Жетісу облысында тағы әлеуметтік дүкендер ашылды

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 827
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы 2 әлеуметтік дүкен ашылды. Нақтылап айтсақ, біріншісі Талдықорған қаласы, Шахворостов көшесі  мен Чкалов көшесінің қиылысындағы «Әліби» дүкенінде, екіншісі Қарабұлақ ауылы, Балпық би көшесі, 59-үйдегі «Көктем» шағын маркетіне орналасқан. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрі сатылады. Сауда нүктелерінің ашылу салтанатына облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіков және «Жетісу «ӘКК «ӨДИ» АҚ басқарма басшысының бірінші орынбасары Алмира Ибрайымова қатысты.

Бағаны тұрақтандырып, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат еткен әлеуметтік дүкен осыған дейін облыс орталығында Көктал және Еркін ауылында ашылған. Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін әлеуметтік дүкендер заманауи сауда жабдықтары, есептегіштер, зат қоятын сөре және қымбат тоңазытқыштармен жабдықталған. Әрқайсысында екі кондиционер және ішкі-сыртқы жағдайды бақылап отыратын бейнебақылау жүйесі қойылған. Дүкеннің айналасы абаттандырылып, көгалдандырылып, жарық шамдар қойылған. Дүкендер барлық инженерлік желіге қосылған және тұтынушыларға білікті сатушылар қызмет көрсетеді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіковтің айтуынша, бүгінде облыстағы әлеуметтік дүкендердегі бағаны тұрақты ұстап тұруға қажетті азық-түлік қоры  жеткілікті. Дүкендерге азық-түлік тауарлары төмендетілген бағамен тұрақтандыру қорының қоймалары мен сақтау базаларынан жеткізіледі. Сондықтан әлеуметтік дүкендердегі баға нарықтық бағадан кем дегенде 10%-ға төмен. Мысалы, бір келі қант 420,  өсімдік майы 740 теңге, күріш 340 теңгеден сатылады. Бұл қарапайым табысы бар азаматтар үшін үлкен көмек және мемлекет тарапынан тұрғындарға жасалып жатқан қамқорлық деуге болады. 

Ал Алмира Ибрайымова «Жетісу «ӘКК «ӨДИ» АҚ-ның әлеуметтік дүкендер ашудағы тәжірибесінің көптігін жеткізді.

– Біз осыған дейін әлеуметтік дүкендерде тек әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін ғана сатуды жүзеге асырып келдік. Сөрелерге одан басқа тауар қойылмайтын. Енді дүкен иелері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрін төмендетілген бағада, басқа тауарларды нарықтағы бағасы бойынша сатуды тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Егер екі тәсілдің қайсысы тиімді болса, алдағы уақытта сол әдісті қолданамыз, – дейді ол.

Айта кетерлігі, әлеуметтік дүкендердің мүмкіндігін кеңейте түсу үшін өңірлік даму институты ағымдағы жылы шамамен 750 тонна картоп пен 170 тонна сәбіз жеткізуге 11 ірі шаруа қожалығымен келісімшартқа отырған. Оларға алдын ала жеңілдетілген несие де беріліпті. Сол қатарда «Хильниченко» КТ, «Динара» ӨК, «Агросервис Аққу» ЖШС, «Нам» ЖК, «Арал туз» ЖК, «SARDAR Ltd» ЖШС, тағы да басқа  жеткізушілермен байланыс орнатылған.

Дегенмен, тұрғындар: «Әлеуметтік дүкен ашылған кезде азық-түлікті төмен бағамен саудалап, уақыт өте келе өз білгенінше бағаны көтеріп алмай ма?» деген күдік-күмәнін де жасырмады. Алайда, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Серіков тілшілерге берген сұхбатында әлеуметтік дүкендердің жұмысын қалыпты жүргізу, азық-түлік бағасын қымбаттатпай ұстап тұру маңызды міндет саналатынын және облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Сондай-ақ, осы мақсатта облыстық бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгенін де жеткізді.

Аймақтағы әлеуметтік сауда желісі кеңейе береді. Алдағы уақытта тағы бірнеше ауданда осындай дүкен ашу жоспарланған.  

Қажет АНДАС