"Ақши демалыс аймағындағы пайдаланылмай жатқан жер иесінен мәжбүрлеп алынды": Аудан әкімінің сұхбаты

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 600
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Баспасөзге жазылудың екінші жартыжылдығы басталды. Осыған орай газет тілшілерінің ел ішіне барып, ел жаңалықтарын өз құлағымен естіп, бұқараның өтінішін  билікке жеткізіп, халық арасындағы басқа да мәселелерге құлақ түріп, тарих пен руханият, сырлы әңгіме, тасада қалған таланттарды іздеп,  ойлы оқырманмен жүздесіп, рухани әңгіме өрбітуі  дәстүрге айналған.

Міне, «Jetіsý» газетінің тілшілері бұл жолғы сапарын айдынды Алакөл ауданынан бастады. Елмен, ел тізгінін ұстаған басшылармен әңгіме тиегін ағытып, аудан әкімі Алмас Абдиновпен сұхбаттасып қайтқан еді. Бұл жолы облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданына жасаған жұмыс сапарында көтерілген мәселелер мен тапсырған міндеттердің орындалу барысына куә болдық. Аталған мәселеге аудан әкімімен болған әңгімеде кеңінен тоқталып, сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн санаймыз. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты тапсырмаларының бірі – елді мекендердегі жер мәселесі. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданына жасаған жұмыс сапарында жерге қатысты бірқатар тапсырма жүктеген еді. Өткен жылы ауданда 25 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 27 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болса, жыл басынан бері қанша жер ауыл шаруашылығымен айналысам деген тұрғындарға берілді? 
– Өңір бойынша бүгінгі  танда   жалпы көлемі 15 442,0 га жер учаскесі аудан жер қорына қайтарылды. Мәселен, «Тау Самал ЛТД» ЖШС-на тиесілі ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Көлбай ауылдық округінің жерінен бекітіліп берілген жалпы көлемі 434,0 га жер учаскесінің ішінен көлемі 40,0 га жер №2 аудандық сотының  2023 жылғы  27 наурыздағы №3334-23-00-2/53 шешімімен қайтарылды. Сонымен қатар, «Тастау-S» ЖШС-на  ауданның жер қоры жерінен ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін бекітіліп берілген жалпы көлемі 15000,0 га жер учаскесінің ішінен көлемі 12400,0 га жер учаскесі сот шешімімен қайтарып алынды. Сондай-ақ, «Голден Кропс» ЖШС-нің де  ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жалпы көлемі 1000,0 га жер учаскесі  сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтты.
Аталған сауал бойынша Р. Айманбетовке шаруа қожалығын жүргізу үшін Ақтүбек ауылдық округінің жерінен бекітіліп берілген жалпы көлемі 1920,0 га жер учаскесі, А. Серікбаевқа шаруа қожалығын жүргізу үшін Достық ауылдық округінің жерінен бекітіліп берілген жалпы көлемі 82,0 га жер учаскесі  сот шешімімен қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бекітіп беру  бойынша ҚР  Жер кодексінің 48 бабына сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi сауда-саттықтар (конкурс, аукцион) арқылы беріледі. Аудан көлемінде 2022 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша  2 конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 254,0 га жер  учаскесі 29 жер пайдаланушыға берілген. Ағымдағы жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша конкурс өткізу жоспарланды. 
– Жетісу облысы бойынша қант қызылшасын өсіру басты талаптардың бірі. Соңғы жылдары Алакөл ауданында қант қызылшасын өсіруге ниет білдірушілер жоқ. Биылға 500 га қант қызылшасын өсіру жоспарға қойылды деген еді. Осы тарапта қанша шаруашылық ниет білдіріп отыр, олар тұқым, тыңайтқыш, техникамен қамтамасыз етілді ме? 
– Алакөл ауданына қант қызылшасын себу бойынша 500 гектар жер жоспарланған. «Алакөл Агро» ЖШС қант қызылшасы себілетін арнайы 30 гектар жерге 5 тонна аммофос тыңайтқышын қолданды. Бүгінгі күнге  500  гектарға қант қызылшасының тұқымын себу қамтамасыз етілді. 
Қант қызылшасын себу бойынша 24 шаруа қожалық ниет білдірді. Олар қант қызылшасын себу үшін гектарына 100 мың теңгеден төленетін (ВПР) өтініштерін Көксу зауытына жолдады. Алдағы уақытта Көксу зауытымен арнайы келісімшартқа отыратын болады.
Қант қызылшасын себу бойынша, 500 гектар алқапқа ылғал жабу жұмыстары бойынша қазіргі таңда тек 200 гектары аяқталды. 
– Алакөл ауданы турзимді аймақтың бірі. Көл жағасына демалуға келушілердің қатары жыл санап өсіп келеді. Мәселен, Ақши ауылында пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды ма? Егер қайтарылса, оларға кәсіпкерлік саланы дамыту бағытында сауда-саттық арқылы үлестіру жұмысы жүргізілді ме? 
– Алакөл ауданы, Ақши  демалыс аймағындағы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 19 га жер учаскесі ҚР  Жер кодексіне сәйкес  меншік иесінен мәжбүрлеп алынды. 
Аталған жер учаскелері осы кодексте көзделген талаптарға сәйкес сот орындаушылардың ықпалымен аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Осы орайда, аукцион арқылы жеке тұлға бір жер учаскесіне иелік етті. Қалған 18 жер учаскесі сот орындаушыларының сатылымынан өтпеуіне байланысты одан әрі тиісті шаралар атқару үшін аудан әкімдігіне тапсырылды. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің осы жер учаскелерін қабылдап алу туралы талап-арыздары сот органдарына жіберілді. 
– Енді жол мәселесіне келсек, өткен жылы 9 елді мекеннің жолы жөнделді. Биыл 14 мекеннің жолы қалпына келтірілмек. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр және қай ауылдардың жолы жөнделеді?
Ағымдағы жылы Алакөл ауданының даму жоспарына сәйкес ауданымыздағы 12 елді мекеннің  14 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі күнде 14 көшені ведомстволық сараптамадан өткізуге қаражат көзі қарастырылуы үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. 14 көшенің 10-ы жергілікті бюджеттен, қалған 4 көше республикалық бюджеттен қарастырылады. 
Атап айтсақ, Екпінді ауылының  Бөрібаев, Қамысқала ауылының  Құсбеков, Қазақстан ауылының  Әуезов және Жамбыл, Еңбекші ауылының  Әуезов, Қабанбай ауылының Мәметова және Абай, Қайнар ауылының  Момышұлы және Рысқұлов, Бескөл ауылының  Абай, Ж. Балапанов ауылының  Қабанбай батыр және Әлібаев, Ақтүбек ауылының  Жамбыл, Жайпақ ауылының  Жансүгіров, Ақжар ауылының  Жастар және Рысқұлбеков, Қарлығаш ауылының Әлімжанов көшелері жөндеуден өтеді.
– Сұхбатыңызға рахмет. Аты алысқа жеткен айдынды Алакөлдің атын алған ауданның алдағы күндері де абыройы биіктей берсін.

Ришад Тұрғанбай