Кеңес. ҰБТ тапсырғанда ескеретін жайт

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 560
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Міне, аз уақыттан соң мектеп бітіруші түлектер оқуды аяқтап, университет табалдырығын аттауға қадам жасайды. Осы орай да жердің ортасындағы «Ұлттық бірыңғай тестілеу» атты үлкен көпірден өту өте маңызды. ҰБТ- мектеп табалдырығын тәмәмдап, болашаққа бағдар жасар алдындағы қорқыныш пен қобалжуғa толы сынақ . Ол үшін  ҰБТ-ны тапсыруға қажетті кеңестерді білу артық етпейді. Төменде берілген кеңестерді пайдаңызға жаратыңыз!

Үздіксіз қайталау.  5-11 сынып аралығындағы оқулықтарды бір шолып шыққаныңыз дұрыс болады. Түсінбеген тақырыбыңызды бірнеше рет қайталау, тақырыпты толық меңгеруге, есте ұзағырақ сақтауға жол ашады. Конспект жазыңыз. Біреу көру арқылы көбірек білім алса, екінші жазу арқылы, енді бірі естігенін бірден қағып алатын қабілеті болады. Өз қабілетіңізді аша біліңіз!

Кері байланыс. Әр дайындығыңызды тиімді өткізіңіз. Түсінбеген сұрақтарыңызды еш қысылмай мұғаліммен талқылаңыз. Қате болған сұрағыңыздың дұрыс жауабын ғана біліп қоймай, қатемен жұмыс жасаңыз. Мұғалімдермен кері байланыс әрқашан өтімді болады және жоғары нәтижеге жетелейді.  

Шектеу. Ең бір ескеретін мәселе ол шектеу қоя білу. Не нәрсені болсын шектен асыратын болсаңыз, ол теріс нәтиже береді. Ең бірінші дайындық кезінде зейініңізді тек дайындық кітаптарына бұрғаныңыз жөн. Ұялы телефон, гаджеттерден өзіңізді белгілі уақытқа шектеңіз.а

Қосымша кітаптар оқу. Бос кезіңізде мотивациялық, психологиялық кітаптар, болмаса қазақ классиктерінің әдеби жауһарларын оқып жүріңіз. Жеңіл әрі қызықты кітаптар оқу арқылы сіздің кітап оқуға деген шабытыңыз ары қарай ашылып, ғылыми әрі қиын кітаптарға да құштарлығыңыз оянады. Түбі керегіңізге жарайды. Бірі сізді тығырықтан шығарса, бірі сіздің болашағыңызға керек болады. Бұл кеңестің нәтижесін уақытында көретін боласыз!

Уақытылы демалыс. Тек оқу деп достарыңызды, қызығушылықтарыңызды ұмытып кетпеңіз. Уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтануды да естен шығармаңыз. Ұйқыңыз қалыпты болсын.  Егер ҰБТ-дан жақсы балл алғыларыңыз келсе, түнге дейін емес, керісінше азанда ерте тұрып дайындалуға кеңес беремін. «Денсаулық-зор байлық» екенін естен шығармағаныңыз жөн.

Өзіңізге сеніңіз және өз бетіңізше әрекет етіңіз. Кітап оқып, материалдарды түсінсеңіз, сынақтан төмен балл алмайсыз. ҰБТ- болашаққа бағдар жасаушы баспалдақтың бірі . Сол баспалдаққа қадамыңызды нықтап, сеніммен қадам бассаңыз, болашағыңыз жарқын болары анық. Ал қадамыңызды нықтау үшін жоғарыдағы кеңестерді кәдеңізге жаратып, тыңғылықты дайындалыңыз. Сәттілік серігіңіз болсын!!!

Адамбекова А,
Ақын Сара атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі
Сарқан ауданы
Сурет ғаламтордан алынды