Біле жүріңіз. Талдықорғанда жердің бағасы бекітілді

Уақыты: 11.09.2023
Оқылды: 861
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Апековтың айтуынша, жер телімдері үшін төлемақының базалық мөлшері Алматы облыстық мәслихатының 2019 жылғы 31 шілдедегі №51-259 және Алматы облысы әкімдігінің 2019 жылғы 6 тамызындағы №333 бірлескен шешімімен бекітілген.

Алайда Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығымен Жетісу облысы құрылды. Осыған байланысты жер телімдері үшін төлемақының базалық мөлшерін бекітудің қажеттілігі де туындады. Жалпы, базалық мөлшерлеме ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қоспағанда, елді мекендердегі жер телімдерін жекеменшікке сұралған жағдайда түзету коэффициенттердi қолдана отырып, жердің құнын есептеу тәсілі.

Жетісу облысындағы жер телімдері төлемдерінің базалық мөлшерінің жаңа нұсқасы аудан орталығынан қашықтығы, жол жүйесінің сапасы, инженерлік, әлеуметтік, инфрақұрылым объектісінің болуы ескеріліп, аудан, қала, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық кеңестер және кәсіпкерлер палатасымен келісіліп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалымен бірлесіп әзірленген.

Айталық, Талдықорған қаласы бойынша базалық мөлшері риелторлық кеңселер, БАҚ ақпараттары, тұрғындардың мәліметі бойынша жиынтық көрсеткіші бір шаршы метрге 1311 теңгені құрайды. Яғни, Талдықорған қаласы бойынша бір шаршы метр жердің құны 1311 теңгені құраса, түзету коэффициенті   бойынша есептелгенде 10 сотық (1000 шаршы метр) жердің кадастрлық құны 1573200 теңге болады.

Бұл ұсыныс Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс VII сециясында қаралып, бекітілді.

Қажет АНДАС
Сурет: ғаламтордан алынды