Үшарал қаласында көпқабатты үйдің құрылысы басталды

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 675
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданында жыл басында 20 пәтерлі 2 үй пайдалануға берілсе, қазір 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы басталды.

Сондай-ақ, Достық, Лепсі, Бескөл стансысында денешынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеруде. Ақжар ауылында да Мәдениет үйінің құрылысы басталады. Міне, ауданда құрылыс саласы бойынша қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 60 пәтерлі үйдің бүгінде төменгі жертөлесі толықтай құйылып біткен. Құрылысты «Бағалы-Алакөл» ЖШС жүргізіп жатыр. Жергілікті құрылыс мекемесі бұған дейін де ауданда бірнеше құрылыс нысанын тұрғызып, сапалы жұмысымен елге танымал мекеме.

Өткен жылдың қарашасында басталған тұрғын үй жыл соңында пайдалануға беріледі. Бұл үйді көпбалалы, осал топтағы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға береді. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мақсат Жұлқайнаровтың айтуынша 60 пәтерлі үйдің құрылысына бюджеттен 837 млн. теңге бөлініп, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бүгінде нысанда 15 адам жұмыс істеуде. Олардың барлығы жергілікті жердің тұрғындары. «Алдағы уақытта қабырғасын көтерген кезде тағы да жұмысшылармен толықтырамыз», – дейді учаске жетекшісі Исатай Құлақбаев. Құрылысқа керекті материалдардың бәрі жеткілікті.

Ертемен басталған қызу тірлік  кешке дейін жалғасып, жұмысшылар миксермен келген бетонды ысырапсыз құюда. Үшарал қаласының шығыс жақ бетінен бой көтерген көпқабатты үйлер   аудан орталығының ажарын одан ары асыра түспек. Осындай игі істің арқасында аудандағы баспана мәселесі біртіндеп шешіле беретіні анық.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Алакөл ауданы