Жетісулықтар жеңімпаз атанды

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 401
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда жасөспірімдер арасында танымал спорт шебері,  футболдан Жетісу облысының үздік ойыншысы  Әлібек Батырбековты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға еліміздің әр аймағынан іріктелген 8 команда қатысып бақ сынады.


Әлібек Асылбекұлы 1997 Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Бразилияда тәмамдаған ол Алматы қаласындағы спорт және туризим академиясында білім алған. Қысқа ғана 26 жылдық ғұмырында қарапайым жаттықтырушы қызметінен білікті басшылық таққа дейін көтерілген. Жетісу облысының үздік ойыншысы, «Оле Бразил», «Бәйтерек», «Жетісу» футбол клубтарының түлегі. Жетісу футбол федерациясының атқарушы директоры, жас та болса аймақ спортының дамуыына сүбелі үлес қосқан азамат.

Тартымды да тартысты өтіп 5 күнге созылған аталмыш турнирдің қорытындысына Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қатысып, топ жарған ала доп шеберлерін марапаттады. 

Жиналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы: – «Белгілі футболшы Әлібек  Батырбековты еске алуға арналған мұндай  іс- шараны өткізу Жетісу облысында дәстүрге айналған. Ол алғаш рет аймақтағы спортшылардың басын қосып Жетісу футбол федерациясын құрды. Майталман бапкер көзінің тірісінде 40-тен астам шәкірт тәрбилеген. Олардың қатарында бүгінде ел біріншілігінде топ жарып жүрген үздіктер бар. Сондықтан өңір спортының дамуына елеулі еңбек сіңірген споршының есімі ел жанынан ешқашанда өшпейді. Марқұмды халқы әрдайым сағына еске алады», –деді.

Сонымен бұл жолғы футбол сайысында жалпы командалық есеп бойынша өз қайсарлықтарын шетінен шаң қаптырып, шеберліктерімен көзге түскен «Жетісу» футбол орталығының командасы топ жарып, алтын тұғырға көтерілсе, ІІ орынға Талдықорған қаласының орталық футбол мектебінің балалар мен жасөспірімдер командасы ие болды. Ал, III орынға Ақтөбе облысының командасы табан тіреп, жарыс барысында үздік ойын көрсеткен спортшылар арнайы номинациялар бойынша жүлдегер атанды.

                                                                          Айдын КӘЛІМХАН