ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫНЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 869
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы жылдың ақпан, сәуір айы халықаралық деңгейдегі дүбірлі екі оқиғамен есімізде қалды. Дүбірлі және халықаралық дейтініміз – мәдениет, ғылым, журналистика саласының кілең мықтыларынан құралған 10 адамдық топ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерін бір шулатып, олжа салып қайттық. Бұл шараға мұрындық болған ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрағасы «Құрмет» орденінің иегері Бақытжамал Оспанова еді. Енді қазақ елінің атынан зор жауапкершілік арқалап барған бұл делегацияның құрамы мен атқарған шаруасын тарқатып айтайық.

Көпшілікке мәлім, биыл Мемлекет және қоғам қайраткері қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алғаш  әкелген қарымды қаламгер, жазушы, драматург Кемел Тоқаев ағамыздың туғанына 100 жыл толады. Жазушының өмір жолы мен адыра қалып сөгілген ақ сауыттай иір тағдыры Қырғызстан, Өзбекстанмен терең байланысып жатқанын, оның шығармашылығында ел жағдайы, қоғамның келешегі туралы кесек-кесек, келелі ойлар тұнып тұрғанын әу бастан бағамдап алған Бақытжамал Қайырбекқызы өз ішінен бір шаруаны атқарып тастауға бел буады. Бұл шаруасын жаһанға жария қылып, ешкімді шулатпай-ақ өзіне етене жақын 10 адамнан шығармашылық топ құрып, қызу дайындыққа кірісіп, көршілес елдердегі әріптестерімен хабарласып, ойға алған ісінің мерзімін, орнын және жүргізу бағыты жөнінде келісімді бекітіп алады.

Делегацияның құрамына «Құрмет» орденінің иегері кемелтанушы Бақытғали Сақымқожаұлы, қоғам белсендісі Сәуле Шаймерденқызы, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденнің иегері, «Қазақ», «Шалқар» радиосының Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Інжу-маржан» хабарының авторы, термеші, жыршы  «Қазақ», «Шалқар»  радиосының редакторы Қойшығұл Мұстафаұлы, Шалқар  радиосының редакторы «Кітапхана» хабарының авторы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Талант Арынғали, ҚР Ұлттық кітапханасының Қорды толықтыру қызметінің жетекшісі Қаншайым Мұсақызы, ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі Жанар Алпысбайқызы, ҚР Ұлттық кітапханасының  Сыртқы байланыстар мен имидждік жұмыстар қызметінің жетекшісі Ерден Серікханұлы, Талғар аудандық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Резвангүл Төлегенқызы енді.

Мақсат белгілі – өмірі мен өнегелі ісі ел есінде сақталған танымал жазушы Кемел Тоқаевтың мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қазақ, қырғыз һәм өзбек халқының тарихи, мәдени, әдеби, туыстық байланысын еске алып, ортақ құндылықтарды бөлісіп қайту. Сонымен тиісті дайындық жасалып, межелі уақыт тақалып, осы жылдың 16 ақпанында аталмыш делегация Қырғыз еліне аттанып кеттік. Әрқайсымыздың басымызды бір-бір қиял шарлап, терең ойдың жетегінде Алматыдан Қордай асып кете бардық. Басқаларды қайдам, өз басыма бұл ұжым кешегі Орман ханның жиынына Тезек төре мен Бөлтірік шешен бастап, қызыл Екей Сүйінбай ақын қоштап  бара жатқан еліміздің қазыналы тұлғаларының сапарындай көрінді.  Әбден тарихтың сарғайған парағынан сары алтын іздеп үйреніп қалған басыма жазушы Кемел Тоқаевтың артына қалдырған сүбелі мұрасымен қатар, қазақтың қазақ болуына мол үлес қосқан  көш бастаған қоңыраулы құба нардай оның арғы ата-баба, тек-тамырлары, бірнеше тарихи тұлғалары елестеп бара жатты.

Кейбірі Кемел Тоқаевтың Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында 1923 жылы туғанын сөз қылып отырғанда,  одан 1000 жыл бұрынғы тарихымыз және 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен із қалдырған қаралы оқиға санамда сапырылысып жатты. Осыдан 2 жыл бұрын Кемел ағамыздың табанының табы қалған  ауылға менің де баруыма тура келген. Өйткені  ХVІІІ ғасырдың ірі тұлғасы әрі биі һәм шешен, жауынгер батыр Жалайыр тайпасының көсемі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзенінің аралығында жоңғарға қарсы шайқаста қолбасшылық дарынымен ерекшеленген, кейін қазақ жері жаудан тазартылған соң, босқын елді атамекеніне қайтаруға да үлес қосқан  Кемел ақсақалдың арғы атасы Жолбарыс би Жылқайдарұлы (1671 – 1761ж.ж.) бабамыздың 350 жылдығына арнап «Ұлы тұлғалар» атты хабарымның бірнеше шығарылымын арнағанмын. Сол жылы қазан айының соңына қарай  сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Кәлпе ауылында Жолбарыс бидің үлкен кесенесі күрделі жөндеуден өтіп, Талдықорған қаласында ескерткіші ашылды. Осы іс-шаралардың басы-қасында болып, Кәлпе ауылына барып, бабалар рухына тағзым етіп, Құран бағыштап қайтқаным бар еді. Қиялыммен аралас тәтті ойлардың құшағында тербеліп қырғыз еліне жетіп қалғанымызды да байқамай қалғандаймын.

Сонымен А. Осмонов атындығы Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының Абай залында Мемлекет және қоғам қайраткері, шытырман оқиғалы детектив жанрынының қазақ елінде негізін салушы, қарымды қаламгер, драматург Кемел Тоқаев ағамыздың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты жазушыны еске алу кеші мен арнайы безендірілген кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кеште сөз тізгінін ұстап отырған Бақыт  Жағыпарұлы екі елдің достығы, туыстығы жөнінен сөз айтып, ақын Талант Арынғали жырдан шашу шашты. Бірінші сөзді Ұлттық кітапхананың басшысы Бақытжамал Қайырбекқызы терең толғаныспен бастады.

Әйгілі жазушы Кемел Тоқаевтың балалық шағы, сонымен қатар оның ең қасіретті де өкінішті күндері осы Бішкек қаласында басталғанын тілге тиек етті. Сонау 1931 жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылық қазақ халқының жартысынан көбін алып кеткені мәлім. Сол кезде қасіреттен қан жұтып, зардап шеккен көптеген қазақ отбасылары жан сақтау мақсатында Қытай асса, Кемелдің әкесі Тоқа 1933 жылдары Отан мен ағайын-туыстан алыстап кетпеу үшін жат жаққа барудан бас тартып, көрші Қырғыз еліне аттанған екен. Ол кезде Фрунзе – бүгінгі Бішкек қаласына келіп, бір орыстың шағын кепешігіне орналасып, шаруашылығында қара жұмыс істеуге келіседі. Қожайынның есімі Яков, ақсақал оны «Жақып» деп атап кетеді. Ауыр тұрмыс, күнкөрістің ауырыртпалығы әсерінен Тоқа ақсақалдың бәйбішесі Тәфуза сал ауруына ұшырап, төсек тартып жатып қалады. Бірде ақсақал еңбекақысына алған ескі етікті нанға айырбастауға базарға кетеді. Базарға жеткенде ілесе шыққан ұлдары Қасым мен Кемелден көз жазып қалады. Осы кезде көшеде иесіз жүрген жетім балаларды жинайтын милиция патрульдері Қасым мен Кемелді ұстап алып, отбасы, әке-шешеміз бар дегеніне қарамай, балалар үйіне күштеп апарып өткізіп жібереді. Үйінде кішкентай қызымен қалған ауру ана төсек тартып жатқанда, пеш түбінде жылынып отырған сәби аяғы тайып, лаулап жатқан отқа түсіп, жана бастайды. Тұруға қауқары жоқ ана сәбиіне көмек қолын соза да алмай, жүрегі мына сұмдыққа шыдамай сол жерде жан тәсілім етеді. Бақытжамал Қайырбекқызы әңгімесінің осы тұсына келгенде, залда сөз тыңдап отырған бірталай кісінің көңілдері босап, жанарын аяушылық жасы үйіріп жатыр еді. Өзекті өртеп, қабырғаны қайыстырып  жіберетіндей удай ащы сөз әрі қарай жалғаса берді.

...Кешігіп жеткен Тоқа мен Яков мына қасіретті көзімен көреді. Тоқа ақсақал кемпірінің басын құшақтап кешірім сұрағаннан басқаға шамасы да келмейді. Яков пешке су шашып өшіріп, жанып кеткен қыздың өлі денесін алып шығады. Екеулеп мәйіттерді жерлеп, жоғалған балаларын іздеуге кіріседі. Еш хабарсыз кеткен балаларын таба алмаған ақсақал, егер үйіңе келген жағдайда көмек қолын созуды өтініп, түнде белгісіз жаққа жол тартады. Сол кеткеннен ол кісі  оралмапты.

Тағдырдың қатал сынына ұшырап, отбасынан түгелдей ажыраған әкенің, ата-анасы, қарындасынан айырылған жас балалардың сол уақыттағы қасіретін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Жетімдер үйінде бір айдан астам тұрғаннан кейін үлкені  Қасым түнделетіп қашып шығып, ата-анасына жол тартады. Болған жағдайды Яковтан есітіп жүрегі қан жылап, балалар үйіне қайта оралып, досына бар жағдайды толық баяндайды.  

Сонда Қасым жан жүрегі езіліп отырып, досына былай деп егілген екен: «Біз енді жарық дүниеде Кемел екеуміз ғана қалдық. Егер маған бірдеңе болса, Кемел туған-туыссыз, қолдаусыз жалғыз өзі қалады».  Бұл әңгімені көрпе астында Кемел толығымен тыңдап, көз жасын төгіп жатқан еді. Солай көңілсіз күндер өтіп, 18-ге толған Қасым алғашқылардың бірі болып майданға алынады. Жапанда жалғыз қалған қос тұлдыр жетім интернат жанындағы сәкіде үнсіз тұнжырап, жұлым-жұлымы шыққан аяқкиіміне тесіле қарап, зіл-батпан үнсіздік басып, енді ешқашан бірін-бірі көре алмайтынын сезгендей ауыр қоштасады. Кемел  интернатта орта білімге қол жеткізеді. Бір жарым жылдан соң өзінің де соғысқа баратын кезегі келеді. Өкінішке қарай  Қасым Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында  1942 жылдың ақпанында қаза табады.

Баяндамашы әңгімесінің осы тұсына келгенде, айналама көз тастадым, қазақ-қырғыз бауырлас тыңдарманның бәрі сілтідей тынып, неткен ауыр тағдыр деп іштей күйзеле тыңдай түсті. Сол кезде Кемел соңғы тірегі, жалғыз ағасы Қасымнан да айырылып, нағыз тас жетім болып қалады. 18-ден жаңа асқан жас ұлан сержанттар даярлайтын қысқамерзімді курсқа жіберіліп, онан соң Фрунзе жаяу әскер училищесін тамамдап,  Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге 226-шы атқыштар дивизиясының бөлімше командирі лауазымын жіберіледі. Қан майданда 3 айдан кейін жараланып, әскери госпитальга түседі. Емделіп болмай жатып, соғысқа қайта жіберуін өтініп, 7-ші гвардиялық танк полкіне кіреді. 1-Украина, 2-Белорус майданы Польшаны қорғауға қатысады.

Осы майданда ауыр жараланып, сүйегі мылжаланып кеткенін көрген дәрігерлер оң аяқты кесуге ұйғарады. Есін жиған сарбаз аяғын кескесін өмір сүрудің маңызсыз екенін айтып, лажы келсе кеспеуін өтінеді. Дәрігерлер келісім беріп, оны Гомельдегі госпитальға аттандырады. Белоруссияда әскери-медициналық комиссияның шешімімен соғысқа жарамсыз деп тауып,  Омбыдағы әскери госпитальға жіберіледі. Ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылдың аяғында 2 рет Отан соғысы орденімен, басқа да көптеген медальмен марапатталды» деп сөзін аяқтады баяндамашы.

Міне, келешек жазушының азапқа толы өмір жолы осылай өрбіген екен. Іле-шала көпшілікке «Хабар» телеарнасы түсірген Кемел Тоқаевқа арналған «Өнегелі өмір» атты деректі фильмі ұсынылды. Кемелтанушы  Бақытғали Айжігітов Кемел Тоқаевтың шығармашылық қырын талдай келіп, түркі әлеміндегі детектив жанрының атасы екенін жан-жақты дәлелдеп берді.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің өкілі Алмаз Мұратбеков конференцияға қатысып отырған ақын-жазушыларға, әдебиеттанушыларға, қоғам қайраткерлеріне, БАҚ өкілдері мен Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшілігінің қызметкерлеріне, өзге де оқырманға ілтипатты құттықтау сөзін айтты.

Жиын соңында Қазақстанның мәдени мұрасын басқа елдерде насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасының  айырбас-резервтік қорынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 260 дана кітап Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды. 10 адамдық делегация мәнді де мазмұнды конференцияны тамамдап, көңілге ұялаған көк кептердей келелі ойларды іштей саралап, елге қарай бет алды. Алдағы жоспар Өзбекстан елі.

Сәуір айының 6-жұлдызы. Дәл осы құрамдағы шығармашылық топ Өзбек еліне келдік. Бірінші кезекте Шайхантауыр зиратында мәңгілікке дамылдаған Төле би бабамыздың басына барып, зиярат жасап, Құран бағыштадық. Ә. Науаи атындағы кітапханаға ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі қойылды. Бұл жолы да сөз тізгінін ақын Бақыт Жағыпарұлы алып, «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты іс-шара бастап берді.

Жиында Таланттың талғамды жыр толғамдары, Бақыт Қайырбекқызының тұшымды баяндамасы, кемелтанушы ақсақалдың өмірлік естеліктері айтылып, тәлімді бейнеролик көрсетіліп, жиналған қауымды тамсантып отырды.

Мұнда Кемел Тоқаевтың  өзбек авторы, сыншы, Өзбекстан мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Назым Ниязимен 1980 жылы Ташкентте кездескені туралы нақты деректер келтірілді. Сол кезде Низами атындағы педагогикалық институтта жазушымен кездесу өтеді. Онда ол өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы, өзімен бірге болған майдандас жауынгерлер туралы баяндайды. Сондай-ақ, автордың шақыруымен Кемел Тоқаев Ташкентте тұратын қазақ диаспорасымен кездесіп, әңгімелеседі.

Бұл іс-шара Алматы қаласындағы Өзбекстан Республикасының Бас консулы Аброр Фатхуллаевтің, Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Әлімжанқызының Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Сыртқы Істер министрлігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің біздің бастамамызды қолдауы мен тікелей көмегінің арқасында мүмкін болғаны да елге паш етілді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып, «Әлемдік әдебиет кітапханасы» сериясында көрнекті өзбек ақыны, гуманист, философ, мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің «Стена Искендера. Газели» кітабы жарық көргенін өзбек елінің оқырманы есітіп, іші жылып қалды. Қазақ-өзбек халқының арасындағы өзге де мәдени байланыстары туралы біраз дүние ортаға салынды. Өзбекстан Ұлттық кітапханасының қорына «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шыққан, кітапхананың айырбастау-резервтік қорынан 128 дана кітапты сыйға тартылды.

Келесі кезекте сөз алған Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Әлімжанқызы келген қонақтарға алғыс айта отырып, Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейлі тойымен құттықтап, әкелген кітаптарды Ташкен қаласындағы студенттер мен қазақ диаспора өкілдері оқитынын айтып, ризашылығын білдірді. Әрине, Умида ханымның сөзінің растығына күмәніміз болған жоқ. Өйткені Өзбекстан Президентіне тікелей қарайтын Ұлттық кітапханасына біз болған 2 сағат көлемінде келіп жатқан қазақ жастары және студенттер мен мектеп оқушыларының санында есеп болмады. Келесі сөз кезегі маған берілгенде, жиналған көпшілікті қарт тарихтың терең қойнауында бұққан рухани дүниеден хабардар еттім.

ХVІІІ ғасыр біздің халқымыз үшін аса қайғылы, ауыр кезең болса, ал екінші жағынан, Шоқанша айтқанда, қаһармандық ғасыр, яғни ерлік ғасыры болды. Өйткені мемлекет басындағылар өз міндетін атқара алмады. Оны Төле, Әйтеке, Қазыбек, Жолбарыс, Ескелді, Балпық билер қолға алса, халықтың арасынан шыққан Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Қарасай, Шымыр Қойгелді, Қабан жырау сияқты, т.б. таңдаулы тарихи тұлғаларымыз  атқарды.

Енді  бүгінгі тақырыпқа сай, Жолбарыс бидің бабаларынан сөз қозғайын. «Қазақ айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп Мұхтар Әуезов баға берген суырыпсалма ақын Сүйінбай Аронұлы:

Одан да ары қарайын,

Таңбалы тасқа барайын.

Он екі ата ол жақта,

Тарақ дейтін жұртым бар,

Ақкөбікті өлтірген,

Орақ батыр мықтым бар, – дейді өз жырында.

Ақынның айтуынша, Жалайырдың ірі тұлғасы «Орақты батыр» оқиғасы ХV-ХVІ ғасырда болған.

Орақты жайын айтайын:

Тұрлықожа баласы.

Орақтың тапқан қонысы –

Қаратал, Көксу жағасы.

Өткеніне олардың

Бес-алты ғасыр шамасы,  – деп айтылатын жыр жолдарын зерттеуші ғалым Ораз Исмайылов та келтіреді. Көне архив құжаттарын ақтарып қарасақ, бидің арғы аталарына қарай жол тартуымызға тура келеді. Шыңғыс қағанның сенімді серігі және жан досы  (Мұқылы Гауин) Мұқылай баһадүрге келіп тірелеміз. Шамамен 1170 –1223 ж.ж. ғұмыр кешкен  ұлы қолбасшы, ақын әрі шешен. Тегі – ЖалайырШыңғысхан әскерінің 4 ірі қолбасшысының біріншісі, империядағы 9 төренің бірі әрі бірегейі атанып, жарты әлемді уысында ұстаған ұлы тұлға Мұқали батыр.

1206 жылы Құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қол астындағы елін 95 мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқылай бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ Шыңғысханның ең мықты 9 қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқылай еді. 1215 жылғы Пекинді (Бейжің) алған шешуші жеңістен соң Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады. Шыңғыс қағанның өте сенімді адамы, бас қолбасшысы, хан Орта Азияға жорыққа кеткенде оның сенімді өкілі ретінде Қытайды басқарады. Қарсыласын күрессе білекпен, сөйлесе шешен тілі, тапқыр сөзімен жығып, ақыл-парасатымен көзге түсіп, аты шыққан  Мұқылай Шыңғысхан империясы тарихында «Го ван», яғни «ұлы билеуші» лауазымына ие болған жалғыз адам.

Осылайша тектіліктің тізбегі Кемел Тоқаевқа қарай бет ала берген. Ол кісінің: «Күндіз – Отанға, түнде әдебиетке қызмет етемін» деп айтқанындай, хабар жасау барысында бізге де көп мәлімет, нақты дерек табуға тура келеді. Сол әдетпен өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, бүгінде 100 жасап отырған Кемел ақсақалдың  майдангер досы  Ізгілік Дабаев қариямен сұхбаттасқаным бар еді. Сол кезде қарт жауынгер бір күрсініп алып былай деп әңгіме өрбіткен:

Кемел Тоқаевпен соғыста танк бригадасында бірге болдым. Кемел өте ақылды, сауатты, адал адам болатын. Кейін ауыр жарақат алып, госпитальда жатты.  Жаралы аяғын дәрігерлер кеспек болғанда Елезаров дейтін профессор аман алып қалған. Бізде Сызғанов атындағы институт бар. Оның басшысы Сызғанов дейтін академик татар жігіті еді. Сол дәрігердің емінен соң  Кемелдің аяғы жазылып, ақсаңдамай түзу басып кетті. Ал Кемелмен соғыстан кейін Жоғарғы кеңесте бірге қызмет істедім. Адамгершілік қасиеті мол еді. Кемелдің тік сөйлейтін мінезі де бар. Былық-шылыққа жаны қас. Сосын қорқуды, сасуды білмейтін, бетке бір-ақ айтып, ойын бүкпесіз, ашық жеткізетін. «Турасын айтқан туғанына да жақпайды» дейді ғой. Кейде таяқ та жеді одан.   Келіншегі Тұрар жайдары, келбетті, қазақтың сырбаз бәйбішесі болатын. Кемел бәріміз бір асханадан тамақ ішеміз. Екеуіміздің де үй-күй, түгіміз жоқ. Бірде жұмыс орнымыз бізге саяжай берді. Содан оны қолға алып, тірлік қылғалы жүргенімізде бір күні Кемел жағдайы жоқ бір кісіге жерін сыйға беріп жіберді. Соғыстан кейін қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған көрнекті қаламгерге айналды. Тілі жақсы, шиеленісті оқиғаларды суреттеудің шебері, ішінде артық сөз жоқ, түсінікті жазады. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 2 дүркін «Ерлігі үшін» медалінің,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамоталарының иегері, – деп өткен күнді еске алды майдангер досы.

 Қаламгер парақорлар, жемқорлар ниеті бұзық қылмыскерлерге мүлде жол бермеу үшін газеттердің атқаратын рөлінің де ерекше екенін баса айтқан. Міне, қаншама өмірдің қиыншылығын басынан өткерсе де, мойымай, сынбай халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен қаламгерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ.  «Жаның жаннатта болып, нұрың пейіште шалқысын» қарт майдангер!

Қойшығұл Мұстафаұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері
Сурет ғаламтордан алынды