СӨЗ ӨЛДІ, СӨЙЛЕМ ҚҰРЫДЫ

Уақыты: 30.03.2024
Оқылды: 397
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың тілі бай, шұрайлы дейміз. Бұрынғыға берілген баға бұл. Бүгінгілердің сөзі өлген, сөйлемі құрыған. Алдыңғы буын, алдыңғы буын дегенде де алпыстан асқандар болмаса, орта, жаңа буын өкілдері арасындағы әңгіменің өзі әсері жоқ дүние секілді. Роботтардың компьютерлік жадына, арнайы шектік қызметіне бағдарлама енгізіп қойғандай сөйлесеміз. Неге? Кім ойланды бұл жайлы?!


Жаһандану заманындағы ең озық роботтардың түрі қандай дегенді алдымен әңгімелейікші. Олар он, жиырма, тіпті жүз адамның қызметін жалғыз атқарады. Арнайы қондырылған құрылғы, бағдарлама аясында шектік (шексіз емес) қызметті мейлінше мүлтіксіз, анық, сапалы орындайды. Тіпті, бүгінде УЕФА кеңістігінде роботтардың жағдайы талқыланып жатыр. Неге дейсіз ғой,  өйткені роботтар талантты футболшылардан артық доп тебеді. Месси, Роналду, Неймарлар мүлт кеткен стандартты жағдайды әлгі роботтар мүлтіксіз орындайды, тепкенінің бәрі тоғыздыққа күмп ете түседі. Тамаша жетістік! Таңдай қақтырарлық нәтиже. 

Мың жерден техникаға таңданғанымызбен оларда рухани өріс жоқ. Ұлтқа, елге, құндылыққа деген зәредей мейірім, сезім бар деудің өзі – абсурд. Өйткені ол техникалық жетістіктен түзілген қаңғырлаған темір-адам ғой. Ал Алла жаратқан, ұлт пен ұлыстарға бөлген Адам ата қауымы ше? Ол мәңгі жасаушы, рухы фәни, барзақ, бақи әлемін көруші ғажайып жетістік емес пе? Тәңірінің ең ұлы жетістігі. Соның бірі – көктеген, көгерген қазақ елі. Алайда біз әлгі мысал еткен роботтардан артық сөйлей алмай жүрміз. Бәріміз емес, әрине, бірақ мақалаға арқау етерлік мөлшердегі адамдар жадына бағдарлама енгізіп қойғандай сөзді қалыпты жағдайда ғана қолданады. Мәселені толық сезіну үшін бұдан былай алдыңыздан шыққан екі адамның амандасуына мән беріңізші. Бірі «Қалайсың?» дейді. Екіншісі оған жауап ретінде «Қалайсың?» деп жауап қатады. Тіпті, «Сәлеметсіз бе?» деп үлкен адамға сәлем берген жасқа берілер жауап та «Сәлеметсіз бе?» деуден аспайды. Осы сәтте ырым-тыйымды ұмытып, таңдай қағасың. Жүйкең жүндей түтіледі.

Иә, біздің өмір сүріп жатқан қоғамда көп нәрсе қалыпты жағдай секілді көрінеді. Құндылықтың қамбасы тоналып жатса да қалыпты мінез көрсетеміз. Самарқаумыз. Әсіре түсінгіш, парасаттымыз. Ескі ғой, баба ұстанымы бүгінгі дәуірге жүрмейді деп ойлаймыз. Ал, сөз ше? Сөз мыңжылдықтан бері адам атты ұлы жаратылыстың айнымас құралына айналған, өзге әлемнен бөлекшелейтін, ерекшелейтін ең қасиетті дүние емес пе? Біз сол бабалардан жалғасқан сөзді қасаң қалыпқа құйып, өрістетпей отырған секілді көрінеміз. 

Негізінде бұрынғылар нағыз мұсылманша амандасқан. Мәселен, «Ассалаумағалейкум» деп оң қолын жүрек тұсына қойып ізеттілік білдіріп, сосын жасы үлкен адамға қос қолын ұсынатын. «Уағалейкумассалам» деп жауап қататын жасы үлкен кісі. Ал әйелдерге «Есенсіз бе?» дейтін, «Аман бол, шырақ!» делінетін сөз қарымтасында. Ал бүгінгі амандасу – «қалайсың-қалайсың», «сәлеметсіз бе-сәлеметсіз бе».

О баста «сөз өлді» деп күйіне жазғанымызбен одан зәредей айнымайтынымыз хақ. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын халық жазушысы Мұхтар Мағауин «Туылған мен өлінген» атты мақала жазды. Тұтас жұрт болмаса да рухани-мәдени әлемде жүрген көзі қарақты қазақ тегіс оқыды. Адамның өмірге келген күні туылған емес, туған күн екенін айшықтады. Туғанға қарай өлген күн болатынын бедерледі. Ал туылған болса, өлінген сөзі қолданылатынын, бұл тарихи түпсанадан айырылуымен тең зор қателік екенін көрсетіп берді. Десе де содан өзгере қойған рухани орта байқалмады. Тіпті еліміздегі қазақ басылымдарының кейбірінде шығатын мақала мәтіндерінде «туылған күні» деген сөз өзгеріссіз беріліп жүр. Неге? Өйткені әлдекімдер өзгергісі келмейді, «жазушы болса өзіне» дейтіндей сыңай танытады. 

Қасиетті Құранда Алла тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер! Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар», «Және егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар. Шындығында Алла әрбір нәрсені есептеуші» деген. Осы бір аяттарға қазақ қанша ғасыр бойы лайықты амал етіп келді десеңізші... Бүгін бәрі басқаша. 
Негізінен «Ассалаумағалейкум» сөзі араб тілінен алғанда «Алланың сізге сәлемі болсын» деген мағына білдіреді. Ал «уағалейкумассалам» сөзі – «сізге де Алланың сәлемі болсын» деген мағынада. Яғни, амандасу жағдай білу, тілек тілеу мағынасында жүрген. Ал бұл жерден «Және егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар. Шындығында Алла әрбір нәрсені есептеуші» деген аятқа амал еткенін көруге болады. Тіпті, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев «Райымбек! Райымбек!» поэмасында: 
« – Армысың, ата!
– Бар бол, балам, аман ба?
– Жолыңыз болсын?
– Жолдың несін сұрайсың, мына соқыр заманда.

Қайда барса, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға...», – деп әулие мен Райымбек батырдың тілдескенін ғажайып түрде жыр етеді. Мәтінге зер салсаңыз, қанды шапқыншылық кезеңінде де қазақ аузынан тілек түспегенін, амандыққа лайық жауап болғанын білуге болады. Ал бүгінгі таңда аға буынға «Армысыз?» десең, «Шүкір» дейді. Өз басының шүкірлігі ғой, інінің ізетіне деген қарымта жауап, қайырлы ізет, тілек қайда қалды? Ініге қарата «Қалайсың, бауырым?» десең, «Норм...» дегенді («Нормально» сөзін қысқартқан түрі) естисің. Бұл орайда қазақтың «сәлем сөздің – анасы» дегені еске түседі. Сәлемнің басы дәл осы сәтте осылай болса сөздің өлгені, сөйлемнің құрығаны емей не? Біз осылай күйіндік, осылай толғандық!..

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ