«ӘР АЗАМАТ САЙЛАУҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУҒА ТИІС»

Уақыты: 19.03.2023
Оқылды: 455
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елдегі барлық қоғамдық-саяси іс-шараларға асқан жауапкершілікпен қарайтын текелілік кәсіпкер, «Алма-Дария» шаруа қожалығының жетекшісі, Текелі қаласының Құрметті азаматы Бақыт Сарбасұлы Шалбаев алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері, металлург мамандығы бойынша тәмамдаған Б.Шалбаев Текелі қорғасын-мырыш комбинатында еңбек жолын бастады, тәжірибе байытты, әрдайым жаңа бастамалардың тізгінін ұстады. Қазақстанның әр аймағында тау-кен өндірісі саласында қызмет етті. Текелі кенді қайта өңдеу кешенінде директор бола жүріп, тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі алғашқы домна пешін Текеліде салып, шойын өндірісін іске қосуға бар қажыр-қайратын арнады. Бақыт Сарбасұлы Текелі қалалық Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы және облыстық Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі ретінде орта және шағын бизнестің дамуына үлес қосып келеді. «Туған елімнің отаншыл, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын сайлау сияқты ауқымда да өте маңызды іске бей-жай қарай алмаймын. Әр азамат сайлауға жауапкершілікпен қарауға тиіс. Өзім Қазақстанның бет-беделін әлемге танытып, ел ішіндегі татулық-бірлік пен тыныштықтың тұтқасы бола алады деп сенген кандидатқа даусымды бердім», – деді Бақыт Сарбасұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"