Басты байлық

Уақыты: 08.09.2023
Оқылды: 594
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жолдауда елді елең еткізген, көпті ойландырып жүрген өзекті мәселе – су жөнінде де айтылды. Оны үнемдеу, сапасын сақтап қалу бойынша арнайы тапсырмалар жүктелетін болды. 

Өз сөзінде Президент «еліміздегі су саясатымен дербес мемлекеттік орган айналысу керек. Сондықтан, су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырамын!», – деді. «Судың да сұрауы бар» дегенді бабаларымыз бекерге айтпаса керек-ті. Бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі шынымен де су болып тұрғаны анық. Еліміз су ресурстары бойынша көрші елдерге тәуелді. Шығысымыз Қытайға, оңтүстігіміз Өзбекстан мен Қырғызстанға, батысымыз Ресейге. Су ресурстары қалыптаспағаннан кейін жылдан-жылға оның тапшылығы біліне бермек. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аударған жөн. Осы тұрғыда ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған дұрыс.

Серікжан Бақытұлы,
жеке кәсіпкер


Үйлі болған адамның бақытын көргеннен асқан қуаныш бар ма?! Еліміздегі әр жанның баспаналы болуына мүмкіндік сыйлап, демеу көрсетіп келе жатқан «Отбасы банктің» жұмысы көпке белгілі. Жолдауда аталған мекеме жөнінде де айтылып, қосымша басқа бағыттарды да іске қосу керектігі сөз болды. 

Президент өз сөзінде «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға, ауылдарға аударған жөн», – деді. «Отбасы банк» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда өз жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан банктің тек белгілі орындармен шектеліп қалмай  қанатын кең жаюына Жолдаудағы жоспар оң әсер етпек. Аудан, ауылда тұратын халыққа үлкен қолдау болмақ. Әсіресе, диплом алып қызметін шалғай елді мекеннен бастаймын деген жасқа мол мүмкіндік. Осы тұрғыда банк арнайы жоспар құрып, қиыр жайлап, шет қонған жерлерді де назардан тыс қалдырмайды деген үміттеміз.  

Жігер Зарлықұлы,
Панфилов аудандық балалар мен жасөспірімдер  спорт мектебінің директоры