Халқымыздың жер бетінен жойылып кетуінен сақтаған қасиет – ынтымақ пен татулық

Уақыты: 01.05.2023
Оқылды: 725
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ғасырлар бойы табиғаттан сыр аулап, тіршіліктің тауқіметін тартып, жаугершілік заманда басқыншылықпен келгендерге қасқайып қарсы тұрған халқымыздың жер бетінен жойылып кетуінен сақтаған қасиет – ауызбіршілік, ынтымақ пен татулық. Бұл жөнінде батыр бабаларымыз өзара: «Шықсақ төбеміз, жатсақ көріміз бір болсын», деп уәделескен. Бұл ел мен жердің амандығы үшін бірлесе қадам басу керегін ұғындырады.

Құдайға шүкір, қазір заман басқа, дәуір бөлек. Десе де, халыққа бірлік пен ынтымақ керек екенін күнделікті көріп жүрміз. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсуі мемлекеттік саясатты барша азаматтың қолдау танытуына тікелей байланысты. Шынында бірлік болмаса – тірлік түзелмейді. Жасым 80-нен асқанша түрлі жағдайға куә болып, көптеген нәрсені пайымдадым.

Өз басым Матай теміржол бекетіне жақын жерде дүниеге келгенмін. Бала күнімізде 1 мамыр бірлік күні үлкен дайындықпен, салтанатпен өткізілетін. Теміржол бекетіндегі ауылда өзге ұлттың өкілі тұратын. Әсіресе, орыстар көп еді. Сонда ауылдағы бірлік, келісім, ынтымақ ерекше болатын. Ауыл балаларының өзара сыйластығы жергілікті қазақтардың мейірімі мен пейіліне тікелей байланысты өрбитін. Себебі, кеңестік идеологияның қуғын-сүргініне ұшырап, туған жерінен жыраққа қудаланған көптеген ұлтты бауырына басқан қазақ ешкімді бөлектемеді, тең көрді. Үлкендердің ықылас-пейілі балаларға ауысып, қаршадайынан өзге ұлттың балаларымен қол ұстасып өскен менің құрдастарым қашанда қол ұшын созуға, көмектесуге дайын тұратын. Жәбір көрген жанға жәрдемдесіп, қиналғанға қолдау көрсетті. Бала болған соң кейде шекісіп қалатынбыз. Соған қарамастан тағдырдың сынағына тап болған жанға бүкіл ауыл жаппай жанашырлық танытып жатқанда балалар бөлектене алмайтын. Сол үйдің баласын жақын тартып, көңілін аулап, өзара қолдан келген қолдауын беретін.

Міне, осы әдет әлі күнге бар. Шалғайда жатқан ауылдарда бір-біріне жәрдемдескен жұртшылық әлеуметтік желі арқылы да қиындыққа тап болғанға көмек қолын созып жатады. Бұл әрбір аймаққа, облысқа, ауданға, ауылға тән құбылыс. Өзін ер азамат санайтын әрбір жан қазір туған жеріне қолдау танытудан қашпайды. Керісінше жақсысын асырып, жаманын жасырып, ауылындағы әрбір іс-әрекетке алаңдап отыратын жандар көп.

Ендеше Жаратушымыз елімізді, жерімізді ынтымақ пен бірліктен айырмасын. Ынтымағы басым, бірлігі бекем елдің жұлдызы биік, аспаны жарық. Әрбір ауылдың жұлдызын жарқыратып, атын шығаратын азаматтары қашан да абырой биігінен көріне берсін! Елімізде бейбітшілік, тыныштық тұрақтанып, халқымыздың ырыс-құты, әл-ауқаты артуына тілектеспіз!

Оралбай Жақиянов,
Алматы облысының Құрметті азаматы