Талдықорғандағы үш ардагер ардақталды

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 929
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда соғыстың соңғы солдаттарынан бар-жоғы үш батыр қалыпты. Олар Белорус майданындағы батпақты тізеден кешкен Төлеубай Нұрмұхаметұлы, Литва, Латвия, Польша жерлерін фашизмнен тазартқан Сәрсенбай Қаңтарбайұлы, әскери теңіз флотының қатарында Тынықмұхит майданына қатысқан Ысқақ Әбілпейісұлы.

9 мамыр – Жеңіс күнінің құрметіне орай Талдықорғандағы ардагерлерді ардақтап, арнайы құттықтап шыққан «Жетісу Медиа» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Шыңғыс Бозым, облыстық «Jetisy» газеті редакторының міндетін атқарушы Жұматай Әміреев, басылым ардагері Нүсіпбай Әбдірахым және жаңа жылдан оқырманға жол тартқан облыстық «Вестник Жетісу» газетінің бас редакторы Хасан Еспанов жасы жүзді еңсерген қариялардың ақ батасын алды.

*1925 жылы 20 қарашада Семей облысында дүниеге келген Төлеубай Нұрмұхаметұлы 1943 жылы өзі сұранып, майданға аттанады. 1943-1944 жылдары Беларусия майданында басқыншыларға қарсы соғысқан ардагер Венгрияның Балатон көліне дейін барған. 1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясымен Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. I дәрежелі Отан соғысы ордені және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Елге оралған соң соғыстан кейінгі ауыр күндерде Семей өңіріндегі шаруашылықтардың жұмысын жандандыруға қатысып, зоотехник, экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, ауылдық кеңестің төрағасы сияқты қызметтерді атқарған.

Зейнетке шыққан соң Талдықорған қаласына көшіп келген Төлеубай Нұрмұхаметұлы өскелең ұрпақты отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуге қатысып, бала-шағасының қызығын көрген жан. 7 баласынан 12 немере, 11 шөбере сүйіп, бейбіт күннің берекесін көріп келеді.

*1924 жылы 10 мамырда қазіргі Көксу ауданының Талапты ауылында дүниеге келген Сәрсенбай Қаңтарбайұлы 1942 жылы қыркүйекте әскерге алынған. 1943 жылы №9 гвардияның дивизия командирі Бауыржан Момышұлының қолбасшылығымен Шығыс Пруссия, Польша, Литва, Латвия, Румыния сынды елдерді басқыншылардан азат ету ұрыстарына қатысады. 1945 жылы 21 қаңтарда Берлинге 100 шақырым қалған жерде ауыр жараланған қария Мәскеудің түбіндегі Колчуга қаласындағы әскери госпитальде жатып, Жеңіс күнінің сүйіншісін естиді. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысып, Кеңес одағының Сталин, Буденный, Жуков, Рокоссовский сынды қолбасшыларының алдынан өтеді.

Қарт майдангер елге келген соң 10 жыл мектепке ұстаздық етіп, 10 жыл ауылдық кеңестің хатшысы болады. Одан соң 15 жыл пошта бөлімшесін басқарған. Соғыс ардагері ретінде 55 жаста зейнеткерлікке шыққан Сәрсенбай Қаңтарбайұлы 9 бала, 25 немере өсіріп, 55 шөберенің қолынан су ішіп отырған жан.

*1924 жылы 14 қаңтарда қазіргі Алакөл ауданы, Көлбай ауылында дүниеге келген Ысқақ Әбілпейісұлы қаршадайынан ақ пен қызылдың қақтығысын көріп, ұжымдастыру кезеңіндегі ауыртпалықтан әкесінен, бауырларынан айырылып анасымен жалғыз қалады. Тағдыр ерте есейткен 18 жасар бозбала 1942 жылы әскерге сұранып, Амур әскери теңіз флотының «Зенит» дивизиясында азаматтық борышын өтейді. Әскери кемедегі зеңбіректі атуды меңгерген қазақ баласының мергендігі басшылықтың көзіне түсіп, 1943 жылы «Отличник военно-морского флота» атағын алады. Толқыны таудай мұхиттың үстінде жүріп, талай ұрыстың куәсі болған Ысқақ Әбілпейісұлы 1944 жылы ауыр жарақаттанып, әскери госпитальға түседі. Дәрігерлердің шешімімен елге 1 айға демалысқа келіп, ауруынан айығады.

Соғыстан кейін еліміздің ағарту саласында өлшеусіз еңбек етіп, жас ұрпаққа білім беруге елеулі үлес қосқан қария қос қызынан 9 немере, 26 шөбере, 3 шөпшек көріп отыр.

P.S. Өткен ғасырдың көзі тірі куәгерлері бүгінгі ұрпаққа адалдықты, әділдікті, турашылдықты, еңбекқорлықты насихат етіп, мемлекетшілдік, отаншылдық сынды асыл қасиеттерді берік ұстануды үгіттейді. Соғыстың соңғы солдаттарының аманаты осындай.

Мәди Алжанбай