Егін егу науқаны басталды

Уақыты: 06.05.2023
Оқылды: 928
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданында жалпы 44350 гектар жерге әр түрлі дақылдар мен көкөністер өсіру жоспарланды. Оның ішінде егін шаруашылығында негізгі жетекші дақыл жүгерінің егістік көлемі 26620 гектарды қамтымақшы. Бұдан басқа мың гектарға жуық арпа, бидай, 920 гектарға картоп, 595 гектар жерге көкөніс, 130 гектарға бақша, 115 гектарға көпжылдық шөп, 36 гектар күнбағыс өсіру көзделуде. Көктемгі егіс жұмыстарына 665 тонна жүгері, 79,6 тонна арпа, 103,4 тонна бидай тұқымдары дайындалған.

Жүгерішілер жылдағыдай сәуір айының алғашқы аптасынан бастап алдымен егіс алқаптарын суғарып алып, одан соң іле-шала жер жыртып, тұқым себуді бастап кеткен болатын.Оған дейін топырақ жылуын талғамайтын жаздық бидай, көп және бір жылдық шөп, картоп, майлы дақылдар егу жұмыстары қолға алынып, жоспарланған іс тиянақты тындырылды.

Егіншіге мәлім, құйқалы құнарлы жер ғана жомарт. Аудандағы егін егілетін суармалы жердің бәрі дерлік табиғи құнарынан айырылған. Сондықтан тәжірибелі егіншілер тыңайтқыштарды молынан пайдалануға үміт артады. Ал мемлекеттен жүгері өсіруге жеңілдікпен бөлінетін минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары 8403 тонна болса, бүгінгі күнге дейін нақты сатып алынғаны 5500 тоннаға дейін жетті. Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» кәсіпорны мен Тараз қаласындағы «Қазфосфат» зауытына 2525 тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалған. Бүгінде Алтынкөл стансысына 22 вагон тыңайтқыш жеткізілді. Бұл биыл өсірілетін жүгері алқабын құнарландыра түсуге жеткіліксіз. Жүгерішілерге нақты мүмкіндігіне қарай жоспарлағандағыдан екі есе артық минералды тыңайтқыш қажет. Бұл орайдағы тапшылық тауқыметін егіншілер «құрыққа сырық жалғап», мал қораларынан шыққан көңді алқаптарына шашып амалдап жүр. Биыл аудан бойынша жалпы 33000 тоннадан астам органикалық тыңайтқыш егістіктерге сіңірілді.

Егіншілер дала өндірісінің жаңа технологияларын қолдануға ерекше ден қойып келеді, әсіресе тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып тұр. Аудан бойынша 2128 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Оның ішінде «Жаркент-фрукт» ЖШС 1050 гектар жеміс бағын, «Көктал-Агро» ЖШС 303 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 гектар көп жылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы төрт жыл болса, өткен жылдан бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. «ОТ Агрохолдирг» ЖШС 250 гектар, «Нұрқайрат» ЖШҚ 40 гектар алқабына жаңбырлатып суару әдісін пайдалануда. Бұлардан басқа «Айкерім», «Айсұлтан», «Илманов.Қ» қожалықтары да жаңа технологияны қолдана бастады. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізіп келеді.

Панфилов ауданындағы жүгері егістігінің көлемін игеру толықтай техникаға тәуелді. Сондықтан өңірдегі жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсап жүр. Яғни, өңірде жер өңдейтін тегеурінді темір тұлпарлардың паркі жыл өткен сайын жаңаруда. Үстіміздегі жылы көктемгі егін егу науқанына ауданда жалпы 1231 бірлік ауыл шаруашылық техникалары қатысады. Бұдан тыс үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ғана жаркенттік шаруалар 110,6 миллион теңгеге ауыл шаруашылық техникасын сатып алды.

Жаркент өңірінің егіншілері көктемгі егін егу науқанына биыл да тыңғылықты дайындалып, іске кірісті.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы
Сурет ғаламтордан алынды