БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС БЕРЕКЕЛІ

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 1531
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Голландықтар облыс экономикасына инвестиция салуды көздейді

Облыс әкімі  Амандық Баталов Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі өкілдерін қабылдады. Кездесуді голландия­лықтарға деген құрмет сезімін білдірумен бастаған облыс басшысы мәдениеті өркендеген елде болып, ол жердің әсемдігін тамашалап, ауылшаруа­шылығы, оның ішінде жылыжай жұмысының өркен жайғандығын көзбен көріп қайтқандығын жеткізіп, облысымызға іссапармен келген Нидерланд Корольдігі елшілігінің Алматы қаласындағы кеңсесінің басшысы Вилько Роггенкампқа сөз кезегін ұсынды.

– Төрт жылдан бері Қазақстанмен етене жұмыс істеудемін. 2012 жылы Талдықорғанда өткен инвестициялық форумда болып, қала тынысымен танысып қайтқанмын. Нидерланд елшілігінің Қазақстандағы атқарып жатқан ісі туралы айта кетсем, біз өз жұмысымызды үш сектор бойынша жүргізудеміз. Бұл – мұнай-газ, ауылшаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау бағыты. Соның ішінде Алматы облысымен ауылшаруашылығын дамыту бойынша бірлесе жұмыс істей аламыз деп ойлаймын. Төрт жыл бұрын голландиялық компаниялармен кездесіп, «Қазақстанға қаржы салуға ниеттісіздер ме?» деп сұрадым. Біздің ұсынысымызды 60-қа жуық компания қолдап, инвестиция тартуға ықылас­ты екендіктерін білдірді. Голландық компаниялармен жел энергетикасы, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша да бірлесе жұмыс жасауларыңызға болады. Қыр­күйек айында Алматыда конференция өткізіп, онда голландықтар велосипедте жүру тәжірибесімен бөліспек. Салауатты өмір салтын, қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша көптеген жобаны іске асыруға мүмкіндігіміз бар, – деді шетелдік дипломат.

Бұдан соң «Рhilips­Lighting­Kazakhstan» бас директоры Гүлмира Ерденова сөз алып, компанияның өзі басқаратын бөлігі жарықтандыру ісімен айналысатынын жеткізді. Соңғы үлгідегі автоматтандырылған жарық беретін шамдар жүйесін енгізу арқылы электр энергиясын 80 пайызға дейін үнемдеуге болатынын, демек, шамның түнгі уақытта адам жүрген жерде жарқырай жанып, ешкім жоқ кезде жарығын бәсеңдететінін тілге тиек етті. Компанияның Талдықорған қаласымен жүзеге асырып жатқан жобасы бар екенін де айта кетті.

Қазақстандағы «RoyalPhilips» компаниясының бас директоры Гүлнара Даныбаева өз  қызметтерінің адамдардың өмір сапасын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталатынын жеткізді. Бұл ретте адамдардың тұтынған өнімдерімен қатар қолданатын заттарына дейін сапалы болуына қол жеткізетінін алға тартты.

«RoyalPhilips» компаниясының менеджері Әсет Абдырахманов денсаулық сақтау саласындағы голландықтар тәжірибесінің Қазақстанда қолданылатындығын, оның ішінде ерте диагноз қою, емдеу ісі бойынша жаңа технологияларды енгізу, қатерлі ісікпен күресудің тиімді тәсілдерін жүзеге асыратындықтарына тоқталды.

Кездесу барысында голландықтардың ұсыныстарына қызығушылық танытқан облыс әкімі Амандық Баталов облысымыздың барлық өңірінде голландық жаңа технология негізінде жылыжайлар салу, Талдықорған және Алматы қалаларының маңынан қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт тұрғызу ісін бірлесе қолға алуға болатынын алға тартты. Бұл іс бойынша келіссөз жүргізу мерзімін келесі жылға қалдырмай ертерек жүзеге асыру керек деген ұсынысын айтты.

Кездесу соңында екі ел өкілдері бір-біріне естелік сыйлықтар табыс етті.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА.