Жыл қайыру және мүшел жас

Уақыты: 13.05.2023
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адам баласының кеудесін хикметке құштар етіп жаратқан соң ба, ілім-білім жинаған ғұламалар ғалам сырын ашқан сайын дүниенің жарқылынан, қызық дәурен, сейдің шақтан саналы түрде бастартып, өзінің шалқар шабытын әуелгі ізденісіне бағыштай берген. Содан барып жер бетіндегі тылсымды түгелдей түгесе тілшелеп, ақырында аспан әлеміне, ғарыш кеңістігіне сана бойлатқан.

Ықылымнан тамыр тартсақ, трактаттары арқылы астрономия, химия, биология, математика, музыка, медицина, тұлғаның бөлінісі, жаратылыстану хақы һәм дін сынды сан ілім мен салаға құлаш ұрған Әбу Насыр әл-Фарабидің ұшан-теңіз білімін аңғарамыз. Сол секілді қазақ халқының дәстүріне зер салсақ, ұлы халықтың ұғымындағы дүниелерге таңданбасқа шара қалмайды.

Рас, дәстүр туралы толғамда бірқатар тақырыптағы атау-тіркестерді санамалап, кейбір ұғымдарға бабалар пайымымен жауап қаттық. Қасымхан Бегімановтың «Этнографпен әңгіме» кітабынан мысалдар келтіріп, Жағда Бабалықұлының сан жылғы зерттеуінен сұрыпталып шыққан жанды дүниелерді тарқаттық. Бұл жолы біз түпсанасы тылсыммен сабақтасқан асыл халқымыздың жыл санауы, жыл қайыруы тұрғысында, мүшел жас сынды дәстүрлі ұғымына зер салғымыз келіп отыр.

Негізінен әрбір 12 жылда мүшел толысып, жаңғырып отыратыны белгілі. Дегенмен, «адамның алғашқы мүшел жасы қай кез,» деп бас қатыратын қарапайым халықтың айтысына талай куә болғанбыз. Бірі 1 жасты мүшел деп қарастырып, одан кейінгі мүшел 13 жаста келетінін айтады. Ал кейбірі алғашқы мүшел 13 жаста басталады деп пікір саптайды. Қалай десек те тартысқа толы осынау жайттың түйінін бабалардың немесе кешегілердің зерттеуіне, пікіріне сүйене айту керек-ті.

Шындығында даурығатын, байбалам салатын тақырып адамның алғашқы мүшел жасында болмаса керек. Осы жерде мүшел жасқа бола туындаған яки өзіміз көрген әлгі кейіпкерлердің таласын бір сәт қоя тұрып, қазақтың жыл қайыру тәсіліне тоқталайық.

Бұл жайлы Жағда Бабалықұлы: «Туған жылын Григориан күнтізбесі бойынша 12 санына бөлу керек, егер ол еш қалдықсыз бөлінбесе, мешін жылы дүниеге келген болып есептеледі. Ал егер бүтіндей бөлінбей, қалдықпен шықса, жылды сол қалдық бойынша анықтайды. Мысалы, 1 қалдық қалса – тауық жылы, 2 қалдық қалса – ит жылы, 3 қалдық қалса – доңыз жылы, 4 қалдық қалса – тышқан жылы, 5 қалдық қалса – сиыр жылы, 6 қалдық қалса – барыс жылы, 7 қалдық қалса – қоян жылы, 8 қалдық қалса – ұлу жылы, 9 қалдық қалса – жылан жылы, 10 қалса – жылқы жылы, 11 қалдық қалса – қой жылы. Ал, мүшел есебінің  қай жылына жататынын білу үшін туған айы мен күнін де ескеру керек» – дейді. Қарапайым оқырманға күрделі көрінген мұны өз кезегінде асықпай тарқатқан этнограф: «Мәселен айталық, 1961:12=163 және 5 қалдық шығады (1961=12*  163+5). 5 қалдық сиыр жылына тура келеді дедік қой жаңа. Бірақ, мүшел жылы наурыздың 22-де басталатындықтан, ол сиыр емес, оның алдында тұрған тышқан жылында дүниеге келген болып саналады, – деп айшықтап жазады.

Бұл деген ғажап емес пе?! Бағзы «заманнан қойын құрттап, айранын ұрттап» қойып қоңыртөбел күн кешкен, «аттан» түссе атанның қомы, жылқының жалында жортуыл күн кешкен бабаларымыздың есепке де жүйрік екенін осындай дүниелерден айқын ұғынып, ұғынғанда көңілің тебіреніп кетеді-ақ екен.

Тебіреніс пен толғанысты бір сәт басып, оқырмандар түсінбей қала ма деп бабалар формуласын өз туған жылыма шағып, есептеп көрдім. Мәселен, 1993 яки тауық жылы өмірге келдім. Сондықтан 1993-ті қайырылар 12 жылға бөлгенде 166, 0833* шықты. Қалдық 0833* болған соң, математика тілінде бұл 0-ге тең болмайтындықтан 1 есебінде жүреді. Ал этнограф: «бір қалдық шықса – тауық жылы» деп атап өткен болатын. Сол секілді 1994 жылғылардың осылай есептегенде 2 қалдық яки ит жылы шықты. Тіпті, 1992-ні 12-ге бөлгенде бүтін сан, яғни этнограф айтқан «Туған жылын Григориан күнтізбесі бойынша 12 санына бөлу керек, егер ол еш қалдықсыз бөлінбесе, мешін жылы дүниеге келген болып есептеледі» деген дәстүрлі ереже дәлме-дәл келді.

Міне, осындай бабалар танымындағы ғажайып дүниелерді жақын таныған сайын көкірегіңдегі ұлтқа деген сүйіспеншілік арта түседі-ақ. Осы орайда бастапқыда айтып өткен мүшел жас тақырыбына қайта оралайық. Негізінен мүшел жас қазаққа ғана емес, түркі жұртына тән. Орта Азия халықтарының көпшілігінде кездеседі. Ал, мұны жіктейтін болсақ, 13 жас – ержете бастау, 25 – жігіттік шақтың нақ өзі, 37  – орта жас, 40 – ақырын жүріп, анық басатын кезең,  60 – өз балаңнан тәтті болатын немере сүю, 73 – қарттықтың басы болар, 85 жас – кәріліктің келгені, 97 – қалжырап, ештеңеге жараусыз қалғаның, 109 – шөпшек сүю, 121-ге жетсең – неменеңді көргенің.

Бұл ықылымнан келе жатқан қазақтың мүшелді жіктегенде айтылар сөзі. Бұл жайлы Жағада Бабалықұлы: «Астрономия ғылымының есебі бойынша, әрбір 12 жылды Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір 12 жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бары анық. Бұрындары осы мүшелден аман шыққандар той жасап жататын. Ырым ретінде мүшелден шыққан соң өзінің ең ұнамды киімін жоқ-жітікке, иә болмаса ағайын-туысының біріне сыйға беретін», – деп салмақтайды.

Бұл ретте қазақтың ұғымына сіңісті болған ырым әлі де жалғасып келеді. Мүшелге кірген немесе шыққан адам әлгіндегідей жосынға басып киімін таратып жатады емес пе? Бұл орайда көбіне «адамға аса қатерлі 13 пен 37 жастағы мүшел» дейтіндер де бар. Дегенмен, әр адамның өлшеп-пішіп қойған пешенесі барын да қаперде ұстаған жөн. Дәл осы арада 13 санына қатысты бірқатар қызық мәліметті ұсына кетуді жөн санап отырмыз. Оны да аталмыш еңбектен алғанымызды жасыра алмаймыз. Мәселен, 13 санынан қауіп күтетін елдердің бірі жапон халқы екен. Олар әрбір қызметін аталған жылы ауыстырып отырса, кейбір өркениетті елдер бұл санды қолданбауға тырысатын көрінеді.

Мәселен, Еуропа халқының біршамасы ұшақ реийсіне, қонақүйлерінің қабаты мен бөлмелеріне, театр орындықтарының қатары мен санына 13 санын жазбайды екен. Бұл тұрғыдан алғанда 13 жылда нәубет қайталанып келуі де мүмкін дейді біздің этнограф. Мәселен, өткен ғасырдың алғашқы мүшелдік кезеңіндегі ызғар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласса, 1926 жылы миша былыққан саясат уыты 32-нің ашаршылығына соқтырып, отыз тоғызыншы жылдары жоспары сызылған әлемдік соғыс 1941 жылы тұтанып, сан миллон адамды жалмаған. Ал одан 13 жыл өткенде, яғни 1954 жылдың тың игеруі де есін жия алмаған елді титықтатып кеткен-ді. Міне, бұл да дәстүрін дәріптеген ғалымдардың санасына жарықшақ түсіріп, қаламына қуат болған мысалдың бірі. Бұл орайда, біз осындай тылсым дүниені оқырманға жеткізуді ғана мансұқ тұтып, «теріс-түзу» деп болжам жасаудан аулақ болғанымызды айтқымыз келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды