"Мал басының көбеюінен жайылым жер жетіспеуде": Сарқан ауданының әкімі сұхбат берді

Уақыты: 03.05.2023
Оқылды: 849
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аграрлық аудан негізінен ауыл шаруашылығы есебінен өсіп-өркендейді. Елдің демографиялық әлеуеті, инфрақұрылымы және экономикасы ұштасқанда ғана өңір келешегінің  кемел болары анық. Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевпен әңгімелесу барысында ауданның ауылшаруашылығы саласындағы бүгінгі деңгейі сараланды.

­- Ғалымжан Қанатұлы, сіз аудан тізгінін қолға алғалы ауылдарда жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді жүйелі түрде  және нақты шешуге қадам жасалуда. Біздің өңірдегі мал басының өсімі қандай деңгейде, өнімі жұртшылық сұранысын қанағаттандыра ма?

- Аудан экономикасы өнімі көлемінің негізін ауыл шаруашылығы, атап айтқанда мал шаруашылығы құрайтыны даусыз. Аграрлық саясаттың тиянақты түрі де қолға алынуының нәтижесінде ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп келе жатқандығы белгілі. Ауылға деген мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басы жылдан-жылға артып, өнімі өсіп келеді. Мал басының көбеюі жазғы жайылымның жетіспеуінен, жайлаудың тарылуынан да байқалады. Наурыз айындағы көрсеткіштерге назар аударсақ, аудандағы мүйізді ірі қара 72 598 басқа, қой мен ешкі   158 976 басқа, жылқы  20 501  басқа, түйе   435 басқа жетіп отыр. Мұның сыртында құс шаруашылығы бар. Осы төрт түліктің өсуі мал шаруашылығының негізгі өнімдері  бойынша ауданның көрсеткішін еселеп, тірі салмақтағы мал мен құс етін өндіру 3094 тоннаға, сүт 6722,7 тоннаға, жұмыртқа өндіру 3269,5 мың данаға орындалып отыр.

- Облыс әкімінің аудан жұртшылығымен кездесуінде сүт-тауарлы  сүт фермасының  жоқтығы атап көрсетілген болатын. Осы мәселе шешімін тауып жатыр ма?

- 2023 жылдың І тоқсанының есебі бойынша ауданда  6722,7 тонна сүт алынды. Жылдық жоспар межесі - 45270 тонна. Осы деңгейге жету үшін ауылдық округтерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда  Алмалы ауылдық округіне қарасты «Бекишев Е.Т.» шаруа қожалығы 50 басқа арналған тауарлы сүт фермасын ашу мақсатында «Голштин» сүтті сиырларын шетелден сатып алу үшін несие алуға Аграрлық несие корпорациясына сұраныс білдіріп отыр. Бүгінгі күнге несие алу бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілу үстінде.

- Өңірде етті мал шаруашылығын дамыту бойынша қандай шаралар жасалуда?

- Аудан бойынша мал басын, оның ішінде етті бағыттағы мал басын,   жалпы алғанда мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылуда. Жыл басында  Екіаша ауылдық округіне қарасты «Калкеев» шаруа қожалығы 200 басқа арналған мал бордақылау алаңынсалу мақсатында 150 млн. теңгеге жоспарланған инвестициялық жоба өткізді. Ол биылғы қыркүйек айынан бастап мал бордақылау алаңының жұмыстарын бастауды көздеп отыр.

Жалпы ауданда 13 мал бордақылау алаңы бар. Бүгінгі күнге 1343 бас мал бордақылануда. Атап айтқанда Горковченко  600 бас, Қ. Жолбосынов 100 бас, Қ. Ерғалиев 100 бас, «Арлан» шаруа қожалығы 120 бас малды бордақылап, жыл басынан тірі салмақта 22,9 тонна  ет өткізді.

- Картоп пен көкөніс сақтау объектілерін ашу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

Аудан бойынша 972 гектар алқапқа картоп, 627 гектарға көкөніс себіледі. Ауданда картоп, көкөніс өсірумен негізінен бау-бақшалығы бар жеке тұрғындар шұғылданады. Осы дақылдардан алынған өнім ауданның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. 

- Балық шаруашылығын дамыту бойынша ауданда қандай шаруалар атқарылып жатыр?

Қарашыған ауылдық округінде 4 балық қабылдау пункті жұмыс істейді. Жылына 300 тоннаға жуық балық ауланады. Ана жылдары бұл округте қайта өңдеу кәсіпорыны ашылып, біраз жыл балық өнімдерін өткізген болатын. Алайда шикізатпен қамтамасыз ету жүйелі болмағандықтан осы игілікті іс жалғаспай қалған еді. Биыл «Әбілқайыр» ЖШС басшысы Мурзалиев Русланбалық аулау және балықты өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Цехтың  жылдық өнім көлемі жылына 200 тонна, инвестиция көлемі 100 млн. теңге. Бүгінгі күнге осы бағытта Жетісу облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 4 учаскеде балық аулау жұмыстары жүргізілетін болады.                                 

- Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды айтсаңыз?

- Аудан бойынша бірдейлендіру дерек қор базасында мал басы тіркелмеген жерді мақсатына сай пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылық жерлеріне мониторинг жұмыстары жүргізіліп,  жыл басынан 7 жер учаскесі, нақтылап айтқанда жалпы көлемі 17000 гектар жайылым жер ауданның жер қорына түсті деп танылды. Бұл жұмыс жүйелі әрі мақсатты түрде жалғасын табатын болады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ