ЕЛ БІРЛІГІ - ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 03.04.2024
Оқылды: 298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Атырауда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбымен өткізген үшінші Ұлттық құрылтай отырысында елдік, ұлттық құндылықтар, ұрпақ келешегі турасында келелі ойлар айтылды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысынан түйген ой-тұжырым көп. Ең бастысы – көптің көкейіндегі көп түйткілге жауап алдық.


Шараның бірінші күні Ұлттық құрылтайдың барлық мүшелері өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсына алатын секциялық алаңдар ұйымдастырды. Мұнда тәрбиеден бастап ғылымға дейін барлық тақырып қозғалды. Заманауи қоғам үшін маңызды және қажетті көптеген жоба жарияланды. Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді айтып, оларды жою жөнінде тиісті ведомстволарға бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты бағытты айқындап, туындаған мәселелерді шешудің тәсілдерін белгіледі. Менің ойымша, еліміздегі әрбір  азамат Мемлекет басшысының сөзін тыңдады немесе оқыды және әркім өзі үшін іс-қимыл жоспарын жасады. Өйткені бүгінгі таңда қазақстандықтардың кейінгі ұрпағының  елде қалай өмір сүретіні сіз бен бізге байланысты

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратыны белгілі. Шындығында адал азамат дегеніміз кім? Мемлекет басшысы адал азамат қандай болуға тиіс деген сұраққа Ұлттық құрылтайда өз көзқарасын білдірді. 

«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бірауыз сөзбен сипаттауға болады», – деді ел Президенті. 

«Адалдық – ардың ісі», «Адал кісі арымас» деген халық даналығы  текке айтылмаған. Өткенімізге үңілсек, ата-бабаларымыз да адалдықты ту етіп, адал азамат тәрбиелеу үшін барын салған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың  «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»  деген сөзінің астарында қаншама құндылық жатыр десеңізші?! «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» дейді Мұхтар Әуезов. Яғни, біз адал адам, адал еңбек, адал табыс табуды әу бастан қолға алған халықпыз.  Адал азамат тәрбиелі адамнан шығады. Сондықтан да біз ең бірінші тәрбиені күшейтуіміз керек. 

Құрылтайда белгілі бір құрылымдарға тапсырмалар берілді. Барша азамат әділ Қазақстанды қалыптастыратын оның азаматтық қызметі екенін жете түсінуі керек. Әрбір қазақстандық өз жауапкершілігінің саласын айқындап, мүмкіндіктерімізге, білімімізге және тәжірибемізге сәйкес айтылған мәселелерді шешуге жұмылуы тиіс. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде халықтың  бірлігі маңызды екенін бірнеше рет айтқанына назар аударғым келеді. 

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды», – деді Президент. 

Халық бірлігін нығайту – еліміздің дамуының іргелі міндеті. Түрлі салаға оң өзгерістер енгізу және жалпы ілгерілеу бүкіл халықтың бірлескен күш-жігері мен ортақ ұмтылысының арқасында мүмкін болады. Мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту, тұрақтылық пен өркендеу – мұның бәрі халықтың бірлігін нығайту және барлық этностың мәдениетіне құрметпен қарау арқылы ғана шындыққа айналуы мүмкін.

Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Президент айтқандай, «Қандай да болсын, біз өз тарихымызға бейтарап қарамай, оны тек адал күйінде қабылдауымыз керек. Тарихымыз ұлтты ұйыстыру факторына айналуы тиіс». 

Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін жастарды кітап оқуға баулу керектігін айтты. 

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Кітап – аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген тәмсілі білімсіз адамның күні қараң екенін ұғындырады. Иә, кітап – білімнің қайнар көзі. Алайда бүгінгі қоғамда таңды таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып әдеби шығарма оқитын жастардың легі сиреп барады. Бабаларымызды үлгі тұтып, салған сара жолдарын жалғап, білімді инемен құдық қазғандай қылып алуға ұмтылып, кітап құшақтап жүргендер аз. Сондықтан біз кітаптың тарихымызды танытатын, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние екенін ұғынып, жастарды кітап оқуға тәрбиелеп, рухани байлығымызға мән беруіміз керек. Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр жас кітаппен дос болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін. 

Руфина УСАНОВА,
Ұлттық құрылтай мүшесі