ҚАЙДАН КЕЛДІК? НЕ ІСТЕП ЖҮРМІЗ, ҚАЙДА БАРАМЫЗ?

Уақыты: 30.03.2024
Оқылды: 376
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

...Кино – өте күшті идеологиялық қару. Біз соны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Ұлттық идеология қай жерде болсын қажет. Жастар туған елінің ұлттық құндылығымен сусындап өспесе, кейін одан Отанын қорғайтын батыр, халықтың қамын ойлайтын жанашыр адам шығады деу қиын. Тереңнен тымырын жайған тарихымызға да нағыз қазақтың көзімен қарауға тиіспіз.


Қазақ халқына тән ұлттық мінезімізді, салтымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді экран арқылы насихаттайық. Сол кезде көрермен «өзгенің қаңсығына таңсық» болмайды. Мен халықтың ұлттық идеясын жүзеге асыруға, тарихын жадында қайта жаңғыртуға киноның әсерінің күшті екенін білдім. Сол үшін де «Мұстафа Шоқайды», «Аманатты» түсірдім. Мен қаншама адаммен араласып, әңгімелесіп жүрмін. Сонда байқағаным, халық өз тарихы мен төл мәдениетінен алшақтай бастаған. Бұл қатерлі шақ. Мен болашақтың алтын кілтін қолға ұстайтын ұрпақтарымыздың жүрегі «Қазақ!» деп соққанын армандаймын. Тегінен, тамырынан ажырамаса екен деп тілеймін.

Кезінде ұлттық университетте оқып жүрген кезде Фаина Стеклова деген профессор болған. Өте білімді адам еді. 1963-1964 жылдары сол кісі Прагадағы ұлттық кітапханадан этнограф Адольф Янушкевичтің кітабын тауып алып, дереу орысшаға аударыпты. Бұл бізге жарылған бомбадай әсер етті. Кино саласына араласқалы бері көкейімде жүрген тақырыптардың бірі осы – Адольф Янушкевичтің күнделіктері мен хаттары болатын. Алғашқы нұсқасын Нұрлан Санжаров деген жігіт екеуміз жазып шықтық. Кино түсірудегі алға қойған мақсаттарым да осы идеямен байланысты. Неге десеңіз, Адольф Янушкевич біздің Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы секілді игі жақсыларымызды жақсы таныған, тығыз араласқан. Қазақ халқының тұрмысына сіңісіп, тілін де біраз үйреніп кеткен. 25 жылдай уақыт біздің елімізде жүріп, көрген-білгенін хатқа түсірген екен. Сол бір асыл деректерді Польшадағы анасына, туған-туыстарына, достарына жазған хаттарынан, күнделігінен оқып отырып, Ұлы Даланың қайталанбас төл мәдениеті, өркениеті бар деп қарағанын көруге болады.

Біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға Янушкевич қызығушылық танытыпты. Бізге кезінде театрларың жоқ дейтін еді. Біздің ұлттық ойындарымыз бен өнеріміздің қайсысын алсаңыз да тұнып тұрған театр емес пе? Айтыс – таңғажайып театр, аудиториясы қандай керім, зор! Аспан астындағы амфитеатрдан оның несі кем? Естіген рулы елдің делебесі қозып, қос ақынның суырып салған өлеңінен зор әсер алып шалқып отырады. Керек болса, айтыс әр уақыттың әрі театры, әрі саяси аренасы, әрі кафедрасы. Қыз қуу, қыз ұзату, көкпар, бәйге, т.с.с. қазаққа тән құбылыстың бәрі – тірі театр. Өмірдің қызығы мен қуаты сол ұлттық дәстүрімізде тұр. Осының бәрін Адольф Янушкевич біздің дәстүрімізге құрметпен қарап, шынайы суреттеп жазған. Сенің өскен еліңе, салт-дәстүріңе, мәдениетіңе шынайы махаббатпен қараған адамға қалай риза болмайсың?! 

Біз көбінесе өлең жазсақ, кино түсірсек «Мен қазақпын!» деп кеуде соғып жатамыз. Ал біз туралы жат жұрттың пікірі, ойы қандай? Мен халыққа кино арқылы соны жеткізгім келеді.

...Бізде көру мәдениеті жоқ. Жастайымыздан үндінің киноларын көріп келеміз. Автордың кезегімен басынан кешкендерін жылап-сықтап баяндап беретін киноларына үйреніп қалғанбыз. Біздің көрермен үшке бөлініп кетті. Біреуі үндінің, түріктің, корейдің киносына қарап кетті. Тағы бірі Голливудтың атыс-шабыс боевиктеріне құмар. Үшіншісі – жүрекжарды, шынайы, ұлттық бояуы қанық киноларды іздейтін көрермен. Дей тұрғанмен, біздің көңілімізге демеу болатыны – көрермен кинозалға қайта оралуда. Аз-аздап болса да көрермен деңгейі өсіп келе жатқаны қуантады. Соған қарап, халықтың талғамына лайықтап кино түсірсем, «Қайдан келдік? Не істеп жүрміз һәм қайда барамыз?» деген үш сұраққа кино арқылы адамдар өз-өзіне сұрақ қойып, соның жауабын өздері тапса деген ниетім, мақсатым бар...

(Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығынан)