Тауардың ескіру мерзімі қалай есептеледі?

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 993
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 17-бабында тауардың кемшіліктеріне қатысты талап қою мерзімі де көрсетілген. Егер жарамдылық және кепілдік мерзімі болса, сіз осы уақыт ішінде талап қоя аласыз.

Жетісу облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, егер кепілдік немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауар тұтынушыға берілген күннен бастап 2 жылдың ішінде талап қоюға мүмкіндігіңіз бар. Кей кезде кепілдік мерзімі 2 жылдан аз болады. Бірақ, тауардағы кемшілік кепілдік мерзімі өткеннен кейін анықталып жатады. 

Егер тұтынушы тауардағы кемшілік оны алғанға дейін болғанын дәлелдесе, сатушы айтқанын орындайды. Ал тауарды немесе оның бір бөлшегін ауыстырғаннан кейін кепілдік мерзімі қайтадан басталады. Тауар поштамен жіберілсе, тауардың кепілдік немесе кемшілігін анықтау мерзімі тұтынушы оны алған күннен, ал орнатуды немесе жинауды қажет етсе, орнатылған күннен бастап есептеледі. 

Содан кейін тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Тұтынушы сатушының кесірінен тауарды пайдалана алмаса, тауардың кепілдік немесе кемшілігін анықтау мерзімі сатушы сол мән-жайды жойғанға дейін есептелмейді. Ал тауардың берілген күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім тауар дайындалған күннен бастап саналады. Заң бойынша тауардың дайындалған айы, жылы немесе жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні сол айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.

Сапасыз тауарға қандай талаптар қойылады?

Сатушы тауардың кемшілігін айтпай сатып жіберсе, тұтынушы оған бірнеше талап қоя алады. 
Атап айтқанда, бағаны арзандату, тауардың кемшілігін өтеусіз жою, тауардағы кемшілікті жоюға жұмсаған өз шығынын өтеу, соған ұқсас маркалы тауарға ауыстыру, сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру, тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтару.

Тұтынушылар тауардың кемшілігі салдарынан өз өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеуді талап ете алады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА