БАЛАЛАР ЖЫЛАМАСЫН

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 253
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғамның дұрыс дамуы әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Айналасына немқұрайды қараған жан мемлекеттің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді. Оның басты себебі – қазіргі адамдарға жанашырлықтың, мейірімділіктің жетіспеуі.


Өзгеге құрметпен қарап, қоршаған ортасына қамқорлық танытпаған жан бойындағы адамдық асыл қасиеттерден айырыла бастағанын байқамайды. Соның кесірінен өз кіндігінен жаралған баласынан жеріп жатқан ана, туған ұлы мен қызын тастап кететін әке пайда болды. Бұл адам ойының, пейілінің бұзылғанынан болса керек. Оның дәлелімен сот орындаушысы ретінде жиі жолығамыз. Әсіресе, шиеттей балаларын әйеліне тастап, басқа жаулықтының жетегіне ілесіп кеткендерді көргенде осындай ойға тірелесің.

Жетісу облысындағы жеке сот орындаушысы ретінде соттың шешімімен алимент өндіріп алуды көздеген жалғызбасты аналар алдымызға көптеп келеді. Солардың бәрінің айтары – күйеуі бірнеше баласымен тастап кеткен. Тіпті, тек ұл таппағаны үшін айыптап, бірнеше қызбен қараусыз қалдырған жағдай да кездеседі. Соның бәрі еркектің өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінбеуінен болса керек. Әйтпесе, кім өзінің қанынан жериді дейсіз?! 

Расында баласына мейірім танытпаған жан қартайған шағында қараусыз қалады екен. Оны қарттар үйінде жатқан жалғызілікті жандар жасырмай айтады. Бала кезінде ұл мен қызына жеткілікті көңіл бөлмегендіктен кәрілік жеткенде жалғыз қалғандар аз емес. Бұл өзі жасаған жақсылық пен жамандықтың адамды түбі іздеп табатынын анық білдіреді.

Сол себепті, аймағымыздың ер-азаматтарына ақ некелі жарларыңыздан көрген балаларыңызды жылатпаңыздар дегім келеді. Сәбидің көзінен түскен бір тамшы жасты сүрткен адам жақсылыққа қол жеткізетіні секілді, еңіретіп жылатып кеткендер түбінде тағдырдан жазасын тартатынын ұмытпайық! 

Диас АХАНБАЕВ,
Жетісу облыстық атқарушы округінің жеке сот орындаушысы