ЖҮННЕН БҰЙЫМ ЖАСАЙДЫ

Уақыты: 30.03.2024
Оқылды: 355
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласының тұрғыны Жанар Келгембаева жүннен бұйым жасауды осыдан 5 жыл бұрын қолға алған. Содан бері кәсіпкердің ісі ілгерілеп, тұрақты тұтынушылары көбейді.


Осылайша сүйген ісі тұрақты табыс көзіне айналып, жеке кәсіп ашты. Бүгінде «Zhanar Kaztai» брендімен таныла бастаған бұйымдарға тіпті  алыс-жақын шетелдерден де тапсырыстар түсуде.

Егер істің қиюын келтірсе жүннен әртүрлі бұйым жасауға болады. Мәселен, шеберханадағы іскер әйелдер шикізаттан тәпішке, күрдекше, жеңіл шарф пен шапан сияқты заттар әзірлейді. Қазіргі кезде  шебер қыз-келіншектердің қолынан шыққан дайын өнімдерді қызығып алатындар көбейген.

Жанардың негізгі мамандығы заңгер. Бірақ, ол үнемі қолөнерге қызығушылық танытыпты. Жас кезінде белгілі бір  себептерге байланысты дизайнерлік оқуға түсу мүмкін болмаған. Сөйтіп, шығармашылықпен айналысу арманына айналыпты. Бірақ, «армандар орындалады»  деген бар. Кейіннен ойламаған жерден жүннен жасалған тәпішке сатып алады. Бұл бұйымның оған ұнағаны соншалық, сол сәтте-ақ арманын жүзеге асыруға шешім қабылдайды. Іскер әйел осылайша бәрін өз бетінше үйрене бастайды. Әрине, қателіктер де жіберіледі, оның бәрін сынақ ретінде қабылдаған. 

– Жүннен жасалған тәпішке өте ыңғайлы әрі аяққа жылы. Әсіресе  денсаулыққа пайдасы зор. Осы бұйым түрлерін жасауға ерекше құлшыныс танытып, үйренуге тырыстым. Сөйтіп, оның қалай жасалатынын білу үшін әлеуметтік желіге кіріп, іздендім. Ол жерден жүннен бұйымдар жасаудың барлық технологиясын көріп, біліп, шеберлік сыныбынан өттім. Үйдегі көрпеден жүн алып, байқап көрдім. Оған алғаш қол тигізгенде-ақ  қатты ұнады. Сол сәтте шикізаттың пайдасын және бұл мен атқаратын жұмыс екенін бірден түсіндім, – деді өз ойымен бөліскен Жанар Келгембаева.

Қазір Жанар екі жиенімен бірге жұмыс істейді. Жүннен бұйымдар жасаудың оңай емесін білсе де олар өз істерін жақсы көреді және ұқыптылықпен атқарады. Өйткені, олар өнім сапасына айрықша көңіл бөледі.

– Бұл жұмыс өте ауыр. Сонда да бізге ұнайды. Өйткені жүннен жасалған бұйымдар пайдалы әрі жанға жайлы жұмсақ. Мұндай өнімдерді жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен шыдамдылық пен талап әрі талант қажет деп ойлаймын, – дейді Эльнара Келгембаева. 

Шеберхана қызметкерлері өз жұмысын ерекше сүйіспеншілік және жауапкершілікпен орындайды. Бүгінде кәсіпорында 5 әйел жұмыс істейді. Шикізат негізінен шетелден сатып алынады. Сондықтан  дайын өнімдердің бағасы арзан емес. Егер белгілі бір қиындықтар болмаса, жергілікті өндірушілермен де жұмыс істеу ойында бар. Өйткені, елде жүн көп. Өкінішке қарай, бізде оны өңдейтін зауыттар жоқ. Қолөнершілер өндірісті ұлғайтып, табиғи шикізаттан жасалатын бұйым түрлерін көбейтуді армандайды.   

Бүгінгі таңда «Zhanar Kaztai» брендімен жасалған дайын өнімдерді Жетісу жерінің халқы ғана емес, сондай-ақ, басқа да облыстардың адамдары сатып алуда. Канада мен Молдова сияқты шет мемлекеттерден де тапсырыстар түсуде.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА