Дәстүрлі БАҚ мүмкіндігі молаяды

Уақыты: 15.05.2023
Оқылды: 829
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу өңірінде іссапарда болған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі тұрғындармен кездесті. Бекен Римова атындағы Жетісу облыстық Талдықорған драма театрында өткен жиында келелі мәселелердің тіні тарқады. Бұл жиынды әсіресе БАҚ өкілдері асыға күтсе керек. Қоғамдық институт жетекшілерінің де сан сауалын арқалай келгені байқалды.

Министр әуелі құзыретті салаларда атқарылған жұмыстар мен алдағы жылдардың еншісінде жүзеге асуы тиіс тірліктер жайын баяндады. ҚР Парламентіне ұсынылған заңдар мен жаңашыл бастамаларды да назардан тыс қалдырмады. Оның ішінде аталған министрлікке Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар өзегінде шешімін табуы тиіс мәселелердің жай-жапсарын да көпшілікке жеткізді. Әуелгі сөзді Жетісу облысының құрылуымен құттықтап бастаған министр киелі мекен жайында жүрекжарды лебізін жеткізді.

– «Түгін тартса майы шығады» деген ұлағаттың иесі, жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз тірі болса Жетісудың қазіргі болмысын «Қызылшасын тартса, қанты шығатын» деп суреттер еді. Жаңадан құрылған облысқа алғаш табан тіреп отырмыз. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндігі жоғары. Тарихтың сарғайған беттерін парақтасақ, талай өркениеттің орталығы болған Жетісу жері қазір татулық пен достықтың алтын бесігіне айналған, –  деді Дархан Қыдырәлі.

Онлайн-петиция – қоғамның барометрі

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, қоғам мен билік арасын жақындату, ашықтық пен жариялылықты қалыптастыру үшін «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы әзірленіпті. Аталған құжатқа сай қоғамдық пікір мемлекеттік саясаттың негізгі тетігіне айналады. Мәселен, қазір елімізде жүзеге асып жатқан саяси бастамалар мен саяси үдерістерге халық үн қосуы тиіс. Қарсылық білдіруі не қолдауы қажет. Өйткені халық – мемлекеттік саясаттың негізгі тірегі. Осы орайда, заман талабына сай онлайн-петиция жайы Заң жобасында қарастырылған. Халық пікірін осындай үлгіде жеткізу соңғы бірер жылда белең алды. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде жиі таратылатын да еді. Алайда, бұл онлайн-петициялардың кем-кетігі көп. Жалған дауыс, қоғамдық пікірді бұрмалау, мемлекеттік басқару тетігіне нұқсан келтіретін ұсыныстар тастау сынды жайттарды да болдырмау жағын заң жобасы қамтамасыз етпек.

– Атаулы заң жобасы онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру мақсатында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру процестерін реттеуге бағытталған. Қоғамдық бақылаудың маңызы күшейіп, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін едәуір арттыруға және азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа қағидаттарын құруға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың да ашықтығын қалыптастыру керегін Мемлекет басшысы нығырлай айтқан еді. Дархан Қыдырәлі аталмыш құжат жариялылық пен ашықтыққа қол жеткізетініне сендірді.

Екі құрылтайшы: бір қоғамдық бірлестік...

Бұрын қоғамдық бірлестік құру машақаты көп шаруа еді. Енді екі адамнан бірігіп, бірлестік құрып алуға болады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кездесуде «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізілу жоспарланып отырғанын, оған сәйкес қоғамдық бірлестіктерді құруда бұрынғыдай 10-нан астам құрылтайшының қажет болмайтынын алға тартты. Егер өзгерістер құп көріліп, заң мақұлданса, алдағы уақытта 2 адам құрылтайшы болып, қоғамдық бірлестік құра алады. Заңға өзгеріс енгізу аталмыш құрылымдардың жұмысын оңтайландыруға негізделген. Алайда, мұндай қадамның жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бірлестіктердің қаптап кетуіне, сан жүрген жерде сапаның төмендеуіне әкелмеуі керегі де жиында сөз болды.

Мұнан соң министр үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік қызмет жайында тізгін тартты. Былтыр Мемлекет басшысы волонтерлік қызмет, қайырымдылық және ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ҚР Заңына қол қойған еді. Аталмыш құжаттың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру, волонтерлік, қайырымдылық бөлігінде түзетулер енгізіліпті. Сөз арасында Дархан Қыдырәлі жетісулық еріктілерге алғаусыз алғысын да жеткізді.

 – Өткен жылғы Халықаралық волонтерлер конкурсының қорытындысы бойынша жетісулық еріктілер үздіктер қатарынан көрінді. Байқаудың 42 лауреатының ішінде облыстың 13 өкілі болды. Бұл елдегі ең жақсы көрсеткіш. Жалпы Жетісу облысының фронт-офисі республикадағы ең мықтылардың бірі. Қазір бұл өңірде 4 мыңға жуық волонтер мен 50 волонтерлік ұйым тіркелген. Текелі қаласында 2018 жылдан бері Халида Құсайынованың жетекшілігімен «Жақсылық жаса, Текелі» волонтерлер қозғалысы жұмыс істейді. Бұл қозғалыс құрылған сәттен бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған 120-дан астам отбасына көмек көрсетті, – деді министр.

Мұнан соң Дархан Қыдырәлі жаз айында еріктілер форумы өтетінін, сол форумда волонтерлер, меценаттар мен қайырымдылық ұйымдарға құрметті атақтар берілетінін айта кетті.

Отандық БАҚ-тың бағы қайтсе ашылады?

Әр саланың кемшін тұсын қалыпқа келтіру жайын таразылаған министр отандық БАҚ-қа қажетті трансформациялар жайына да тоқталды. Оның айтуынша, еліміздегі газет-журналдың, телерадионың бағыты жаман емес, алайда мемлекеттің ақпараттық мінбері болуы үшін көп жұмыс керек. Мемлекет басшысы ұсынған ақпараттық доктрина атқарылар бар қарекеттің бастауы болып қала бермек. Дархан Қыдырәлі жыл соңына дейін сала бойынша 2 заң жобасы қабылданатынын алға тартты: бірі – «Масс-медиа туралы», екіншісі – Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен даярланып жатқан «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң жобалары. Қос құжаттың мақсаты – отандық медиа кеңістікті сүрлеуден даңғылға шығару.

Министр отандық БАҚ-тағы қазақ тілінің маңызын арттыруға күш салынатынын жеткізді. Қазақ тілді контент 2/3 көрсеткіште болмақ. Сонымен қатар, балаларға арналған отандық контентті ұлғайту да министрлік жоспарында бар. Телеарналардағы шетелдік өнімдердің көлемін азайтып, көкжәшік төрін төл туындылармен толтыруға үлкен мән беріледі. Дархан Қыдырәлінің айтуынша, көрші елдердің өзінде «Balapan» телеарнасының жұмысын жоғары бағаланып, отандық анимацияларға шетелде сұраныс артқан. 20-дан астам елге қазақстандық масс-медиа өнімдері сатылымға шығарылған.

 – Еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыруда өңірлік БАҚ-тың үлесі аз емес. Әдетте көпшілік заманауи ақпарат құралдары көбейген сайын дәстүрлі БАҚ-тың дәурені өттіге балайды. Мынаны түсінген абзал, дәстүрлі БАҚ соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Қазір ақпараттық айқас жүруде. Біздің медиакеңістігіміз әлі де әлсіз. Сондықтан қауқарлы жұмыс жүргізуіміз керек. Ақпараттық қауіпсіздік бәрінен қымбат, –  деді министр.

Tik-Tok-қа тұсау қалай салынбақ?

Министр әлеуметтік желі жайына да тоқталды. Әлем елдері «қара бұлт» төндіріп жатқан Tik-Tok-тың да мәнісіне тоқталды. Дархан Қыдырәлі бұл желіні тұсаулаудан гөрі Қазақстан тарапынан өз деңгейінде шектеулер қою керегін алға тартты. Тіпті, елімізде өңірлік бөлімін ашу, сол арқылы талап қою қажеттігін тілге тиек етті.

 – Атаулы желінің өз тиімділігі бар. Имамдар, волонтерлер осы желіні оңтайлы пайдаланып отыр. Өңірлік бөлім ашылса өз талабымызды қойып, ыңғайымызға көндіруге болады. Мәселен, 13 жасқа дейінгі балалардың Tik-Tok-қа кірмеуін қамтамасыз ете аламыз, – деді министр.

Мұнан соң ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жиынға қатысушыларға, дін, жастар, этносаралық тұрақтылық тақырыбында сөз қозғап, атқарылар жұмыстарды баян етті. Жиын соңында тұрғындардың уәжін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Алғаш боп белгілі ақын, «Алатау» газетінің редакторы Айтақын Бұлғақов қоғамда резонанс тудырған «зебра мен қолтырауын» мәселесін қаузады. Халық қалаулысының журналистерді жыртқыш мақұлыққа теңеуі қаламды қару еткендердің шымбайына батқан еді. Одан өзге ақын жедел ақпарат алу, дикторлардың сауатсыздығы жайын да түйрей өтті. Өйткені фейк ақпарат шынайы ақпар жарыққа шыққанша қоғамда түрлі теріс пікірлерді қалыптастырып үлгереді. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі журналистердің беделін көтеруге күш салатынын жеткізді. Ал құзырлы орындардың жедел ақпарат беруі арнаулы заң аясында шешіледі. Сауал иесінің сөзін қуаттап, болған жай туралы уағында шынайы жаңалық тарату үшін ақпарат алу уақытының 7 күннен 5 күнге қысқаратынын баян етті. Ал телеарнаға рейтинг үшін өнер жұлдыздарын диктор ету доғарылып, нағыз сала мамандары тізгін тартатын болады.

P.S. Жиын барысында тұрғындар тарапынан өзге де өзекті сауалдар жолданды. Айта кететін жайт, кейде біздің «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пиғылымыз да бар ғой. Қойылған сауалдардың дені салаға қатысты болса, біршамасы министрлік құзыретінен тыс еді. Дархан Қыдырәлі сол мәселелерді тиісті министрліктерге жолдайтынын да жеткізді. Сонымен қатар көпті алаңдатқан «Қалаулым» және «Қосылайық» бағдарламасының ұлт тәлімі мен тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні де жиында қаузалды. Министр бұл мәселенің де тіні тарқатылатынын жеткізді. Жиыннан соң ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі тұрғындарды жеке қабылдады.

Дастанбек САДЫҚ