ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ АЛУДЫҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ

Уақыты: 20.07.2023
Оқылды: 711
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отбасының цифрлық картасы қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетті. Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) аясында қазақстандықтар әлеуметтік-еңбек саласында өзіне тиесілі мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде алып, оның оң әсерімен бөлісуде, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 


Мәселен, ОЦК арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем алушылардың бірі Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тұрғыны Ардақ Сәрсенбаева тәжірибесімен бөлісті.

«Мен медбике болып жұмыс істедім. Соңғы алты айда үйде жұмыссыз отырмын. Бір күні менің телефоныма хабарлама келді, онда жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем ала алатыным туралы көрсетілген. 1414-ке SMS жауап жолдап, онда өзімнің шот нөмірімді және осы төлемді алуды мақұлдайтынымды көрсеттім.

Егер хабарлама келмегенде, мен мұндай қолдау түрі бар екенін білмейтін едім. Енді маған Мансап орталығының қызметкерлері үнемі хабарласып, бірнеше жұмыс орындарын ұсынып, маған лайықты жұмыс табуға көмектесуде», – деді Ардақ Сәрсенбаева.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптасқан. Бүгінгі таңда жүйеде 19,7 млн-нан астам еліміздің азаматтарының немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Азаматтар қандай да бір өмірлік қиын жағдай тап болған кезде олардың базада тіркелген ұялы нөмірлеріне тиесілі қолдау шарасы көрсетілген SMS хабарлама жіберіліп, оған бірден жауап беру арқылы қызмет алу уақытын едәуір қысқарта алады. Ал өтінімді ресімдеу үшін ХҚКО немесе басқа мекемеге жүгінудің қажеті болмайды.

Жыл басынан бері 453 мыңнан астам хабарлама жолданып, оларға 180 мыңнан астам адам өтінішсіз өз төлемдері және жәрдемақыларын алды.

Айта кету керек, осы немесе өзге де мемлекеттік қызметті проактивті алуға мүмкіндік беретін SMS-тен басқа, ОЦК көмегімен зейнеткерлік жасына жетпей 2 ай бұрын зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы, берілген/ұзартылған «қандас» мәртебесінің аяқталу мерзімі туралы, сондай-ақ жұмыссыздарға жұмыс іздеу, тегін оқудан өту мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары туралы автоматты хабарламалар тетігі іске асырылды.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында тек 1414 Бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беріп, қосымша сұрақтар бойынша 1414-ке хабарласуға болаы.