Бейбіт Исабаев соғыс ардагеріне арнайы барды

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 785
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданында  қалған жалғыз көзі тірі соғыс ардагері Николай Иванович Огневке арнайып барып, алдағы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

– Әкелеріміз бен аталарымызға – Сіздерге мың да бір рахмет! Өз өмірін құрбан етіп, от пен оқтың ортасында қан кешіп жүріп, бізді осындай бейбіт өмірге жеткіздіңіздер. Сол қажырлы жолдарыңызды, бейбітсүйгіш қасиеттеріңізді бүгін біз, ұрпақтарыңыз жалғайтын боламыз. Жеңіс үшін, ортамызда жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Жасыңыз 100-ге жетсін, сергектік, денсаулық тілеймін, - деді Б.Исабаев.

Әңгіме барысында өз әкесінің 1944 жылы соғысқа шақырылып, майдан даласында болғанын да еске алды.

Өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Николай Иванович:

- Маған жиі келіп, тілек білдіріп, құттықтап жатады, бұл мен үшін ерекше қуаныш. Денсаулықтарың мықты болсын, еңбекте табысты болыңдар! – деп тілектестігін жеткізді.

Атап өтсек, Николай Иванович Огнев 1925 жылы ақпанда туған. Кеңес Армиясының қатарына 1942 жылы шақырылды. Ташкенттегі әскери училищеде оқып, 1943 жылы майданға аттанды. Курс маңында 233-ші атқыштар дизизиясы құрамында ұрысқа қатысты. Пулеметші болды. Тамыз айында ауыр жараланып, госпитальға жіберілді. Әскерден кейін мектепте дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ берді.

Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірқатар медалдармен марапатталды. Көксу ауданының Құрметті азаматы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"