Қара теңіз флотында соғысқан

Уақыты: 08.05.2023
Оқылды: 918
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талай жанның жүрегіне жазылмас жара салған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл – 78 жыл. Елінің ертеңі үшін қан майданға аттанғандардың қатарында Берлібек Ысқақов та бар. Ол 1925 жылдың 3 наурызында Сарқан ауданы, Шатырбай (Ағарту) ауылында дүниеге келген. 

Мектеп бітіргеннен кейін ата дәстүрді жалғап, төрт түліктің қамына кіріседі. Малшы болып жұмыс істеп жүрген жерінен 1942 жылдың желтоқсан айында әскерге алынды. Сол жылы Ташкенттегі пулеметшілер училищесінде 6 ай оқып, 1943 жылдың аяғында Қара теңіз флотына түседі. Ол кезде Қырым түбегін немістер жаулап алған-ды. 1944 жылы Қызыл тулы Тынық мұхит әскери флотына ауыстырылып, Порт-Артурды азат етуге қатысады.
 Оқ пен оттың ортасында жүріп жауынгерлік шеберлігін шыңдай түседі. Осы майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденін өңіріне таққан еді. Жаратқанның қалауымен 1948 жылы елге аман-есен оралады. Сол жылы Нұржамал Әубәкіровамен шаңырақ көтереді. 1949 жылы отаудың керегесі кеңіп, дүниеге бірінші баласы келеді.
Жасынан еңбекке жақын өскен ол 1948 жылдан бастап Антоновка ауылындағы «Ленин» кеңшарында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанға дейін ұста болды. Зайыбы екеуі 2 ұл, 5 қыз өсіреді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған олар ұл-қызынан 19 немере, 21 шөбере сүйеді. 
Қазір соғыс ардагері Берлібек Ысқақов Қойлық ауылында екінші баласы Құрмаштың шаңырағында 1 немере, 5 шөбересімен бірге тұрып жатыр. Еңбегі еленіп, көптеген медальдармен марапатталды. Айталық, Ұлы Жеңіске 30, 40, 50, 60, 65, 70 жыл толған бірыңғай мерекелік медальдары, «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков, «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен және  ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін иеленген.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды