Ескелді ауданының туристік әлеуетін арттыру жолында

Уақыты: 02.11.2023
Оқылды: 470
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданында ең көнесі б.з.д. 2 мыңжылдықтың ескерткішіне жатқызылатын, жартастарға салынған суреттердің қола дәуірлік ескерткіші -  Ешкіөлмес петроглифтеріне туристер тарту мақсатында арнайы музей үлгісінде визит-орталығы салынуы мүмкін. Бүгін Ескелді аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев тиісті облыстық басқармаларға осыған қатысты тапсырмалар берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Туристерді тарту мақсатында арнайы музей үлгісінде визит-орталығын салу үшін экономика және бюджеттік жоспарлау, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларына бірінші кезекте, тарихи-мәдени ескерткіштің аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, музейлендіру шарасына қаражат қарастыруды тапсырамын. Екіншіден, аудан басшылығы демалушыларға тиісті инфрақұрылым, жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде жайлы демалыс үшін барлық жағдайды жасауы қажет, - деді Б.Исабаев.  

Сонымен қатар облыс басшысының айтуынша, ауданның басты көрікті жерлерінің бірі – Бұрқан Бұлақ сарқырамасы орналасқан Қора шатқалына апаратын жолды қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Оған жергілікті бюджеттен 85,3 млн.теңге бөлінген. Мердігер – «Алматы жоба» ЖШС, аяқтау мерзімі –   2024 жылдың 1-тоқсаны.

Жалпы Ескелді ауданында туризм саласында жыл басынан бері 12 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

- Мынадай тамаша табиғаты бар аудан үшін бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан туристік әлеуетін аудан дұрыс пайдаланып, істі тиімді ұйымдастыра білуі керек. Ескелді ауданының Талдықорғанға жақын орналасқаны туризммен қатар шағын және орта бизнесті де қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша аудандағы бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 1 млрд. теңгенің салығы жиналып, былтырғы жылдан 1,5 есеге артқан. Шағын бизнесті дамытуға «Ауыл аманаты» жобасының үлесі зор. Сондықтан аудан әкіміне осы бағдарлама шеңберінде барлық салаларды, соның ішінде шаштараз, наубайхана, әр саладағы дүкендер, тамақтану орталықтары, басқа да күнделікті тіршілікке қажетті кәсіптерді дамытуды қолға алып, халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды және барлық бағыттар бойынша қатысу деңгейін көтеруді тапсырамын, - деді Бейбіт Исабаев.

Атап өтсек, жыл басынан Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Ескелді ауданында жалпы сомасы 555,6 млн. теңгеге 18 жоба қаржыландырылған. Бұл ретте қоғамдық тамақтандыру қызметін ұйымдастыру, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, мал азығын дайындаудағы қызметті кеңейту бағыттарына басымдық берілген.

Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында  бірінші транш бойынша мал шаруашылығын дамытуға 78,7 млн. теңгеге 16 өтінім түсіп, оның ішінен 67,8 млн. теңгеге 13-і қаржыландырылды. Екінші транш бойынша 127,1 млн. теңгеге 33 өтінім түсіп, оның ішінде 19-ы мақұлданды, 14 өтінім қарастырылуда. 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер авторы: Жеңіс Ысқабай.