Самокаттар көлік құралы ретінде танылуы мүмкін

Уақыты: 13.05.2023
Оқылды: 1068
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күн жылынып, жаз жақындаған сайын электросамокатпен жүрушілер қатары еселеніп келеді. Әсіресе, бұл үрдіс ірі мегаполистерде көптеп байқалады. Соған сай тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағым саны да өскен.  Мысалы, жыл басынан бері самокатқа қатысты 44 оқиға тіркелсе, былтыр 1 адам қайтыс болды.

Осындай олқылықтардың алдын алу, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, самокат жүргізетіндердің жауапкершілігін күшейту үшін заң жобасы әзірленді.  ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданды. Аталмыш заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген екен. Жиында сөз алған депутат Екатерина Смышляева:

– Соңғы жылдары көшелерде жаңа көлік құралдарының пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл электросамокаттар, гидроскутерлер, монодөңгелектер және т.б. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электросамокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде, – деді.

Елімізде электросамокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды. Аталмыш көліктің жүрісін реттейтін алғашқы түзетулер топтамасына сәйкес электросамокаттар көлік құралы ретінде танылады. Сондай-ақ, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электросамокатқа жатады. Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Ал, тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат беріледі. Нәтижесінде тротуарлардағы жылдамдықты шектеу арқылы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Электросамокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда ол үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюуі керек. Сонымен қатар, үстінде арнайы киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Электросамокатта жүк пен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Электросамокат жүргізушілері жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек.

Жиында сөз алған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елімізде мопед пен самокат жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы жиілегенін айтты. Оның сөзінше элек-тросамокатқа мемлекеттік нөмірлерді енгізу жоспары әлі қарастырылмаған. «Бүгінде бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ, бірақ алдағы уақытта қарастыратын боламыз, мұнда тек самокаттар ғана емес, мопед пен велосипед те бар», – деген ІІМ басшысы самокат тебетіндер тротуармен жүрсе, басымдық жолаушыларға (жаяу) берілетінін ескертті.

Құжатты жалпы отырысқа қатысып отырған 95 депутаттың 91-і жақтаса, төртеуі қалыс қалды. Енді құжат Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенаттың қарауына жіберілді.

Байқасаңыз, кейінгі уақытта аталмыш көлік түрі Талдықорған қаласында да көбейген. Өткен жылы санаулы байқалса, қазір қаланың кез келген көшесінен кезіктіруге болады. Оған себеп, жалға берілетін самокаттардың келуі. Ұялы телефонға «Jet» қосымшасын жүктеп, QR-код арқылы минутына 35 теңге төлеп самокат жүргізуге болады. Жас демей, жасамыс демей барлығы бірдей қалаған уақытта алып, діттеген жеріне бара алады. Тіпті, бір самокатқа екеулеп мінгесіп бара жатқандарды да көзіміз шалды. Ал, кешкілік «Жастар» саябағына бара қалсаңыз, электросамокат, гидроскутер, монодөңгелек, велосипедтің түр-түрін көруге болады. Балалар көп баратын жерде жылдамдық сақтап жүргендерді байқамадық.

Самокатқа қатысты басқа елдердегі жағдаймен танысып шықтық. Мысалы, АҚШ-тың кей штаттарында оған тыйым салынған. Парижде бір ай бұрын көліктің бұл түрін шектеу туралы референдум өтіп, көпшілік қарсы дауыс берді. Нәтижесінде күзде электросамокаттар Париж көшелерінен кетеді. Мәскеуде оларға жол ережесінде арнайы статус белгіленген. Ал біздің елде самокатқа қатысты депуттаттар болашақта тағы бір түзетулер топтамасын енгізуді көздеп отыр. Сонда инфрақұрылым мәселелері реттелмек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ