ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Панфилов ауданына келді

Уақыты: 03.05.2023
Оқылды: 925
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту Комитетінің депутаттары Панфилов ауданына келіп, мемлекеттік жобаның жергілікті жерде жүзеге асу нәтижесімен танысты.

Сапар барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен, ауылшаруашылығы өкілдерімен кездескен депутаттар «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларының іске асу барысын саралап, «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» одан әрі іске асыру мәселесі бойынша пікір алмасты.

Ел қалаулыларымен алғашқы жүздесу Жаркент қаласының іргесіндегі жер жыртып, жүгері тұқымын себу жұмыстары жүріп жатқан «Ернар» шаруа қожалығының егістік алқабында өтті. Биыл 1200 гектар жерге жүгері өсіруді жоспарлаған шаруа қожалығы қазірдің өзінде 100 гектардан астам алқапқа жүгері тұқымын егіп үлгеріпті.

Астанадан келген құрметті қонақтарға алдымен аудан әкімі Марат Сағымбек өңірдегі ауылшаруашылық саласы өндірісінің бағыттары мен көктемгі егіс дала жұмыстарының барысын таныстырды. Өңірдегі ірі ауылшаруашылық өндіріс орындарының өкілдері жиналған кездесуде жаркенттік аграрлық бизнес өкілдері Сенаторларға егіс дақылдары мен мал шаруашылығын субсидиялауға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстарды айтып берді. Әсіресе өңірдегі егістік өндірісіндегі жетекші дақыл жүгері мен қызылша тұқымын өсіруге қатысты өзекті мәселелерді «Құралай» шаруа қожалығының жетекшісі Әзікен Кәріпжанов пен отандық қызылша тұқымын өсіретін «Қамқорлық» шаруа қожалығының төрағасы Әлен Жолдасов айтқан сын ескертпелер мен ұсыныстар депутаттарды бейжай қалдырмады.

– Сіздер ауылшаруашылығының біздің еліміздің экономикасы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Себебі ауылшаруашылығы біздің еліміз үшін экономиканың негізгі басым бағыты, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі және әлеуметтік тұрғыдан ерекше маңызға ие. Ауыл – қазақ халқының жүрегі. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамыту – біздің мемлекетіміздің алға қойған маңызды мәселелерінің бірі. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – осы салалардағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және шешу жолдарын қарастыру, – деді ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Сенаторлар алқаптағы кездесуден кейін Жаркент қаласындағы жүгері дәнін өңдейтін «Крахмал-сірне» зауытынның жұмысымен, өндірістің қуатымен танысты. Қонақтарға өндіріс орнының жұмыс жүйесін сенат депутаты, осы зауыттың құрылтайшысы З. Кузиевтің өзі таныстырды. Зауыт жыл сайын жергілікті шаруалардан 60 мың тоннаға дейін жүгері дәнін қабылдап, терең өңдеуден өткізеді. Мұнда тек жүгері дәнінен өндірілетін 28 түрлі өндірістік және азықтық өнім отандық кәсіпорындарға сатылады және шетелге экспортталады. Одан соң депутаттар «Универсал» Жаркент полипропилен зауытын» аралап, сыйымдылығы әртүрлі қап тігетін зауыттың өндірістік қуатымен танысты. Екі ауысымда жалпы 402 адам жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 50 миллионнан астам қап тігіп, шығарады.

Түстен кейін Нұркент орта мектебінде тұрғындармен кездескен сенаторлар Жаркент шегара отрядының қызметімен танысты. Астаналық қонақтарға шегара басқармасының бастығы, подполковник Берік Бұзаушиев баяндама жасап, әскери мекеменің жұмысын түсіндірді. Одан соң биыл наурыз айында басталған Сарыөзек–Көктал–Жаркент автожолының құрылысын көріп, жұмыс барысынан ақпарат алған депутаттар кездесулер қорытындысы бойынша өңірдегі өзекті мәселелер туралы Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізетінін және қойылған міндеттердің орындалу барысын бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ, сапар барысында аудан аумағындағы «Жаркент мешіті көркем сәулет» мұражайын, қала саябағындағы атақты Орбұлақ шайқасына арналған «Ұлы Жебе» мемориалдық кешені мен әйгілі Әулие-ағашқа барып, өңірдің тарихи орындарын тамашалады.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы