Шексіз құрмет иесі

Уақыты: 08.05.2023
Оқылды: 971
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданының, атап айтқанда, Черкасск ауылдық округінің тұрғындары ғасыр жасқа қадам басқан майдангер Алексей Галкинді мақтан тұтады. Қарғалы ауылының тұрғыны тек жасымен ғана емес, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, Отанына төнген қауіпке қасқайып қарсы тұрғаны үшін де құрметті. Майдангердің болашаққа  үлгі боларлықтай игі істерге толы өмір жолы бар.

1944 жылы 17 жастағы Алексей Галкин Кеңес әскерінің қатарына өз еркімен қосылып, Кутузов орденді 97-Витебск және Суворов дивизиясында, 41-артиллериялық гаубица полкінде  барлаушы болады. Майдангер  Балтық жағалауын азат етуге, кейін Қиыр Шығыс, одан әрі Манчжуриядағы ұрысқа қатысады.  Майдан даласында көрсеткен ерлігінің нәтижесінде жауынгер «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 
Соғыстан кейінгі уақытта елімізге  ауылшаруашылық өнімдері қажет болды. Осыған сәйкес майдангер аудандағы тауарлы-сүт ферманың меңгерушісі, бөлімше басқарушысы, 1974 жылдан 1987 жылға дейін зейнеткерлікке шыққанша «Всемирное Пламя» ұжымшарының кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Әрдайым қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғап жүретін, адалдығымен, әділдігімен айналасына танымал Алексей Галкин бірнеше рет Сарқан аудандық кәсіподақ комитетінің төралқа мүшелігіне сайланды.
Елімізде қайта құру кезеңі басталғанда зейнеттемін деп қол қусырып қарап отырмай ұн тартатын диірмен, май цехын салып, азық-түлік өнімін өндіруге сүбелі үлес қосты. Оның иелігіндегі май цехы сол жылдары жерлестері мен алыс-жақын маңдағы елді мекен тұрғындары арасында да сұранысқа ие болып, көпшілікке тиімді болғанын көзкөргендер әлі айтып жүр.
Егде тартқан жасына қарамастан майдангер ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып, өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Отан қорғау, туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік қарт майдангердің әңгімесінің басты арқауы.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы