау кезеңінде-ақ тасымалдаушылардың форматтық-логикалық бақылаудан өтуі есебінен жүзеге асырылады. Жүйе өтініш берушінің салықтар және ақылы жолдардан жүргені бойынша қарыздардың бар-жоғын, тартқыш пен тіркеменің тіркеуден өткенін тексереді. Сервистің екінші міндеті – шекарадағы кезекке қатысты заңсыз қитұрқы әрекеттердің жолын кеседі.
– Рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Айгүл БАЙБОСЫНОВА