Жар жағалаған жастар

Уақыты: 16.06.2023
Оқылды: 166
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі жастар арасындағы қылмыс. Әсіресе қыздар арасындағы төбелестер күшейіп барады. Халқымыз «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп құрметтеп, болашақ аяулы аналарымыз деген қыздарымыздың бүгінгі жағдайы осы.

Болашақ ұрпағымызға, батырларымызға жақсы тәрбие береді деп сеніп отырған нәзік жандылардың ауызынан шыққаны боғауыз сөздер, істегендері қылмыс, ішкендері алкоголь. Қыздар арасындағы төбелестің бірден бір себебі жігіт үшін екені анықталды. Кезінде батыр жігіттеріміз қазақтың қаракөз қарындастарын қорғау үшін барын салатын еді ал қазір итше төбелестіріп қойып, соған мәз болып отырады. «Еріндені кеседен басқа жерге тимеген, шашын жайып есіріп, қысқа белбеу кимеген, барлығы қызыға қарайтын, қол жетпес аруларымыз қазір қайда?»  деген сұрақ әр қазақтың көкейінде бары анық.      

Таяуда Талдықорған қаласында Мадина есімді қызды  үш қыз жабылып ұрып жатқаны әлеуметтік желіге белсене таралып, халықты шулатты.. Адамдар арасында түрлі пікір қалыптасты. Бірі «қыз өзі кінәлі» десе ал біреулері керісінше үш қызға қатаң жаза қолдану керек екені айтылды. Ал Мадина есімді қыздың бас сүйегіне зақым келіп ауруханадан бірақ шықты. Кішкентай ғана жанжалдың өзінен  адам өміріне қауіп төніп, үлкен дау туғызды. Тіпті бір-бірін ұрып қана қоймай, жабылып, пышақтап, өлтіріп жатады. Бесіктен белі шықпаған жастарымыздың ерте жастан қылмыскер атанса еліміздің болашағы не болмақ? Бабаларымыздың  «мен жастарға сенемін» деген сенімін аяқ асты етіп, майдаланып бара жатқаны өкінішті-ақ. Мұндай жағдайда бала тәрбисіне ата-ана мен мұғалімдері жауапты екені айтпаса да түсінікті.

Қыздар арасындағы төбелеске әкеліп соқтыратын тағы бір мәселе-конкуренция. Бір-бірімен жарыса ұстаған ұялы телефондар, жылтыраған әшекей бұйымдар, өзгенің қолындағы жылтыраған дүниеге деген құштарлықтың арты қылмысқа апарып соқтыруда. Жастарымыз қоғам дертіне айналып, дертіміз асқынып барады.  «Бала тәрбиесі-ананың құрсағынан басталады» . Бұл ұстаным «қолымды мезгілінен кеш сермедім»  дегенге әкеп соқтыруы ғажап емес.

Жұлдыз Қожахметова,
Ілияс Жансүгіров атындағы ЖУ-дың студенті