МЕН – ЖЕЛТОҚСАНМЫН!

Уақыты: 16.12.2023
Оқылды: 1703
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мен – Желтоқсанмын!
Ызғарлы едім сол күні,
Көз алдымда сол кезеңнің сор күні!
Қазағымның ұл-қызына жасаған,
Санамда тұр саясаттың қорлығы.

Жем іздеген жендеттер ғой тояттан,
Қарлы-мұзды қан қызылға боятқан!
Мен – Желтоқсанмын!
Рухы күшті Қазақтың,
Жастарын тек ар-намыспен оятқан!

Алау болып күш-жігерім бойымда,
Қарамадым күрек, темір сойылға.
Жығылсам да жер жастанып, қан кешіп,
Азаттығың жалын атты ойымда!

Мен – Желтоқсанмын!
Итіне де таландым,
«Ұлтшылдар!» деп жаман атқа жамалдым.
Одан қалса Қайрат болып қайран ер,
Қапастағы түрмесіне қамалдым!

Мен – Желтоқсанмын!
Өр рухты қайсарлы,
Небір батыл боздақтар мен жайсаңды...
Ұрып-соғып, мұздай суын шашса да,
Жендет біткен намысымнан тайсалды!

Аруларды шаштан тартып, сүйреткен,
Табанға сап, тепкілеген бүйректен.
Мен – Желтоқсанмын!
Қазақ деген елімді,
Ойрандатып өзгелерге билетпен!

Бас жарылып, құласақ та биіктен,
О, зұлымдық, саған мүлдем илікпен!
Мен – Желтоқсанмын!
Мұның бәрін көргенше,
Өліп кетсем қайтер еді күйіктен!

Мен – Желтоқсанмын!
Жүрегіммен жылаған,
Тәңірімнен тек жақсылық  сұрағам!
Алаңдағы жастарына жан ашып,
Жылап тұрды тау тұлғалы ұлы адам!

Мен – Желтоқсанмын!
Бәрін көрген алаңда,
Куәгермін сол бір тұйық заманға.
Бәрінен де құлдық емес, құрсаулы,
Шын азаттық керек екен адамға!

Мен – Желтоқсанмын!
Мұңын шаққан Ай маған,
Семсер болып от-жалында ойнаған.
Атам – Қазақ, намыс, жігер, күш-қуат,
Алпыс екі тамырымда қайнаған!

Мен – Желтоқсанмын!
Бүгін енді азатпын!
Күлін көкке ұшырғанмын азаптың!
Нық төрімде желбіреп тұр Көк байрақ,
Азаттығын айқындаумен Қазақтың!             

Сайлаубай ТОЙЛЫБАЕВ,
Алматы қаласы
Фото: https://aqzhelken.kazgazeta.kz/news/34074