АРАБ БОЛЫП БАРАМЫЗ БА НЕМЕСЕ ЕСІМ ҚОЮДА ДА ЕСТЕЛІК КЕРЕК

Уақыты: 30.03.2024
Оқылды: 333
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адольф Гитлердің мың сөзі теріс болса да бір сөзі ойға қонады. Оны соңынан түйсінерсіз!
Сенесіз бе? Ұлт та өледі екен. Кәдімгідей, ешкім жаназасын шығармай-ақ өле салады. Үйіліп топырақ жатпаса да, өткені бар да келешегі жоқ мүрдеге айналмаса да ажал құшады. Сенбейсіз бе?


1995 жылы 4 қарашада Богон есімді касаба өкілі дүниеден өтті. Сол күні жалғыз касаба бар еді, 5 қарашада ұшты-күйлі жойылды. Одан әрі 1992 жылы 8 қарашада Батыс Кавказда Тефлек Есенщ бақилық болып, өзімен ұбық халқын әкетті. Міне, осылай қаны бір, ДНК бірлер емес, түрі де, түбі де бір ұлттар өле бермек. Мұнымен не айтпақпыз, касабаның да, ұбықтың да қанын алпыс екі тамырында тулатқандар қазір арамызда жүр. Бірақ, баба жұрттың салт-санасын ұстанбаудан, тілін жатсынып, өзгенің тілін құп көруден ұлтын өлтірді. Қазір касаба мен ұбықтардың есімін арқалағандар да жоқ.

Адам қиялы шексіз ғой. Оған да ерік берейік. 2030 жыл. Гүлденген, көркейген Қазақстан. Сол елдің бір өлкесінде «Жігіт сұлтаны» байқауының облыстық кезеңі өтуде. Жүргізушінің хабарлауымен сахна төріне бір жігіт шықты. Өзін қара өлеңмен таныстыруда:
«Камран менің есімім сұрасаңыз,
Қыр асамын шапқылап өнеріммен.
Ер қазақтың ұлымын өр мінезді,
Үміті басым туған күдерінен.
Робертұлы боламын арманы асқақ,
Шындық үшін шырылдап үн қататын.
Мэлс атты атамның ұрпағымын,
Жақсылыққа шынайы құмартатын». 
Не аңғардыңыз? Не ұқтыңыз? Камран Робертұлы Мэлсовтың қазақылыққа жақындығын түйсіне алмай санаңыз сан соғып тұр ма? Камран не Қамран араби есім, мағынасы – құдіретті, қуатты. Әкесі баласының мұсылманша есіммен жүргенін қалапты. Ал Роберт – неміс есімі, «даңқтың жарқырауы» деген мағына береді. Оның әкесі Роберт Гуктай ғалым болсын деген ниетпен осындай есім берген. Мэлс – Маркс, Энгельс, Ленин және Сталиннің құрметіне осындай есімді арқалаған. Құп! Қазақ есімді ырымдап қояды. Бірақ, осы үшеудің, ата-әке-баланың есімінен қазақылықтың иісі шықпайды. Себебі, ырымнан гөрі еліктеу басым. 

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі бас кейіпкер «Осы менің атымды неге Қожа деп қойды екен?» деп, өз есіміне көңілі толмай, іштей налитыны естеріңізде болар. Жалпы, балаға есім қою – игі дәстүр. Сондай-ақ бұл рәсім әр балаға өмірінде бір-ақ рет жасалады. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бұл дәстүрге атүсті қарамай, аса құрметпен және сақтықпен көңіл бөлген. Себебі, ғалымдардың пікірі мен халық түсінігінде адамның есімі оның болашақ тағдырына тікелей әсер етеді деген сенім бар. Бір қызық жайт, қазекем қыз емес, ұл күткен шаңырақ қатарынан дүниеге келген бұрымдыларына Ұлбике, Ұлтуған, Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлтай, Ұлжалғас, т.б. есімдер қойған. Сенімді қарасаңызшы, артынан міндетті ұл бала дүниеге келеді. Ұзақ перзент сүймей, ұзақ күттірген сәби келгенде Құдайберген, Аңсар, Тілепберген, Аллаберген, Тәңірберген, Тілепалды сынды есім берген. Мұндай есім арқалағандардың үбірлі-шүбірлі болғанын көз көріп жүр. Кейін Кеңес өкіметі орнап, қазақ есімдерін Артельбек, Съезбек, Мэлс, Коммуна, Советбектер ауыстырды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін сериал синдромы басып, солардың құрметіне Элеонора, Элиза, Мария, Маргарита, Тимур, Эрнс, Артур, т.б. есімдер берілді. Кейбірінің мағынасын қазақ жете түсінбеді де. Қазіргі заманда арабилану басым. Көп жұрт балаларын Ибрагим, Раяна, Расул, Мұхаммед, Амина, Инсан, Мухсин, Рамис, Аниса, Диляра, Ирида, Муслима, т.б. атап жүр. 

Ресейдің құрамында жүрген түркітектес халықтар бар. Олардың дені өздерінің салт-санасынан ажырауға сәл қалып тұр. Яғни, орыстанып барады. Мәселен, якуттарға тән Харысхал есімі қазір Антонға, Хомустаан – Алексейге, Урна – Афанасийге, Кылан – Валерийге, Сергэ – Николайға айналды. Кей әлеуметтанушылар енді жүз жылдан соң бұл халықтар мәдениеті мен дәстүрін толық жоғалтатынын алға тартуда. Өйткені бағынышты халық әрдайым билеушінің ығына жығылады. Ал, бізде ше? Бағынбай-ақ, ығына жығылмай-ақ арабтанып барамыз. Өйткені, қазіргі қазақ Керей, Жәнібек, Абылай, Құдайберген, Жұмабек, Бейсенкүл, Таңсәрі, Айман, Шолпан есімдерінен жерініп, таза араби атауларға құмартып алды. Мынаны түсінген абзал, араби есім қою мұсылмандану емес, арабтану, араб болу. Шыны керек, Құдайберген, Аллаберген, Иманбек, т.б. есімдер қазақтың әу бастан хақ исламды төбесіне көтеретінін аңғартса керек. 

Жалпы, ғылымда «фанатизм» деген ұғым бар. Шектен тыс еліктеу, «көрсоқырлықпен бейімделу» деген мағына береді. Қазір көп жұртта осы фанатизм басым. Сол фанатизм негізінде ұлттың өзіне тән есімдері жойылып кетпеуі тиіс. Қалай дегенмен, қазақ балаға есім беруі тұтас дәстүрдің, үлкен салт-жоралғының негізінде жасалады. Еліктеу не тәу ету деп түйсінбеңіз, сөз басын қанқұйлы Гитлердің сөзімен бастадық қой. Адольф айтады: «Фанатизмі басым қоғамды басқару оңай», – деп. Солай болып жүрмесін. Өйткені фанатизмнің басы еліктеуден басталады.

Дастан САДЫҚ