Бейбіт күннің батыры: 3 жасар баланы аман алып қалған

Уақыты: 08.05.2023
Оқылды: 1008
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ерлік қылу талайдың қолынан келе бермейді. Ауызбен орақ оруға болар, ал нақ уақытында тәуекелге бел байлайтындар табыла қоймайды. Өйткені, ерлік қылу – нағыз азаматтың ғана қарекеті. Бұл пәлсапаны неге айтып отырмыз? Соған ойысайық...

2020 жыл. Текелі қаласының қара домалағы Қора өзеніне батып бара жатқан 3 жасар бүлдіршінді аман алып қалып, БАҚ бетінен түспеген еді. Сол уақытта Дәурен Жарқынбеков барынша құрметтелді, дәрежеленді. Бейбіт күннің батыры атанды. Міне, араға үш жыл салып, батыр жайлы тағы бір газетке жазуды жөн санадық. Өзгенің амандығы үшін басын бәйгеге тіккен жігіттің ерлігі жас ұрпақтың санасында қайта жаңғыруы барлығымыз үшін абырой.

Дәурен Жарқынбеков Текелі қаласында тұрады. Ол Талдықорған қаласындағы «Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету станциясы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында фельдшер болып қызмет етеді.

Кейіпкерімізбен жолығып, сол кездегі оқиғаны еске түсіріп, еркін әңгімелесуге қолқа салдық. Ақ жарқын, өр тұлғалы жігіт екені аңғарылып тұр. Тартынбай әңгімесін бірден бастап кетті. Әуелгі сөзін «Нисаның отбасымен байланысқа шығуым керек еді», – деп бастады. Нисасы – өзі құтқарған бүлдіршін.

Дәукең оқиғаның қалай болғанын тәмпіштеп түсіндіріп берді. Ең бірінші өзінің басынан өткен оқиғаны тілге тиек етті. 2013 жылы сыныптастарымен табиғат аясына сеуілдеуге шығады. Ыстық күн төбеден тесердей болған шақта қатарластарымен Қаратал өзеніне шешіне сап қойып кетеді. Әдетте ыстық күнде дайындықсыз суға шомылуға болмайтынын мамандар жиі айтады. Бірақ, мектеп оқушысы шыдамсыздық танытты ма, әлде балалық қылды ма, су ортасына малтап барғанда аяқ-қолы тартылып, дәрменсіз күйге түседі. Бірер мәрте су бетіне шығуға ұмтылғанмен онысынан ештеңе өнбепті. Жанындағы сыныптастары болмағанда бүгінде Ниса Ақылсерікқызын құтқарған батыр арамызда болмас еді. Дәурен Жарқынбеков сыныптастарына амандығы үшін алғаусыз алғысы барын жасырмады. Кейіпкеріміздің сөзінше, содан бері оны періште қағатындай. Ерлік қылуға, адамның жанына арашашы болуға.

Ал осыдан үш жыл бұрын болған оқиға былай басталған еді. Дәуренді бір бұйым әкелуге жұмсайды. Тиісті жерден қажетті затты алып, үйіне бағыт алғанда жолдан әскерден келген немере ағасы жолыға кетеді. Екеуі Қора өзенінің бойын жағалап, ағайындылар серуендеп әрі дидарласып келе жатқанда судан «қуыршақ» байқайды. Сонадайдан көрінген әлгі дененің бала екені жақындағанда айқындалады. Не керек, Талдықорған медицина колледжінің 3-курс студенті ойланбастан суға қойып кетеді. 2013 жылғы оқиғадан кейін ағын суға жоламайтын Дәурен малтап барып Қора өзенінің екпініне дес бермей, қаршадай қыздың денесіне қолы жетпегенмен шашынан қапсыра ұстап алады да, жағаға алып шығады.

 – Үрейді жеңген сәтім ғой. Баланы жағаға алып шығып жатсам, айналадағылар телефонмен фото-видеоға түсіріп әлек. Қыздың әлсіз үнін байқадым да, маңайдағылардан көмек сұрадым. Анадайдан Елена Падалкина жанұшыра жетіп кеп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл кісі әскери госпиталдың қызметкері екен. Екеулеп жүріп қалалық ауруханаға жеткіздік. Қазір кеудемді мақтаныш кернейді. Ниса дін аман, мектеп оқушысы да болған шығар. Ол жайында жиі ойлаймын, барып амандығын көзбен көрсем деймін. Бірақ, қу тірліктен қол босамай кетті, – дейді Дәурен Жарқынбеков.

Бүгінде батыр да батыл жігіт жедел жәрдемде қызмет етіп, сол ерлігін қызметке ұштастырған. Күнде қаншама адамның жанына арашашы болып жүр. Бастысы, ерлікке жаны құштар Дәурен Жарқынбековтей азаматтар тұрғанда елдің еңсесі төмен түспесіне сенімдіміз.

Дастанбек Садық