Көксу базары: Адам қауіпсіздігіне кім жауапты?

Уақыты: 15.07.2023
Оқылды: 954
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген заман өтті. Демократиялық үдеріске ілескен Қазақстанның Ата Заңында еліміздің ең басты байлығы адам екені  тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бірақ! Кейде осы «бірақ» тым жақсы ойды, керемет сөзді бөліп жіберетініндей қоғамымызда санаға да, ақылға да сыймайтын жайт орын алып жатады.

Мәселен, белгілі бір мекемеге кірдіңіз делік. Ғимаратқа емес, мекеменің ауласына ендіңіз. Кенеттен ғимарат төбесінен бір кірпіш құлап, аяғыңызға түсті. Жел соқпады. Жер сілкінбеді. Ешқандай табиғат тылсымынсыз тізеңізді шағып түсті. Не істейсіз? Ғимаратта орналасқан мекеме басшылығының жағасынан аласыз. Себебі, басшы да, қосшы да мекеме қызметкерлері мен мұнда келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған ұқсас жай Көксу ауданында орын алды.

Кәдуілгі жексенбіде аудан тұрғыны базарлап барып, басын жарып алады. Кәдімгідей бас сүйегі жаңғақтай шағылады. Содан бері «байтал түгіл бас қайғы» деп жүрген жайы бар. Себебі, не ұстатар жаға жоқ, не науқасқа жәрдемдесер «аға» жоқ. Мәнісін тарқатайық...

Маусым айының басында аудан тұрғыны Динара Берікболова жолдасымен жексенбілік базарға барады. Балпық би ауылында тек жексенбіде қызмет көрсететін «Шаған» атты базар бар. Көксулықтар осы жерден нәпақа тауып жүр. Бірі – сатады, бірі – сатып алады. Көпшіліктен қалмай Динара да базардан үйге қажеттісін алмақ ниетпен базарға еніп, жолдасы көлікте әдеттегідей тосып қалады. Біршама уақыт өтіп, тағаты таусылған Қайратбек Дүйсенбаев келіншегін іздеп базарға енеді. Ауданға қарасты Талапты ауылы тұрғынының айтуынша, құдай қосқанын іздеп келгендегі базардағы көрініс әдеттегіден мүлде бөлек болып шығады. Қазаны қайнап жататын сауда орнының іші айғай-шуға толы екен. Күбірлескендерден аңғарғаны – базар ішіндегі теректің бір бұтасы сынып құлап, астында бір келіншек қалып қойыпты. Аса мән бермеген Қайратбек келіншегін одан әрі іздей түседі. Таппайды. Көңілге күдік ұялайды. Оқиға куәгерлерінен жөн сұрап, жаймашуақ күнде ағаш астында қалған адамның келіншегі екенін, оқыс жағдайдан соң «Жедел жәрдем» әкеткенін біледі.

Ауруханаға жетіп, жарының ахуалын білгенде жағдайдың оңай емесін аңғарады. Себебі, құлаған ағаш шағын емес, бас сүйегі зақымданған. Науқастың жағдайы ескеріліп, ақхалаттылар Динара Берікболованы Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жөнелтеді. Атаулы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Санат Рысалиевтің сөзінше, науқастың басына трепанация отасы жасалған.

– Тиісті отадан соң науқас 2 күн жансақтау бөлімінде болып, содан кейін нейрохирургия бөліміне ауыстырылды. Қарабайыр тілмен айтқанда, бас сүйегінің бір бөлігін алып тастады. Енді орнына пластик қояды. Оның нақты қашан жүзеге асатынын айта алмаймыз, – деді дәрігер.

Ақхалаттылардың сөзінше, науқасқа әлі ота жасалады. Оған дейін де ем-дом қажет екен. Қазіргі жағдайда дәрі-дәрмектің бағасы удай. Соған қарамастан науқастың туыстары бар шығынды өздері көтеріп жатыр. Олардың айтуынша, осындай сәтте науқасқа базар әкімшілігі көмек беруі керек. Динара Берікболованың әпкесі Гүлназ Нүсіпова әу баста базар әкімшілігі жәрдемдесуге құлықсыз болғанын, БАҚ өкілдерімен байланысқа түсетінін айтқан соң азғантай қаржы әкеліп ұсынғанын айтады.

– Динараға 4 айдан соң қайта ота жасалады. Сол уақытта алынып қалған сүйек орнына пластик қойылады. Келініміздің тілеуін тілеп жүрміз. Осы жағдайлардың бәрін базар әкімшілігі жұрт арқылы сұрастырып отырды. Шағымдана бастаған соң онда да 5 күн өткеннен кейін 100 мың теңге ақша алып келді. Динара ауруханаға ауыр жағдайда түскен күні 2 құты дәріні 160 мың теңгеге алдық. 100 мың теңгені қайда жеткіземіз? Науқасқа ұзақ күтім керек. Ал мына жағдайда дәрі-дәрмексіз күтім жасау мүмкін емес, – деді Г. Нүсіпова. 

Жексенбілік базардың басшылығы, «Шаған» ЖШС директоры Серік Құлжабаевпен біз де байланысқа шықтық. Оның айтуынша, қаржылай көмек ұсынған. Бірақ, Динараның туыстары бас тартыпты. Енді құзырлы органдардың шешімін күтіп отыр екен. 

– Базарда қауіпсіздік шараларын қатаң ұстаймыз. Енді қасақана жасалған жоқ. Ағаш құлады, адам астында қалды. Қауіпсіздікке жауап беріледі, – деді С. Құлжабаев.

Адам өмірінің қауіпсіздігіне жауап беретінін айтқан базар басшылығы қураған ағаштың уақытында кесілмеу себебін түсіндіруде сәл мүдірді. Жексенбілік базардың сыйқы да тым тұрпайы. Сауда орындарының шатыры желмен теңселіп тұр. Біздің көргеніміз, С. Құлжабаев айтқандай, мұндағы ахуал мінсіз емес. Қауіпсіздік деңгейі көзге ұрып тұр. Қоқыс деген үйіліп жатыр. Бірақ, базар басшылығы жауапкершіліктен қашпайтынын жеткізді. 

Оқыс оқиға орын алғаннан кейін Динара Берікболованың жолдасы жергілікті полиция бөліміне арыз жазады. Оқиға орнына полиция өкілдері мен төтеншеліктер келеді. Төтенше жағдай қызметкерлері сондағы жағдайға қатысты баянат толтырып, полиция бөлімшесіне жолдайды. Алайда, полиция қызметкерлері «бұл жерде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік құрам жоқ» деген шешіммен істі жабады. Шағым білдіруші қанағат тұтпаған жағдайда сотқа жүгінуіне болатынын ескерткен. Мән-жайды облыстық полиция департаментінен де сұрадық. Олар бізге жазбаша жауап берді. Онда: «Өтінішті Көксу аудандық полициясы тиісті тексеру тағайындай отырып қарастырғанын хабарлаймыз. Қылмыстық не әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамы анықталған жоқ, осыған байланысты өтініш берушіге азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылды», – деп жазылған. Қазір Динара Берікболованың тарапы сотқа жүгінген. Оның ресми уәкілі Нұрлан Молбаев құқық қорғаушылардың тиісінше жұмыс жүргізбегенін алға тартып отыр. 

– Бұл жағдайға байланысты «бармақ басты, көз қысты» жағдай орын алған. Полицияның баянаты бойынша жәбірленуші тоқ соғып ауруханаға түскендей ақпар берген. Сол негізінде жәбірленушінің туыстары бойынша номенклатуралық өндіріске кетіп қалған, – дейді Н. Молбаев. 

Адам өміріне қауіп төндірген жағдай бойынша қарекетін білмекке Көксу аудандық әкімдігіне жолықпақ болдық. Бірақ, сәті түспей Балпық би ауылының әкімімен жүздестік. Ауылдық округ әкімі Төлеген Қожыбеков болған жайдан хабардар екенін, тиісінше базар басшылығына хат жолдағанын жеткізді. «Шаған» ЖШС басшылығы кеткен кемшілікті түзететінін айтыпты. Айта кететін жайт, Балпық би ауылында 250 кәрі ағаш бар екен. 

Қазір Динара Берікболова ауруханадан шықты. Бірақ төсек тартып жатыр. Өйткені, науқастың тек басы емес, омыртқасына да зақым келген. Ресми уәкілі Нұрлан Молбаев шілде айының соңына таман сол омыртқаға ота жасалатынын да айтты.

Жауапкершілік деген дүние бар. Адам өмірінің қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек. Алайда сол қауіпсіздікке келгенде тиісті органдарда «Аққу, шортан һәм шаянның» тірлігі. Сонда дейміз-ау, айдың-күннің аманында жұрт опат бола беруі керек пе? Әлде шынайы өмірде адамның құны қалмай бара ма?!

Дастанбек Садық