"Мейрамханада тойлауға болмайды": Соңғы қоңырау қалай өтуі тиіс?

Уақыты: 15.05.2023
Оқылды: 882
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Оқу-ағарту министрлігі мектептерде соңғы қоңырау қандай форматта өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігінің дерегіне сүйеніп.

31 мамыр барлық мектептерде кестеге сәйкес қорытынды сабақтар өтеді, содан соң сынып жетекшілері тәрбие сағаттарын өткізеді.

"Тәрбие сағатының мақсаты – оқу жылының қорытындысын шығару, балаларды жазғы демалыс кезеңіне дайындау. Мұғалім демалыста оқу керек кітаптар тізімін, көруге тұрарлық фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларымен таныстырып, еңбектің пайдасы, ата-аналарға, ата-әжелерге қолдан келгенше көмек көрсету туралы әңгімелейді", – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

Ол тәрбие сағатында патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, достық, бейбітшілік, ел тарихын құрметтеу, саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу тақырыптары талқылануы керек екенін атап өтті.

Ал соңғы қоңырау 1 маусымда өтеді.

"Министрлік соңғы қоңырауды дәстүрлі түрде өткізуді қолдайды. Министрліктің нормативтік құқықтық құжаттарында мұндай іс-шара болған жоқ. Бұл ретте соңғы қоңырауларды 1 маусым Балаларды қорғау күніне сай өткізу ұсынылады", – деп толықтырды вице-министр.

Өкіл жиын мен мереке мейрамханада емес, тек мектеп қабырғасында өтуі тиіс деп түсіндірді.

“Педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіп, аниматор, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды жалдауға және қаражат жинауға жол берілмейді. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға тыйым салынады”, – деді өкіл.

Сурет ашық дереккөзден