Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы – басты орында тұруы тиіс

Уақыты: 07.05.2023
Оқылды: 973
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргідей әлемдік геосаяси жағдай күрделенген кезеңде еліміздің тұтастығы мен бейбітшілігі, тыныштығы мен тұрақтылығы – басты орында тұруы тиіс міндеттің бірі. Сол себепті Жетісу жеріндегі денсаулығы жарамды жастарды азаматтық борышын өтеу үшін мерзімді әскерге алу шарасы тұрақты өткізіліп келеді.

Бұл міндет – ҚР Конституциясында, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамада, «Қазақстан – 2050» Даму стратегиясында, ҚР 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, Қазақстан Республикасының әскери доктринасында, мемлекеттердің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық келісімшарттарда, Қорғаныс министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында, Қазақстан Республикасының заңдық және нормативтік актілерінде, Қорғаныс министрі мен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы басшысының бұйрықтарында, сондай-ақ, Жетісу облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұйрықтарында анық көрсетілген.

Одан бөлек мобилизациялық дайындық шаралары қарастырылған. Оның қатарына офицерлерді кәсіби тұрғыдан дайындықтан өткізу, әскери-экономикалық жаттығуларға, басшылық-штабтық мобилизациялық оқуларға, бірлескен штабтық мобилизациялық жаттығуларға, инструкторлық-методикалық сабақтарға, әскери (ғылыми, тәжірибелік) конференцияларға, жергілікті әскери басқарма органдары басшылық құрамдарының жиындарына, арнайы жергілікті әскери басқарма органдарының дайындығына қатысу шаралары кіреді. Оқулар мен жаттығулар кезінде аумақтық және мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әскерге алу жұмыстарын ұйымдастыру, әскери бөлімдер мен мекемелерге тиесілі мүлікті бірлесе қолдану, мобилизациялық дайындықты материалды-техникалық тұрғыдан ұйымдастыру, ақпараттық мәліметтердің жөнсіз таралуын қатаң қадағалау сынды аса өзекті мәселелер талқылануы тиіс.
Жетісу облысының аумағында әскери ардагерлердің ақыл-кеңесі, өмірлік тәжірибесі жас сарбаздарға таныстырылады. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагердің жасы бүгінде ғасырға жуықтады. Олардың әрқайсысымен тағылымдық кездесулер өткізіліп тұрады. Одан бөлек, облыста 2188 ҚР Қарулы Күштерінің ардагері тіркелген. Өмірін әскерге арнаған жандардың тәлім-тәрбиесі өскелең ұрпаққа керек-ақ. Тағы бір айта кететін мәселе, облыс аумағындағы әскери бөлімдерде қызмет ететін әскери қызметшілердің отбасы, бала-шағасы үнемді назарда тұрады. Атап айтқанда, өңірдегі әскерилердің 157 баласы бар. Олардың 75-і мектепке дейінгі жаста болса, 75-і мектеп оқушысы. 7 бала студент атанса, бір баланың денсаулығында кінәрат анықталған. Міне, осының өзі әскерилер отбасында тәрбиеленіп өскен ұрпақтың мемлекет бақылауында екенін көрсетсе керек.
Әрине, өмір болған соң қазіргі жастардың басым бөлігі азаматтық борышын атқарудан қашқақтайтыны жасырын емес. Оған әлеуметтік желілерде жарияланып жататын жағымсыз әрекеттер теріс әсер етеді. Соған байланысты өскелең ұрпақты патриоттық, отаншылдық мақсатта тәрбиелеу ісі ұдайы өтіп тұрады. Ол үшін ардагерлермен кездесулер өткізіп, Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екені айтылады. Шындығында әрбір отбасында туған жер мен елді қорғау қажеттігі ұдайы айтылып отырса ер баланың бойында отаншылдық рух оянады. Осыны әрбір ата-ана ескерсе екен дейміз. Соған қарамастан қазір әскерге шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі өтініштер аяқсыз қалмайды. Мысалы, былтырғы күзден бері 2082 жігітті әскерге шақыру кейінге қалдырылса, 319 азамат әскерден босатылды.

Айдын Сағынбеков,
полковник, Жетісу
облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы