Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіруге баса мән беріле бастады

Уақыты: 14.05.2023
Оқылды: 836
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы жылдары Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіруге баса мән беріле бастады. Сөйтіп, жергілікті шаруалардың байырғы кәсібінің бойына қайта қан жүгірді. Бұл жұмыс биыл да жанданып, тәтті түбірге арналған егіс алқабының көлемі ұлғайды. Бағалы дақылды өсірудегі шаруа жайын облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет  Кененбаев айтып берді.

– Нұрдәулет Сағадиұлы, көктемнің соңғы айына да келіп, жеттік. Бұл уақытта егіс жұмыстары қызып, қарбалас тірлік сонау күзге дейін жалғасады. Осы ретте қант қызылшасын өсіріп, алқабын ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес шығар?  

 – Әрине, бұл туралы үнемі айтылып келеді. Өздеріңізге белгілі, Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет қаулысымен «Қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспар» бекітіліп, нақты іс-шаралар қарастырылды. Осыған байланысты биыл 8100 гектар жерге қант қызылшасын егу жоспарланды. Нәтижесі жаман емес. Бүгінге дейін 363 шаруашылық     7 689 гектар алқапқа қызылша тұқымын сеуіп үлгерді. 

– Жалпы, биыл шаруалардың қызылша өсіруге деген ынтасы қалай, олар үшін мемлекеттен қарастырылған қандай жеңілдіктер бар?

– Шаруашылықтардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл егін шаруашылығы бағытына 7,9 млрд. теңге бөлінді. Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 млрд. теңгеге жоғары. Оның ішінде минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді, басым дақылдарды, ауылшаруашылығы дақылдарының тұқымдарын субсидиялау бар. Жоғарыда атап өткенімдей, қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтардың сатып алып, қолданған минералды тыңайтқыштары мен пестицидтері, тұқымдары үшін субсидиялар қарастырылған. Сонымен бірге, өткізілген 1 тонна қант қызылшасының субсидиялау нормативі 15-тен 25 теңгеге көтерілді. Нәтижесінде 1 тонна қызылшаның бағасы 40 мың теңгені құрайды. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,2 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, мақұлданды. Көктемгі дала жұмыстарына аграрлық несие корпорациясының 2 бағдарламасы бойынша 2 583,7 млн. теңге алуға 109 өтінім мақұлданып, 82 өтінім берушіге 1 690,8 млн. теңге несие бөлінді. Соның ішінде «Кең далаға» 48 өтінім бойынша 800 млн. теңге, «Агробизнеске» 34 өтінім бойынша 890,8 млн. теңге берілді. 

– Сөз арасында облыс бойынша қант қызылшасын өсіріп, жоғары өнім алып жүрген ірі шаруашылықтарды атап өтесіз бе? 

– Қызылша егіп, өсірудің барлық қиындығына төтеп беріп, маңдай терлетіп жүрген шаруашылықтарымыз облыста аз емес. Оларды мақтан етіп айтуға болады. Мәселен, биыл Ескелді ауданындағы «Дюсенбинов А.» ШҚ 215 гектар, «Хльниченко и К» ШҚ 238 гектар, «Демеу» ШҚ 115 гектар, «Сарыев С» ШҚ 80 гектар, «Ж-Анар» ШҚ 75 гектар, «Есимжанов М.А.» ШҚ 68,3 гектар, «Романенко В.П.» ШҚ 50 гектар, «Нам Г.Н.» ШҚ 75 гектар, «Несипбаев А» 50 гектар, «Климантович В.А.»  50 гектар, «Мирас» ШҚ 50 гектарға қызылша егеді. Ақсу ауданында да ерекше қырынан танылып жүрген қожалықтар бар. Атап айтқанда, «Аюхан» ШҚ 100 гектар, «Ақсу қант зауыты» ЖШС 60 гектар, «Даулет Б» ШҚ 60 гектар, «Жақсылық» ШҚ 55 гектар, «Алихан» ШҚ 40 гектар, «Зейін» ШҚ 40 гектар, «Дидар» ШҚ 30 гектар алқапты осы дақылға арнаған. Ал Қаратал ауданында «Гладиус Қаратал» ЖШС 100 гектар, «Бақыт Қаратал» ЖШС 80 гектар, «Молжигитова» ШҚ 80 гектар, «Егемендік» ШҚ 70 гектар, «Хан Л.В.» ШҚ 50 гектар алқапқа тәтті түбір өсіреді. Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ШҚ оны 500 гектар жерге дән сеуіп, өңір экономикасының өсуіне атсалысуда. Көксу ауданында да қызылша өсірушілер көп. Мәселен «Алаң» ШҚ 220 гектар, «Қыдырәлі» ШҚ 134 гектар, «Құрақты» ШҚ 130 гектар, «Алим Таяр» ШҚ 111 гектар, «Кең дала» 86 гектар, «Жалайыр» ШҚ 85 гектар, «Қайнар Көксу» ШҚ 80 гектар, «Балпық» ЖШС 80 гектар, «Құралай» 40 гектар, Сарқан ауданында «Мұхамади» ШҚ 135 гектар, «Алмалы» ШҚ 100 гектар, «Муханов К» ШҚ 100 гектар, «Абылқасымов» ШҚ 110 гектар, «Полухин Е.Ю.» 70 гектар, «Гүлдәурен» ШҚ 50 гектар, «Самал» ШҚ 57 гектар, «Мадияр» ШҚ 50 гектар, «Бекишов» ШҚ 50 гектар, «Сұлтан» ЖШС 40 гектар, Талдықорған қаласындағы «Жер ана» АШӨК 70 гектар жерге қант қызылшасын өсіреді. 

– Ақсу, Көксу қант зауыттарының жұмысы бүгінде қалай жүріп жатыр?

– Көксу қант зауыты тарапынан шаруашылықтардың көктемгі дала жұмыстарына (1 гектарға 100 мың теңгеден) 567,8 млн. теңге берілді. (Облыс бойыша 340 шаруа қожалығынан 711,6 млн. теңге өтінімдер берілген). Ақсу қант зауытында өткен жылы қамыс шикізатын қайта өңдеу бойынша технологиялық желіні орнату басталып, бүгінде жұмыстар 98 пайызға аяқталды. Биыл 40 мың тонна қант құрағын өңдеу жоспарда бар. Көксу қант зауытында жыл басынан бері 8 мың тонна қамыс қанты өндірілді. Жалпы биыл 92 мың тонна қант, оның ішінде 34 мың тонна қызылша және 58 мың тонна қамыс қантын шығару көзделіп отыр.

– Қызылшаның қай тұқым түріне сұраныс басым немесе қайсысы көбірек егіліп, өсіріледі?  Жалпы, тұқым сапасына да тоқталсаңыз?

– Жоспарланған 8,1 мың гектарға қажет тұқым 11,3 мың себу бірлігін құрап, шаруашылықтардан алдын ала 9,5 мың себу бірлігі болатын германиялық «KWS», америкалық «BTS», француздық «Florimond Desprez» компанияларының тұқымдарына өтінімдер алынып, Көксу қант зауыты арқылы қамтамасыз етілді. Сонымен бірге 14 шаруа қожалығы 1,7 мың себу бірлігін (1,2 мың гектар) басқа тұқым өткізуші компаниялардан сатып алды. Тағы айтып өтетін мәселе, биыл 15 шаруа қожалығы 980 себу бірлігі болатын «Конвизо Смарт» тұқымына өтінім беріп, 817 гектарға септі. Жалпы, жеткізілген тұқымның бәрі «ЖетісуАгрЭкс» ЖШС аккредиттелген зертханасынан тексеруден өткізіліп, жоғары сапа көрсетті. 

– Қант қызылшасын егіп, жинайтын техникалар ше?

– Басқармамен жүргізілген инвентаризация бойынша облыс аумағында қант қызылшасы дақылын егетін сепкіштердің саны 66 дананы құрады. Бүгінде  алқаптар себу агрегаттарымен дер кезінде қамтылып, егіс жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге, облыс бойынша қант қызылшасының күзгі жиын-теріміне 61 дана комбайн қатысады деп жоспарлануда, оның ішінде өздігінен жүретін комбайн 22, тіркемелі комбайн  39 дана (Ақсу  14, Ескелді 15, Қаратал 6, Көксу 13, Сарқан 11, Кербұлақ 2 дана). Аталған техникалар егіс жұмысы мен жиын-терімді уақытылы жүргізуге септігін тигізеді. Жалпы, техникадан таршылық жоқ.

– Судан тапшылық болмай ма немесе осы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Қазсушар» РМК Алматы филиалы және «Сарқанирригация» РМК тарапынан суару науқанын жоспарлы және үздіксіз жүргізу, су тапшылығының, басқа да туындайтын мәселелердің алдын алу, шешу жөніндегі жедел штабы құрылды. Суару науқанын сәтті өткізу үшін жұмыс жоспарына сәйкес іс-шаралар атқарылатын болады. Мәселен, гидротехникалық құрылымдар қалпына келтірілуде. Суару науқаны мамыр айының 20-сына жоспарланған. Су арналары мен бөгеттерін тазалау жоспар бойынша жүруде. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Казгидромет» РМК-ның ағымдағы суару науқанына арналған таулы өзендердің маусымдық гидрологиялық болжамы туралы да айтып өтейін. Мәселен, Жетісу Алатауында (Көксу, Қаратал, Басқан, Тентек өз.) жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық нормадан жоғары (норма –134 мм., нақты – 237 мм.), алайда қар қоры орташа көпжылдық нормадан төмен (норма –118 мм., нақты – 98 мм.). Яғни, вегетациялық кезеңде су көздерінде су деңгейінің күрт төмендеуі байқалып, суармалы су тұрақсыздығы орын алған жағдайда суды бөлісу мен суармалы суды арнадан арнаға кезегімен алмастырып, мамандармен су өлшеу жұмысы жүргізіліп, түнгі уақытта кезекшілік ұйымдастырылады.

– Бағалы дақылды өсіруге байланысты басқа да жоспарлар бар ма?.

– Жоғарыда айтып өткеніміздей, қант өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға жеткізу, мәселен биыл 8,1 мың, келесі жылы 10,7 мың, одан арғы жылы 12,2 мың гектар жерге қант қызылшасын егіп, 2023 жылы 287,5 мың тонна, 2024 жылы 374,5 мың тонна, 2025 жылы 427,2 мың тоннаға, сөйтіп, жалпы түсім 525 мың тоннаға жеткізіледі деп көзделіп отыр.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Айгүл Байбосынова