Жетісу облысы 31 мамырды қалай, қайда атап өтетіні әлі беймәлім

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 877
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні! Дәл осы қайғылы да қастерлі күні биыл жетісулықтар қайда барып тағзым етерлерін білмейді. Бұрын Алматы облысы болып тұрғанда Талғар ауданында орналасқан Жаңалық елді мекеніндегі ескерткіш-мемориалға барып аза тұтып, оққа байланған оғландар мен ашаршылық құрбандарын еске алатын, аруақтарына тағзым ететін. Облыс екіге бөлінгеннен кейін Жетісу облысы бұл күнді қалай, қайда атап өтетіні бізге әлі беймәлім.

Алайда, құрбандарға тағзым жасалары анық.

Осы тұста бір жайтты тілге тиек ете кетейін. Осыдан біраз жыл бұрын қаламыздың қақ ортасында Абай мен Қабанбай көшесінің қиылысына бір үлкен тас қойылған. Алғашында сол тасқа: «Бұл жерге қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады» деп жазылған еді. Сол қаратас күні бүгінге дейін бар. Біраз жыл қалқайып тұрғасын тілшілер қауымы ескерткіш қашан орнатылады деп дабыл қаққан болатын. Адамнан айла артылған ба?! Осылардың аузын жабайық деді ме, ескерткіш емес, сол қаратасқа «Қазақстандағы 1931-1933 жылдары аштықтың нәубетіне ұшырағандарға ескерткіш» деген жазумен бір тақтайшаны қыстыра салды. Одан бері де он шақты жыл өтті, қазақтың қос тұлғасы атындағы көшелер қиылысындағы қаратас қасқайып әлі тұр. Орнатылған күннен бастап ол жерде ешқандай мәдени, тирихи тағзым шарасы өтпеді. Бір адамның аяқ басқанын көрген де, естіген де жоқпыз. Қалқайған қаратастың маңайы сәл-пәл реттелгені болмаса, ешқандай тарихи орынға келмейді.

Әрине, Жетісу облысында тарихи орындар өте көп. Әр тасына қасиет қонған киелі аймақтың солақай саясаттан тартқан азабы да аз емес. Мәселен, Болат Абағанның «Жаркент түрмесі» деген мақаласында бірқатар орындарды тілге тиек етіпті. – «Олардың қатарында Қапалда, Лепсіде, Қабанбайда, Жаркентте және тағы басқа да ірі елді мекендерде сақталып қалған тарихи нысандар бар. Солардың бірі – қазақ даласындағы, оның ішінде Жетісу өңіріндегі қасіретті де қайғылы кезеңдердің мәңгілік өшпес белгісіндей болып тұрған, ұлтымыздың талай беткеұстар тұлғалары тағдырының талқандалуына, жазықсыз жапа шегуіне, азапталып, мезгілсіз ажалға байлануына куәгер бола алатын Жаркенттегі жарқабақ басында орналасқан, қарағайдан қаланған қабырғалары әлі қалқайып тұрған атышулы абақты»,– деп журналист қасиетті орынның бірін атап өтеді. Міне, қасіретке толы орындар біздің Жетісу жерінде жетерлік. Дәл осындай қасиетті де қастерлі орынның бірі – Шайқорған. Тарихқа өшпес таңба болып басылған бұл мекен киелі жер десек, артық айтпаймыз. Ел аузында да, мұрағаттарда да Талдықорған қаласының маңындағы Шайқорған елді мекенінде үлкен түрме болған деген деректер айтылады. Қазақтың талай тұлғалары осы жерде тергеліп, ажалға байланғаны айтылады. Дәл осы жерде Қапал уезінің болысы болған, атақты Пышан Жәлмендеұлы атылған. Бір ғана Пышанның емес, тала тұлғалы азаматтар жазықсыз жапа шегіп, Сібірге айдалған жер – бүгінде үлкен елді мекен. Дәл осы жерде тоғайдың ортасында қалың зират орын тепкен. Олардың біразы кейін қойылған болса, бірқатары ескі зираттар. Сондай-ақ, Пышан ақынға да үлкен белгі орнатылып, бүгінде ұрпақтары тағзым жасайды. Осындай қасиетті мекеннің бірін назарға алып, қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ететін орынға айналдыру аруақтарға жасаған құрметіміз болары хақ. Өткенді бағалай отырып, болашаққа бағдар жасау арқылы тарихымызды түгендеп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелей алар едік деген ойдамын.

Ришад Тұрғанбай
Сурет ғаламтордан алынды