МОЛ ӨНДІРСЕК ТЕ ИМПОРТТЫҢ КӨЛЕМІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Уақыты: 19.07.2023
Оқылды: 659
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан сүт өнімдерін молынан өндірсе де, импорттың көлемі азаймай отыр. Кейінгі бес жылда сүт нарығындағы импорттың көлемі түспей келеді, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстанда сүт өнімдерінің импорты кейінгі 5 жыл бойы жоғары деңгейде қалып отыр. 2022 жылы ішкі нарықта 1 млн тоннадан асатын сүт өнімі сатылған болса, соның 15,4% немесе 163,1 мың тоннасы импорт болған. Шын мәнінде импорттың үлесі бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені made in Kazakhstan белгісімен дүкен сөрелерінде тұрған көп өнімнің шикізаты сырттан алынады», - деп жазылған сараптамада.

Energyprom.kz жазуынша, мұндай тенденция кейінгі бес жылдан бері өзгермеген.

«2017 жылы сүт нарығындағы импорттың үлесі - 16%, 2018-2019 жылдары - 14,5% болса, 2020 жылы қайта 16%-ға жеткен. Осылайша түбегейлі өзгеріс байқалған жоқ», - деп жазады ресурс.

Сараптамада сүтті және аралас тұқымды ірі қара палатасының сарапшылары айтқан пайым да берілген.

Палата өкілдері Қазақстанға сүт импортын шектеу керектігін айтып отыр.

 

«Әсіресе Ресеймен шектесетін өңірлерде көрші елдің сүт өнімдерінің үлесі басым, бағасы да жергілікті бағадан төмен», - деп жазады Energyprom.kz.