МӘСЕЛЕ. ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖЕРДІҢ ЖАЙЫ

Уақыты: 13.05.2023
Оқылды: 955
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы аэроғарыштық зерттеулер нәтижесінде Жетісу облысында барлығы 857,2 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер анықталды. Бұл 4166 жер пайдаланушының иелігінде болған. Қазірге дейін мемлекет меншігіне оның 128,5 мың гектары қайтарылды. Нақтылап айтсақ, 121,3 мың гектар жайылым, 6,9 мың гектар егістік, 300 гектар шабындық. Биыл 220 мың гектар пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Жыл басынан бері 64,8 мың гектары қайтарылғаны айтылады. Демек, жыл соңына дейін өткен және биылғы жылдағы жұмыс нәтижесі бойынша 30%-ға жуық жер қайтарылады деген сөз.

Десек те, бұл бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде атқарып жатқанда, тіпті нақты шаралар қолға алынбаған аудандар да бар. Мысалы, Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының өткен жылы пайдаланбаған жерлерді қайтару 13,2%-ды құраса, Ескелді ауданы 7,4% ғана орындаған. Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл маңына жақын орналасқан жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылған соң жоспарға енгізіліп, халық мұқтажына, ал егістік жерлер нақты ауыл шаруашылығы пайдаланушыларына конкурс арқылы табысталуы тиіс еді. Алайда, Кербұлақ ауданынан басқа өңірлерде нақты жоспар бекітілмеген. Осының салдарынан ауыл тұрғындарына мал жаюға қажетті қосымша 688 мың гектар жайылымдық жерді бекітіп бере алмай отыр.

Жердің мақсатты пайдалануын қадағалау тікелей ауылдық округ әкімдерінің міндеті. Алайда жергілікті жерлердегі округ әкімдері қадағалау тұрмақ, жер иелерінің артық жерді қандай мақсатта пайдаланып отырғандығынан хабарсыз. Тіпті, мемлекет меншігіне қайтарудың заңға сәйкес өзіне жүктелген тікелей міндетін толық атқарудың тәртібін білмейді. Себебі, ауыл әкімдерінің тарапынан уақытылы мониторинг жүргізілмейді және инвест жобалардың іске асырылуы да бақылаудан тыс қалған. Сондай ақ, аудан, ауылдық округ әкімдерінің жауапсыздығынан халық арасында наразылық туындауда. Бұл әлеуметтік желелерде жиі жарияланып тұрады.  Мысалы, Ақсу ауданының Тарас ауылы, Ескелді ауданының Бақтыбай ауылы, Көксу ауданының Жамбыл ауылы тұрғындарының жер мәселесін көтеріп, шағымданған жазбалары әлеуметтік желілерде таралып жүр. Сонымен қатар, өткен жылы Ақсу ауданы әкімдігі тарапынан Матай ауылдық округінің қосалқы жер қорынан заң талаптарын өрескел бұза отырып, 46 мың гектар жерге жүргізілген конкурстың заңсыздығы ауыл тұрғындары арасында үлкен дау-дамайға айналғанын бәріміз көрдік. Соңында ауыл тұрғындары арасындағы берекесіздікке ұласып кетті. Оның зардабы әлі жойылған жоқ.  

Былтыр облыс аумағында орын алған және барлық жұрт хабардар болып, жағасын ұстатқан жағдай басқаларға да сабақ болуы керек еді. Өкінішке қарай, осындай кемшілікті көре тұра Ескелді ауданының әкімдігі заң талаптарын өрескел бұзып, биыл 13 сәуірінде Қайнарлы ауылдық округі аумағынан 225,8 гектар тәлімдік егістікке конкурс өткізіп, салдарынан тұрғындардың наразылығын туындатты. 

Жергілікті биліктің қателігімен қатар тұрғындардың да жауапкерсіздігі көріне бастады. Мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдық, егістік, тәлімді жерлерді конкурс бойынша ұтып алған пайдаланушылардың арасынан да мақсатқа сай жұмыс істемегендері анықталып жатыр. Оған Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылындағы жер мәселесін айтуға болады. Ал жер дауы бір атаның баласынның, тіпті бірге туған ағайындар арасындағы келіспеушілікті туындатуда. Қаратал ауданы, Қанабек ауылындағы ағайындылардың жер дауы да осыған саяды.

Ірі көлемде жер телімін алып, игермеген латуфиндистер де жетерлік. Айталық, Ақсу ауданы, Қапал ауылындағы «Күреңбел» шаруашылығыың 10,3 мың гектар жайылымды пайдаланбай отырғаны жайлы ауыл тұрғындары жиі шағымданып жүргенін білеміз. Ал Жер инспектор платформасы арқылы тексеріс жүргізгенде Сарқан ауданындағы «Жетісу биф» ЖШС 30,1 мың гектар, Алмалы ауылдық округінде 12 мың гектар, Амангелді ауылдық округінде 100 гектар, Екіаша ауылдық округінде 18 мың гектар, Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылдық округінде  «Агрофирма Жанатов» 35,9 мың гектар, Қаратал ауданы, Бастөбе ауылдық округіндегі  «Текелі Agro Servis» 25 мың гектар, Балпық ауылдық округінде «Жексембиев» 16 мың гектар және Байшегір ауылдық округіндегі «Батыр» жеке кәсіпкерлігі 15 мың гектар жерді игермей отырғаны анықталған.

 Бүгінге дейін облыстағы игерілмей жатқан жерлердің 30%-ын ғана мемлекет меншігіне қайтарғанда осындай келеңсіздіктер туындады. Демек, 857,2 гектар жерді толық қайтарғанша әлі қанша жаға ұстатар жағдайдың боларын нақты айта алмаймыз. Демек, біз тек игерілмей жатқан жерді қайтарумен қатар, осы мәселеде туындайтын келеңсіздіктерді болдырмаудың да шарасын қатар атқара білуіміз керек.

Қажет Андас
Сурет ғаламтордан алыныды