Еңбек майданындағы ерлік

Уақыты: 07.05.2023
Оқылды: 915
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соғыс жылдарында бел шешпей еңбек еткен тыл ардагерлерінің де бүгінгі жарқын күнге қосқан үлесі толайым. Бүгінде Көксу ауданының орталығы Балпық би кентінде ғұмыр кешіп жатқан тыл ардагері Айтбай Мұсанов ақсақалдың шаңырағына арнайы бардық. Заманның аязына тоңып, аптабына қақталған еңбекторы қарияның амандығын білісіп, аз-кем әңгімелестік.

– Өткен жайлы ой қозғаудың өзі жанға салмақ салады. Өте ауыр кезең еді. Жаулығына бейнеттің кірін шалдырған асыл аналарымыздың алақаны арса-арса болып тұрушы еді. Сол ғазиз жүректерге селбесуді бұғана бекімей жатып бастадық, – деп сонау ғасырдың ортасына ойша сапарлап кеткен қария бүгінгі күнге салауат жаудырады.

Кейіпкеріміз Айтбай Мұсаұлы негізінен бұрынғы Киров ауданына қарасты Алғабас ауылында 1937 жылдың 15 қыркүйегінде дүниеге келген. Жасынан бейнет шегіп, Отан үшін еңбек майданында маңдай терін шүмектеткен ол 1960 жылы Семей қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын оқыған. Шақты білімді шанағына қондыра алған Айтбай ақсақал кейіннен бірқатар қызметте болып, елдің еңсе тіктеу жолына өзінің қажыр-қайратын, білім-білігін арнаған.

– Дәуір доңғалағы зыр қағып тұрған шақта ғасырдың мұңын мұңдаудың өзі қызық. Дегенмен қазіргі жас буын кешегі біз көрген ата-аналардың ауыр азабын, еңбек майданындағы ерлігін есте сақтауы керек. Замандастарымның төккен тері тегін кетпеді. Бүгінгі бақытты, барақатты ғұмырға еліміз ерен еңбекпен жетіп отыр, – дейді құрыш білек иесі.

Шындығында жастығын соғыс жалмаған, ең шырайлы шағын еңбек даласында өткізген соғыс һәм тыл ардагерлерінің әрбір ізі өнеге шашатындай. Біздің кейіпкеріміздің салиқалы әңгімесінде де батпандай салмақ жатыр. Осындай бекзат болмысты Айтбай ақсақал заманында бел шешпей еңбек еткен асылдарымыздың біреуі. Оның өмір жолына аз-кем тоқталсақ, ауданда бірқатар жауапты қызмет атқарған. Әуелінде Быжы малдәрігерлік учаскесінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз өз кезеңінде «Алғабас» ұжымшарының бас мал дәрігері, Мұсабек атындағы кеңшарда пария ұйымының хатшысы, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі, аудандық малдәрігерлік орталығы төрағасының орынбасары, аудандық инспекциясының бас инспекторы, аудандық мәслихат аппаратының маманы болып қызмет атқарған. Ел алдында абыройлы, ақжүзді болған Айтбай ақсақал осындай жауапты қызметке бар күш-қайратын салғанының арқасында бірқатар марапатқа да ие болған. Атап айтсақ, Көксу ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек ерлігі», «ҚР Конституциясының 10 жылдық», «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65, 70, 75 жыл» мерейтойлық төсбелгілермен марапатталған. Сонымен қатар, «Соцалистік жеңістің жеңімпазы» төсбелгісін де омырауында жарқыратқан.

Саналы ғұмырын еңбекпен өткеріп, қазақтың малдәрігерлік ғылыми-зертханалық иститутының кіші ғылыми қызметкері редінде де маңдай терін төккен Айтбай Мұсаұлы бүгінде 86 жасқа шығады. Ұрпағына өнеге таратқан қарияның 2 ұл, 1 қызынан бүгінде 9 немере, 6 шөбере тарап отыр.

«Біздің тілек, жас буын жалықпай еңбек етсе, талмай білім алса, өз Отанын көркейту жолында күш-жігерін сарқа жұмыс жасаса», –­ деп тілейді кейіпкеріміз. Біз де батагөй қарияның шаңырағынан «ғасыр ғұмыр иесі атаныңыз» деген жас ұрпақ тілеуін жеткізе аттандық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы
Сурет ғаламтордан алынды