Кинологтың міндеті – әр итті күнделікті жаттықтыру

Уақыты: 07.05.2023
Оқылды: 1007
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мереке қарсаңында ҚР Қорғаныс министрлігі Жетісу гарнизоны кинология бөлімінде болып, жас маман Дархан Сәтовпен жолықтық.

Дарханның кинолог болып жұмысқа кіріскеніне 1 жылдан асты. Оның алдында Қарабұлақтағы 15603 бөлімінде келісім шарт бойынша қызмет істеген. Алайда көңіл қалауы өз дегенін жасады. Ит асырап, оның қыр-сырын жетік білетін Дарханға арнайы мамандар да қызыққан. Бүгінде ол Жетісудың олжасы іспеттес. Өзі дайындаған иттер халық ойындары сынды арнайы сынақтарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Біз барғанда мекемеде 4 иттің бар екен. 2 белгиялық малинуа тұқымы, 2 неміс овчаркасы. Олар кинологпен 4 айлығынан бастап дос болады.

Көп күшіктің арасынан мінезіне, жүріс-тұрысына, ойынына, иісшілдігіне қарап бөледі. Басым бағыттары бойынша жұмыс жүргізіліп, кем жері болса дамыту істері қолға алынады. Жас маман Дарханның да келе салып іске ерекше кіріскенін көрдік. Оның дәлелелі 4 иттің кез келгені соның айтқанына бағынып, алдына еркелей келіп, жақсы көруі. Аз уақыт ішінде талай істің басын қайырған. Елімізде орын алған үлкен саяси науқан – сайлау кезінде Талдықорғандағы әр мекеменің қауіпсіздігін де Дарханның иттері шолып шыққан. Өзі Қарабұлақтың тумасы. Әкесі де итпен әуестенген. Бала Дарханның арманын оятқан да осы асқар тауы. Ол алабай тұқымдас иттерді, қазақы тазыларды асырап, тауға да, бауға да барған.

Кинологтың негізгі міндеті – жақсы ит тәрбиелеу. Дархан әр итті күнделікті 2 уақыт жаттықтырады. Белгілі бір уақытта серуендеуге де шығады. Ал иттер 8 жыл, 3 айында қызметінен босап, арнайы қолға өтеді. Сол сәтте жаңадан күшіктер келіп, таңдау жүргізіледі. Мекемедегі қызметкерлер қолда тұрған 4 итке әлі де 2-3 жыл бар екенін айтты.                 

Қали АСҚАР