Қарапайым мамандыққа сұраныс көп

Уақыты: 15.05.2023
Оқылды: 810
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен тұрғындарды жұмыспен қамтудың жағдайы және алдағы міндеттерді нақтылау мәселелері бойынша Үкімет отырысы өтті.

 Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда орта және шағын бизнестегі үлес жыл сайын артып келеді. Айталық, бұрынғы жылдармен салыстырғанда өткен жылдың өзінде жұмыспен қамтылғандар саны 17 пайызға өскен. Биыл жыл басындағы мәліметке сәйкес шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 4 миллион адамды құрады. Оның 30 пайызы сауда, 11 пайызы ауылшаруашылығы, 9 пайызы қызмет көрсету секторы, сондай-ақ, 8 пайызы құрылыс және өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейді.

Отырыста «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмыстары да тыңдалды:

– Биыл кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша 51200 кәсіпкерге сауалмана жүргіздік. Соның ішінде 13 мың субъектіге 134 мың жұмысшы қажет екендігі анықталды. Әсіресе, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында кадр қажеттілігі басым. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сауда, өңдеу саласы, құрылыс, білім, ауылшаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласындағы мамандарға қажеттілік артып отыр. Жұмысшы мамандықтары ішінде тігінші, аспаз, күзетші, қара жұмысшы, тракторшы, машинист мамандықтарына сұраныстың әлі де көптігі белгілі болды, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Тимур Жаркенов.

Бүгінде ел аумағында кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыс орнын ашуды жоспарлағандарды оқытатын 600-ден аса оқу орны бар. Өткен жылы оқу орталықтарына 11400 адам оқуға жіберіліп, оның 10800-і оқуын аяқтаған. Жұмысқа орналасу деңгейі 85 пайыздан асқан. Биыл оқу орталықтарында 12 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгінде тілек білдіргендерге қаржылай емес қолдау тетіктері де жақсы қолға алынған. Осыған орай кәсіпкерлердің құзыретін дамыту, әкімшілік жүктемені азайту, іскерлік байланыстарды кеңейту бағыттарында  нәтижелі жұмыс атқарылуда.

Соңында  Үкімет басшысы тиісті министрлік өкілдеріне отырыста көтерілген мәселелерді назарға алып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесе отырып, нақты шаралар қабылдауды тапсырды. 

Қажет Андас
Сурет ғаламтордан алынды