Қойыртпақтан қашан құтыламыз?

Уақыты: 30.03.2024
Оқылды: 340
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Instagram», «Whatsapp» әлеуметтік желілерінде жастар белсенді әрі көп отыратыны анық. Өйткені қазір арзан әрі сапалы өнімге ұмтылған тұста әлеуметтік желі сұранысты қанағаттандырып отыр. Қоғам өзгеріп, заман дамып, желілердің белсенділігі артқанымен жазу және сөйлесу тілі өте төмен деңгейде.


Алғаш смартфондар пайда болып, қолданысқа енген кезде қазақ әріптері болмаған соң кириллицаның икемін келтіріп немесе латын әріптерімен қазақша мағынасында жазып жүрдік. Бұл амалдың жоқтығынан орын алған жағдай. Дегенмен, қазақ әріптері смартфонға енгенменен жастардың сөйлесуі әлі де болса мәз емес. 

Мәселен: «Слм? Каксын? нестеп? жай жаткан, өз?». Диалогтан байқап тұрғаныңыздай, бұл тілге құрметсіздік. Қазақ тілінің грамматикасында орфо- графия және орфоэпия деген өзіндік заңдылықтар бар. Орфография сөздерді дұрыс жазу заңдылығы болса, орфоэпия дұрыс оқу. Әлеуметтік желіде екі теория да дұрыс қолданылмайды. Тіпті заңдылық мүлде сақталмайды. Одан  бөлек, пунктуация да бар. Қай жерде үтір, қай жерде нүкте болу керек деген мәселелерді қарастырады. Желіде отыратын көзі ашық, көкірегі ояу сауатты жастар. Дей тұрғанмен дәл сөйлесуге, жазуға келгенде тілге деген немқұрайдылығы жаныңды ауыртады.

Қарапайым диалог болса да дұрыс жазылғаны сауаттылығымыздан хабар береді. Бір құмалақ бір қарын майды шірітерін ескерсек, қарапайым хат алмасудан ұлт мүддесіне нұқсан келетінін ұмытпайық. Тілдің мерейін көтеру үшін атсалысып, ерлік жасап немесе дау шығарудың қажеті жоқ. Өзімізден бастау керекпіз. Қателігін бетіне басу да орынсыз. Сондай-ақ, жазуды өзіңнен бастасаң өзге де сауатты болуға тырысады. 

Сонымен қатар, қазір қыстырма «жаргон» сөздер сәнге айналды. Қай тілде сөйлесе де қыстырма сөздерді қосады. Жастар өздері түсінеді екен деп тіл тазалығын қалайша бұзып отыра бермекпіз?! Бұл мәдениеттің, ой-өрістің төмендігі. Өзімізді өзіміз сыйламасақ өзгеге жұтылып кетуіміз мүмкін. 

Меруерт ДӘУРЕНҚЫЗЫ,
ЖУ-дің 4-курс студенті