ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС 6 ТӘРТІПТІК ЖАЗА БЕРДІ

Уақыты: 26.03.2023
Оқылды: 942
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын, былтырғы конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғанын атап өтті.

Әрдайым қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейінің жоғары болуына баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап берген Президенттің бұл бастамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қоғам тарапынан қолдау тауып келеді. Сонымен бірге, былтыр Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өз кезегінде  мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен өзара іс-қимыл жасауын жеңілдетеді. Мемлекет басшысының ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін толыққанды стратегиялық HR-институт етіп қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар ұсыныстар мен тәсілдер әзірленді. Соған сай агенттіктің рөлі және оның мемлекеттік органдармен өзара қатынасы өзгеріп, қадағалау назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысады. Осылайша мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғайып, мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырылады. Яғни, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар мен құзыреттер, оларды бағалау және оқыту жүйелерін және Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады.
Мемлекеттік қызмет – халық пен билік арасындағы көпір ретінде қоғам тарапынан артылатын үлкен сенімді білдіреді. Сенім үдесінен шығу – заман талабы. Қазіргі уақытта мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру және кемшіліксіз қызмет көрсету үрдісін дамыту мақсатында біршама маңызды жобалар іске асып, әр саладағы қатынастарды анықтайтын заңдар қабылдануда. Бұл қадам мемлекеттік қызметке деген сенімді арттыруға бағытталған және ашықтық қағидатын қамтамасыз етудің айқын көрінісі.
Президенттің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес былтыр Жетісу облысы Алматы облысының құрамынан бөлінді. Жаңа облыстың пайда болуымен облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен мекемелер қайта құрылды. Тиісті әкімшілік-ұйымдастырушылық шаралармен байланысты құжаттар қабылданып, облыста мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамы жасақталды. Осыған орай Жетісу облысында мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы функцияларды іске асыру, осы бағыттағы агенттіктің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ, стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, бүгінгі күні Жетісу облысында мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3538 бірлік. Оның 1819 бірлігі жергілікті атқарушы органдарға, 1719 бірлік орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі. Облыста мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 50,4%, оның ішінде басшылық лауазымдарда 26% әйел азаматтар еңбек етуде. Мемлекеттік қызметтегі жоғары білімді қызметшілердің үлесі – 92,3%. Сондай-ақ, облыста «Болашақ» бағдарламасының 2 түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 6 түлегі еңбек етеді. Президенттік жастар кадр резервінен 1 азамат басшылық лауазымға тағайындалды.
Қызметшінің жеке сіңірген еңбегін бағалай отырып қызмет бабында ілгерілетуге негізделген меритократия қағидатын қатаң сақтау басты назарда. Былтыр жергілікті атқарушы органдармен өткізілген ішкі конкурстар нәтижесінде жеңімпаз атанған 74 қызметшінің 51-і жоғары лауазымға тағайындалды.
Қолданыстағы заңнамаларда мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу талабы бекітілген. Заң талаптарына сәйкес былтыр облыстағы 509 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтті.
Мемлекеттік қызметке алғаш келген азаматтар алғашқы 3 ай ішінде сынақ мерзімінен өтеді. Осы уақыт аралығында олардың қызметке бейімделуі үшін тәжірибесі мол қызметкерлердің ішінен тәлімгер бекітіледі. Тәлімгер жас маманның жаңа қызметке бейімделуіне, ұйымның қоғамдық жұмыстарына араласуына жәрдем беріп, міндетін меңгеруге көмектеседі. Өткен жылы облыста мемлекеттік қызметке келген 108 жас маманға тәлімгерлер бекітіліп, барлығы қойылған сынақ мерзімінен сәтті өтті.
Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдары жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 295 түрін көрсетеді. Оның ішінде 276 қызмет түрі «Электрондық үкімет» порталы арқылы, 12 қызмет мемлекеттік корпорация арқылы, ал 7 қызмет тікелей мемлекеттік органдар арқылы ұсынылады. Былтыр көрсетілген 1 516 207 қызметтің 1 430 694-і «электронды түрде, 9 672 қызмет қағаз түрінде, яғни қызмет берушіге тікелей жүгіну арқылы, 60 753 қызмет мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаменті аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп ұйымдастырған 987 түсіндіру іс-шараларына 230 мың адам қатысты. Осыған орай 8 мыңнан астам көрнекі материалдар таратылып, телеарнада 13 репортаж, мемлекеттік қызметтерді насихаттайтын 27 бейнеүзік түсірілді. Мерзімді баспасөзде 94 ақпараттық материал жарияланды. Одан бөлек, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты қызметшілерге арналаған «Ең алдымен адамдар» арнайы бағдарламасы бойынша 45 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтті. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарында 38 қоғамдық қабылдау жүргізілді.
Өңірдегі уәкілетті орган ретінде департамент мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың бұзылмауына, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауына, азаматтардың мемлекеттік қызметші әрекетіне қатысты шағымдарына, қабылдаған шешімдерге қатысты заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді. Мысалы, былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысында қаралған 22 мәселенің 11-і тәртіптік іс. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен мемлекеттік орган басшылары Әдеп кодексі талаптарының бұзылуына байланысты 4 тәртіптік жазаны қолданып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін 6 тәртіптік жаза берді. Әдеп жөніндегі кеңес жолдаған 138 ұсынымның барлығы орындалды.
Жетісу облыстық департаменті әдеп кодексінің нормаларын, қашықтықтан және аралас режимді, жұмыстың икемді кестесін енгізу, еңбек заңнамасын қатаң сақтау, оның ішінде үстеме жұмысқа негізсіз тартуға жол бермеу сынды мәселелерге қатысты түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осылайша, былтыр 50 мемлекеттік органға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебінің шынайы ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына сүйенетіні түсіндірілді. Облыс әкімдігінің жанындағы Әдеп жөніндегі уәкіл мен Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері ауылдық және аудандық деңгейдегі еңбек ұжымдарымен 7 кездесу өткізіп, жеке қабылдау ұйымдастырды.
Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі дамудың бірнеше кезеңінен өтіп, өзіндік моделін қалыптастырып келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар қызметіндегі тиімділік, нәтижелілік, ашықтық, азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы, мемлекеттiк қызметке кiрудiң ерiктiлiгi сияқты қағидаттарды қамтитын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңы саладағы құқықтық қатынастарды реттейді. Бір айта кетерлігі, уақыт талабына сай заң нормалары жетілдіріліп, өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Өзгерістер заңның практикалық қолданылуы мен дамыған елдердің тәжірибелерін зерделеу нәтижесінде орын алатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп ерекше атап өткен болатын.
Расында мемлекеттің ұлттық идеясы мен саясатын дамытатын  мемлекеттік қызметші елдің басты тірегі. Сол себепті, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында күш-қайратымызды жұмсап, абыроймен қызмет ету мерейлі міндет саналады. Ал, мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің орын алуында әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі бар.

Қобылан Манап,
ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық 
департаментінің басшысы