ТІЛІ ЖОЙЫЛҒАН ҰЛТ – МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНЕН АЙЫРЫЛАДЫ

Уақыты: 26.03.2023
Оқылды: 436
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өркенді кезеңге қадам басқан тұсында дамудың тетіктеріне кедергі келтіретін әдеттерді көріп қаламыз. Тіпті, ондай қадамдар ұлттық болмысымызды іштен тежейтіндей әсер қалдырады.

Әр мемлекетті құраушы халықтың өз тілі, діні, ділі, дүниетанымы, ұлттық болмысы болатыны анық. Осылардың басында тіл бекерден-бекер тұрған жоқ. Себебі, тілі жойылған ұлт – мемлекеттілігінен айырылады. Қазіргі әлемдік геосаяси жағдайды қалыптастырған тарихқа көз жүгіртсек, жерінен, елінен айырылған халықтардың ұлттық болмысы жоғалғанын байқауға болады. Ол бөлек тақырып. Сондықтан оған тоқталмай-ақ, өзіміз күнделікті көріп жүрген жайттарды әңгімелейін.

Талдықорған қаласында күнделікті орын алатын қылмысты ашуға өтініш жазушылардың басым бөлігі арыз-шағымды мемлекеттік тілде толтырудың орнына ресми тілге жүгініп жатады. Шынында орыс тілін жетік білмегені былай тұрсын, кейбірі екі сөздің басын құ-рап айта да алмайды. Сонда да көргені мен білгенін өзге тілде жазуға құмар. Сөйтсек, іс қағаздарын толтырудың аздаған ауыртпалығына байланысты адвокаттар қорғаушысын ресми тілге көндіреді. Әрине, қай тілді таңдау әркімнің өз еркі. Дегенмен, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына бәріміз үлес қосуға міндетті екенімізді ұмытып кететініміз өкінішті. Сол себепті талап-тілекті алдымен мемлекеттік тілде жазу, баршаға жеткізу ортақ екендігін естен шығармауымыз керек-ақ.

Негізі бұл туралы тұрақты айтылып келеді. Бірақ нәтиже аз. Соған қарап, өзгерісті отбасынан бастау, әр баланы кішкентайынан ана тілінде тәрбиелеу қажеттігін ұғынамыз. Расында баланың санасына ұлттық дүниетанымды бесігінде сіңірмесе, есейе келе мүлде кірмейтінін көріп, байқап жүрміз. Әсіресе, қазіргідей технологиялық бағдарламалар қалта телефонынан кең дүниедей ашылған кезеңде, Ютуб, Тик-Ток секілді әлеумет-тік желілер тізбектеле мәлімет таратқан тұста өскелең ұрпақтың тәрбиесіне сақ болғанымыз жөн. Ондағы өзге тілде сайраған әрбір мультфильм мен бейнеүзікке үздіккен бала ана тілін қайдан білсін?! Оған оң мен солын ажыратпаған жеткіншек емес, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді көксеген әке-шеше кінәлі. Соған қарамастан көбіне өткен шақты кінәлау, Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілге басымдық бермеген Үкіметті айыптау басым. Жарайды, өткен өтті делік, жаңа дәуір келді ғой. Енді неге өзгермеске, неге алға ұмтылмасқа?! Қалай болғанда да Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін өсіретін өзіміз. Оған өзге мемлекеттер мүдделі емес. Керісінше, қазіргідей жаһандану үрдісіне кіріскен тұста әркім өз тілінің жайына алаңдаулы. Сондықтан ойланайық, ағайын!

Думан ДОШКЕЕВ,
Талдықорған қалалық мамандандырылған тергеу сотының судьясы