Көтерілген мәселе шешімін тапты

Уақыты: 06.05.2023
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Газетіміздің  11 наурыздағы № 29 нөмірінде «Шалғай ауыл шырағы» айдарымен  «Сұптайдың болашағы жоқ па?» деген мақала жарық көрген болатын. Осы мақалада көтерілген мәселелер төңірегінде қандай жұмыс атқарылып жатқаны жайлы Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбекке хат жолдап едік. Міне, сол хаттың жауабы ретінде қуанышты хабар келді.

Жалпы, Панфилов ауданы Жетісу облысына экономикалық салым салатын өңір санатында. Шегара шебінде орналасқан мекеннің бүгінгі таңдағы өркендеп-өсу қарқыны жақсы. Дегенмен, аудан аумағындағы шалғай ауылдарда әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік. Соның бірі – кезінде тіршілігі дүрілдеп, облыстан асып, одаққа даңқы жеткен Сұптай ауылындағы ауызсу, жолдардың жөнделуі, мектеп, Мәдениет үйі, медициналық пункт қатарлы өзекті мәселелер тұрғындардың дегбірін қашырып келе жатқаны анық. Аудан әкімдігінің жауабына қарағанда, сол түйткілдердің түйіні тарқайтын болыпты. Осы қуанышты жаңалықты газет арқылы оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

Хатта айтылғандай, Жаскент ауылдық округіне қарасты Сұптай ауылындағы ауызсу құбыры орналасқан жер телімінің құжаттары заңдастырылып, әділет басқармасына тіркелген. Бүгінде Сұптай ауылының су құбырын қайта жаңарту және салу жұмысына арналған бағалау құжаттары (ПИР) дайындалған. Демек, көп өтпей сұптайлықтар ауызсуға қатысты қиындықтан арылады деген сөз.  

Шалғай ауылдардағы тағы бір өзекті тақырып – жол мәселесі еді. Бұл қиындық Сұптай ауылын да айналып өтпеген. Сұптай ауылында бұған дейін де біраз көшеге асфальт төселген. Енді ауылдағы  Б. Момышұлы мен Абай көшелеріне орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне және аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне өткізіліпті. Демек, бұл жұмыста көп өтпей өз нәтижесін көрсетеді деген сөз.

Ауылдағылар: «Сұптай орта мектебінің құрылысын қайта жаңғыртып, балабақшада білім алып жатқан балалар жаңа мектепте оқыса?» деген ұсынысын біз арқылы жеткізген еді. Ауылдастардың тілегі орындалатын болыпты. Сұптай орта мектебін қайта жаңғырту үшін жобалау жұмыстарына арналған бағалау құжаттары дайындалып, аудандық білім бөліміне өткізілгені белгілі болды. Сонымен қатар,  жаңадан фельдшерлік дәрігерлік пункт салу үшін 2000 шаршы метр  жер телімі бөлініп, құжаттары заңдастырылуда. Тиісті құжаттар әзірленіп, қажетті қаржы бөлінген соң мектеп те, Фельдшерлік дәрігерлік пункт те жұрттың қуанышын еселемек. Ауылдағы интернет байланысының нашарлығы да мақалада көрсетілген еді. Аудан әкімінің жауабында: «Сұптай ауылына көмекші байланыс тірегін орнату және оған қызмет көрсету үшін жер телімінің сызбасы дайындалып, заңдастыру жұмысы жүргізілуде», – деп жазылған.

Тағы бір жағымды жаңалық, Сұптай ауылынан жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында шағын футбол алаңының құрылыс жұмысы жүргізілуде.

Ең алдымен газет көтерген мәселені аяқсыз қалдырмай мақалада айтылған жағдайды толық талдап, жұрттың көкейіндегі сауалына нақты жауап берген аудан әкімдігіне алғысымыз мол. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дегендей билік, басылым, тұрғындар бірлесе жұмыс істесек, алынбайтын қамал болмайтыны анық.

Қажет Андас