Мадақ сатып аламын

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 264
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Фәниде менен мақтаулы, менен атақты жан жоқ шығар, сірә?! Кәстөм біткеннің омырауын медаль мен орденге, үстел біткеннің үстін алғыс пен мадақтамаға толтырған жалғыз мен. Мереке сайын, атаулы күндерде құралақан қалмайтыныма қатыным да үйренген. Жеті атасынан, жетпіс жеті шешесінен мұндай атақты адам шықпаған әулеттің бар өкілі үйге ағылады келіп. Сандық ішін де шапан мен бөрікке толтырып тастағалы қашан?! Сенбейсіз бе? Онда Бадырақ Қалтабаев атындағы көше бойында орналасқан үйіме, сол үйдің жанынан орын тепкен біздің мекемеге келіңіз. Көз жеткізесіз.


Әкем шопан болған. Шешем – сауыншы. Кеңес заманында үлгілі шаруа атанғанмен екеуінің не таққан медалі, не ордені жоқ. Тоғыз баланы дүниеге әкелгеннен басқа құрмет арқаламапты. Қалтабай әкемнің жарық әлемде көрген рахаты – мүйізден істелген шақшасын сілкіп-сілкіп тастап, бір уыс насыбайды ерінге лақтыру ғана еді. Ал, шешем ше? Тапырақ, Жапырақ, Бадырақ сынды балаларды дүниеге әкелуден басқа рахат сезінбепті. Сол үйдің кенжесі, ұғып тұрғандарыңыздай Бадырақты оқытып, тоқыту үшін шашылып, қорадағысын түгесілдіргені болмаса, жас күнімде сол екеуге басқа қуаныш сыйламаппын, жарықтық. Дүниеден өткенде де, «Ана, сен бақыттысың» деп әндете де алмағаным болмаса, қазір көздері тірі болса әкенің де, шешенің де мерейін үстем етер едім.

Сонымен, Бадырақ Қалтабаев деген мен. Нақтырақ таныстырсам, Пәленше одақтың мүшесі, Түгенше одақтың көсемшесі, мына одақтың басшысының кеңесшісі, ана одақтың жетекшісінің көмекшісі, ауданның, облыстың Құдіретті азаматы, «Құлшылық» орденінің, «Құлдық ұру» медалінің, «Жасампаз жағымпаз» төсбелгісінің, «Сүйе алсаң менше сүй» грамотасының, «Жалғыз жалақ» алғыс хатының иегері, 101 кітаптың, 1001 ғылыми мақаланың авторы, «Құзыреттіге ерекше құрмет» университетінің данышпан профессоры, «Басшыға аса ілтипат» институтының дарабоз ғалымы, көзі тірісінде көше алған екеудің бірі мына мен – Бадырақ Қалтабаев боламын. 

Жылдың басында аймақ қосшысы халыққа Қолдауын жолдаған еді. Әдеттегідей жұрттан бұрын, елден ерек сол Қолдаудың маңызын, оның жарқын болашаққа, кемеңгер келешекке бастайтынын сөз етіп, газетте мақала бергем ғой. Дала данышпанының барынша тұлғалық образын ашып, оның сарабдал саясатының айшығын айқындаған ойымды білдіргем. Содан газет редакторына байланысқа шығып, оған Қолдаудағы стратегиялық маңызды бастамаларға тоқталып, мақаланың алдағы нөмерден қалмай шығуын талап етпеймін бе? Талап қоярдай атағым да, мадағым да келіп тұр. Телефонның арғы жағынан мақұлдағанын аңғардым. Бірер сағаттан соң әлгі редактор қайта хабарласты. «Құрметтім» деп сөз бастаған газет басшысы мақаламнан астындағы авторы мен оның атақтарының тізбесі көбін айтып базыналады. Қысқартуымды өтінді. Ішімнен бір күрсіндім де «айналайын, еріккеннен еріккен атақ алып жүргеніміз жоқ. Автордың кім екенін білсін жұрт» дедім де тұтқаны қоя салдым. Келер күні газет қолыма тиді. Айтқандай-ақ, атағым дардай екен. Мақала газет бетінің үштен бірін алыпты да атақ пен мадағым қалған бөлігіне қонжиыпты. Соның нәтижесі болар, араға уақыт салмай аймақ қосшысының «Қолдауға құлшылық» алғысына да қол жеткіздім. 

«Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» демей ме? Ендеше жөнімді айтайын. Осынша атақты, мұнша құрметті болуыма қатыныма алғыс білдіремін. Қатыным болғанда, оның әкесіне. Әу баста шопан баласы атақты болуды осы кісіден үйреніпті. Үйренгенде, әуелі қырық жыл ауыл совет болған атам Сыйлыбайдың отырған қызына үйлендім ғой. Қатыным сол кезде қырықтың бесеуінде еді. Әкесіз-шешесіз қалған жетім жігіт отызында орын табу үшін қамсыз қалмауы керекті деп, үлкен әпкем Жапырақ пен ағам Тапырақты ортаға салып құда түстік қой. Қайда барса да омырауын темір-терсекпен әрлеген Сырлыбай оңай келіспеді. Отырса да шопанның баласына кім қызын бере салсын?! Әкемнің арғы атасынан қалған күміспен күптелген, бірақ алтынмен әрленбеген ер-тоқымын сый еткесін амалсыз мақұлдастық. Содан бері басшыны сүюді, сүйгенде күюді, әкімге ілтипат, депутатқа құрмет көрсетуді үйретті. Сүйе білгеннен жаман болып отырғаным жоқ.

Сонау Бадырақ Қалтабаев көшесіндегі пенсияға шықсам да 15 жылдан бері мен басқарып отырған мекеменің қызметкерлері құдіретіме әу бастан тәу етеді. Отқа салсам да, суға салсам да мадағымды мұқатпайтын ұжым үнемі қолпаштап жүреді. Әсіресе, орынбасарым Жалтақтың жанға бергісіз қолдауы қанатымды қомдауыма сеп. Жуырда «Сіз ұжымның Гулливерісіз» деп төбемді көкке бір елі жеткізбей қойғаны бар. Хатшы қыз Әспеттің «Олимп құдайларынан от ұрлап әперген Прометейдей болмысыңыз бар» дегені тіптен желпіндіріп тастаған. Тек сенімсіздеу Секебай «Жаңа дәуір» ордені шықты, соны алмайсыз ба дегені шекемді көптен тырыстырып жүр. Бәтшағар, іс жүргізуші болып жұмысқа тұрып, әлі күнге сол қызметте жүрген оның көреалмаушылық қасиеті басым. Өспейтін, өсуге ұмтылмайтын Секебайдың айтқаны да жөн шығар?! «Жаңа дәуір» орденін алмайтын менің қай жерім кем, қай тұсым артық? Содан бері ұйқым тыныш емес. Осы орденді омырауда жарқыратқанша тынбаспын. Ағайын, жайыммен таныссыз, атақтымын. Бірақ, менің тұлғама жетпей тұрған қандай мадақ бар, айтыңызшы, сатып аламын.

Мағмар Мақсым