"Тегін темекі таратқан болатын": Әскер сапына алынған сарбаздың қызықты оқиғасы

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 735
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргідей әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған тұста еліміздің қорғанысын бекіту, әскер құрамын ұлғайту қажет-ақ. Осы мақсатта денсаулығы жарамды жастарды әскерге алу шарасы Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес тұрақты жүріп келеді. Соған қарамастан әрбір өңірдегі әскери бөлімдерде көпшілікті алаңдатқан келеңсіз оқиға – жас сарбаздардың өлімі орын алып жатқаны да жасырын емес.

Осыған орай Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылындағы №12740 әскери бөлімнің мамандары мерзімді әскерге алынған жауынгерлердің бір күндік өмірін таныстыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырды. Бізді күтіп алған Сарыөзек гарнизонының баспасөз қызметінің бастығы, майор Абзал Сартаев еліміздің әр өңірінен келген жауынгерлермен ашық әңгіме жүргізуге мүмкіндік берді.

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылының тумасы Сұлтанбек Тілестің әскерге алынғанына 6 ай болыпты. Осы уақыт ішінде жақын дос, тәлімгер ұстаз тапқан жас жігіт дүниеге деген көзқарасы өзгергенін айтады.

– Әскерге дейін ойым басқа-тұғын. Мұнда келгеннен кейін әскер туралы ойым түбегейлі өзгерді. Қорқатын түгі жоқ. Керісінше, адам өмірінің айтулы бір кезеңі деуге болады. Қазір жастарды кей ретте күштеп әкеліп жатыр. Шынында ешқандай қиналмай-ақ келе беруге болады. Әлімжеттік жасау, ұрып-соғу деген мұнда жоқ. 6 айдың ішінде ондай нәрсені өз басым көрмедім. Былайша айтқанда, өзіне қол жұмсайтындай зорлық болған жоқ, – деген Сұлтанбек Бақытбекұлы замандастарын әскерге келуге шақырды. – Бәрі өзіңе байланысты. Әрине, әскери өмірдің өз ауыртпалығы бар. Оны кез келген ер адам көтере алады. Ондай қиындық бозбала жігітті нағыз еркек етіп шыңдайды. Жыл өткен сайын әскер жақсарып келеді. Жауынгерлік дайындық, білім жағынан өзіңді жақсы көрсетсең, үздік баға алсаң, әскерден соң жоғары оқу орнына тегін түсуге мүмкіндік беріледі. Яғни, мектептен кейін әскерге алынған жас жігіт 1 жылдың ішінде шыңдалып, дайындығын жетілдірген соң қалаған оқуына түсе алады. Сондықтан әскерге жарамды азаматтарды азаматтық борышын өтеуге шақырамын.

Ең беделді гарнизон

Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлімнің тарихы терең. 1945 жылы №372-ші Қызыл тулы мотоатқыштар дивизиясының құрамында №21-ші жеке танк батальоны болып құрылған. 1955 жылы батальон №301-ші танкілік полк мәртебесін иеленеді. Кейіннен 1966 жылы Сарыөзек ауылына көшірілген гарнизон еліміздің Қарулы Күштерінде ең беделді әскери гарнизон     
болып саналады. 

Таңғы 6.30-да ұйқыдан тұратын сарбаздар алдымен таңғы жаттығу жасап, белгілі бір қашықтыққа жүгіріп келеді. Сосын төсегін қыр шығарып, мұқият жинаған жауынгерлер жуынып, тазаланғаннан соң сапқа тұрып, асханаға кезекпен кіреді. Әрбір минутты тиімді пайдалануға үйрететін әскери тәртіп, таңғы астан соң сарбаздарды плацта саппен жүруге баулиды. Сосын аптасына 2 рет – дүйсенбі, жұма күндері мемлекеттік құқықтық дайындық сабағы өтеді. Онда елімізді қорғау жолында ерлік көрсеткен батыр бабалардың өмір жолы, әскери шешімдері мен ұрыс жүргізу тәсілдері таныстырылып, қазіргі әлемде орын алып жатқан оқиғалардың себеп-салдары, залал-зардабы, басқыншылық пен Отан қорғаудың айырмашылығы сынды тақырыптар талқыланады. Бұдан кейін түскі ас. Тамақтан кейін телебағдарламаларды тамашалауға немесе газет-журнал, кітап оқуға уақыт беріледі. Одан соң әрбір рота өзіне тиесілі бағыт бойынша дайындықты пысықтайды.

Мысалы, түркістандық Сұлтанбек Бақытбекұлы «Д-30» маркалы зеңбіректің нысана көздеушісі ретінде теориялық білімін жетілдіреді. Осылайша 2-3 сағатты әскери техниканың тілін меңгеруге жұмсаған сарбаздар етігі мен сырт киімін тазалап, кешкі асқа барады. Мұнан кейін киімнің жағасына салынатын ақ матаны ауыстырып тігу үшін инеге жіп сабақтайтын жауынгерлер сағат 20.30-да теледидардың алдына жиналады. Еліміздегі жаңалықтармен танысқан соң өзара пікір алмасып, көркем фильм тамашалайды. Түнгі тексерістен соң 22.30-да казармада кезекшілерден басқа жан бұйрықпен жаппай ұйқыға кетеді. Осылайша бір күнді түйіндеген жауынгер темірдей тәртіпке үйреніп, әскери өмірдің ширатар, шынықтырар әдетін меңгереді. Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды»  –  деген сөзі осыны меңзесе керек.

Тағы айта кететіні, жауынгерлер сенбі, жексенбі күндері ата-аналары, бауырларымен телефон арқылы сөйлесіп, бейнебайланыспен жүздеседі. Сұлтанбектің сөзін қатарластары Нұрсұлтан Аманжол, Әлішер Секренов, Рахман Елемес те растап, өз басынан өткерген оқиғаларын әңгімелеп берді.

– Сарыөзектің сызды ауа райы солтүстіктің аязынан да қатты болатынын сезінгенде таңғалдым. Мен өзім Ақмола облысының Астрахань ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылынан келдім. Алғашында температура төмен болғанына қарамастан сүйектен өтетін ызғар соғатынын ұқтым. №1 шабуылдаушы батальонда қызмет ететіндіктен көбіне полигонда жүреміз, дүйсенбіден жұмаға дейін палаткада жатамыз. Сонда байқағаным, Жетісудың дымқыл ауасы солтүстіктің құрғақ аязынан суық болады екен. Яғни, Күреңбелдің 20 градус аязы солтүстіктің 30 градусындай сезіледі, – деген Нұрсұлтан Аманжол өзінің әскерге қалай келгенін майын тамыза әңгімеледі. – Өз басым әскерге кешігіп келдім. 2000-шы жылғымын. Қазір 2004-ші жылғылармен борышымды өтеп жатырмын. Оған Астанадағы Еуразия университетін геодезист мамандығы бойынша бітіруім себеп болды. Диплом алған соң жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, 1 жыл жұмыс істедім. Бір күні үйге келе жатып, жолай дүкенге кіргенмін. Азық-түлік дүкенінде екі кісі тұр екен. Солар ЖСН-ымды сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, оның үстіне соның алдында ЖСН-ды айтқан адамға тегін темекі таратқан болатын. Сол есіме түсіп айта салдым. Әлгі екі кісінің біреуі планшетін ашып, менің деректерімді қарады да: «Біз әскери комиссариаттанбыз. Ешқандай есепте жоқ екенсіз. Бізбен бірге жүресіз!» – деп әскерге алып кете барды. Сөйтіп, дәм тартып Жетісудың төрінен бір-ақ шықтық. Содан бері, міне, 1 жыл зу ете қалды. 40 күннен кейін үйге қайтамын бұйырса. Әскери ант қабылдағаннан кейін 100 күн өткен соң кететін кезімді санай бастадым. Әскерге келгенімді алғаш мылтық атқанда ұғындым. Оқ-дәрінің иісі бұрқ ете қалғанда алған әсерім ерекше болды. Сол күндерді қазір күліп еске аламыз. Осылай деген жігіттер бұдан соң полигонға барып, граната лақтыру, «Калашников» автоматын ату, танкімен шабуылдау сынды жаттығуларын қайталады.

№12740 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрғали Ақылбаевтың айтуынша, әскери бөлімде 1500-ден астам әскери қызметкер бар. Олардың 600-ден астамы жылына 2 рет, жаз бен күзде шақырылып, азаматтық борышын өтеп жатқан мерзімді әскери қызметкер. Қалған мыңға жуық әскериді офицерлер мен келісімшартпен жұмыс істейтін мамандар құрайды.

Қазір жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру ісі жолға қойылған. Соған орай әскери бөлімнің мамандары Кербұлақ ауданындағы орта мектептерге арнайы барып, кездесулер ұйымдастырады. Онда отаншылдық пен туған жерді қорғаудың маңыздылығы түсіндіріліп, азаматтық борышын өтеп, әскери қызметтен өткен жастардың жоғары оқу орындарына түсетіні айтылады.

– Бұл шешім Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарымен жасалған меморандум негізінде қолға алынуда. Міне, осындай жұмыстардың арқасында елімізді қорғау ісіне құштарлық танытып отырған жастардың қатары көбейген, – деген подполковник Нұрғали Ақылбаев гарнизонның ерекшелігін атап өтті. – Сонымен қатар, аудан мектептеріндегі 10-11-сынып оқушылары №12740 әскери бөліміне арнайы келіп, әскери өмірмен танысып тұрады. Жақында ғана Ашық есік күніне келген «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің оқушылары казармаға кіріп, жауынгерлердің жатар орнын, асханасын, дайындық сабақтары өтетін кабинеттерді, қару-жарақты, құрал-жабдықты, әскери техника мен транспортты тамашалады. Бізге келетін жастардың басым бөлігінің бойынан отансүйгіштікті, әскери өмірге деген құлшыныс пен талпынысты байқауға болады. Тіпті, азаматтық борышын атқаруға деген ұмтылыстары ерекше.

Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлімнің тарихы терең. 1945 жылы №372-ші Қызыл тулы мотоатқыштар дивизиясының құрамында №21-ші жеке танк батальоны болып құрылған. 1955 жылы батальон №301-ші танкілік полк мәртебесін иеленеді. Кейіннен 1966 жылы Сарыөзек ауылына көшірілген гарнизон еліміздің Қарулы Күштерінде ең беделді әскери гарнизон саналады. Жауынгерлік тапсырмасы бойынша бетке тұтар бригаданың бірі. Гарнизонда барлық жағдай жасалған, әскерилер тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жалақысы жоғары. Сондықтан азаматтарды әскерге келісімшартпен қызмет етуге шақырады.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Кербұлақ ауданы